Қазақстанда балалардың 21%-і балабақшамен қамтылмаған – 5 жылдық статистика не дейді?

2020 жылғы қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамту керек екені туралы тапсырма берген болатын. Айта кетейік, 5 жыл бұрын дәл осындай міндетті ҚР Білім және ғылым министрлігі де қойған еді.

Білім министрлігінің 2016 жылғы ресми хабарламасы бойынша, министрліктің мақсаты – 2020 жылға қарай елдегі балалардың 100%-ын мектепке дейінгі біліммен қамту. Бұл әлеумет тұрғысынан өте маңызды мәселе болғандықтан, 5 жыл ішіндегі деректерді саралап шығуды жөн санадық.

Қысқаша қорытынды: 2016 жылдан бастап балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету деңгейі 20%-ға өсіп, 78,3%-ды құраса да, әлі күнге дейін 240 мыңнан астам бала балабақшамен қамтылмаған.

Толығырақ тоқталайық

Статистикаға сүйенсек, 2020 жылы балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту көрсеткішіне 12 облыс пен Шымкент қаласы қол жеткізген. Ал Алматы қаласындағы мектеп жасына дейінгі балалардың 13%-ы, Алматы облысындағы 1,6%-ы, Қостанай облысындағы 0,2%-ы және елордадағы 4%-ы қамтылмаған.

Қазақстанда балалардың 21%-і балабақшамен қамтылмаған – 5 жылдық статистика не дейді?

Factcheck.kz авторларының ойынша, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту көрсеткіштерінің өсуіне 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Білім туралы» заңға енгізілген түзетулер әсер етуі әбден мүмкін. Себебі соңғы екі жылдағы статистикаға 6 жастан асқан балалар қосылмады. Ал түзетулер қабылданғанға дейін есепке 7 жастан асқан балалар да алынған еді.

Осылайша 2019 жылдан бастап 6 жасқа толған балалар 1-ші сыныпқа бара бастады. Нәтижесінде, түзетулер қабылданғаннан кейін 1-ші сыныпқа баратын оқушыларының саны 20 мыңға артты. Ал негізі олардың бір бөлігі балабақшаға барып жүрген.

Статистика мамандары 6 жасқа дейінгі балалар саны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтады. Мәселен 5 жыл ішінде олардың саны 5%-ға артып, 2 337 798 баланы құрады, 2016 жылы олардың саны 2 228 045 еді. Қазақстанда бала туу көрсеткіштерінің өсуіне қарамастан, 100 мың адамға шаққанда балабақшаға баратын балалардың саны 2017 жылы ғана 36%-дан 38%-ға дейін өзгерді. Ал 2017 жылдан бастап статистика өзгеріссіз қалды десе де болады.

Ниет еткен барлық адамды мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен қамту үшін 2016 жылы Білім және ғылым министрлігі 230 мың орынға арналған мектеп дейінгі 2 251 ұйым салуды жоспарлаған. Ресми деректер бойынша, 2016 жылдан бастап Қазақстанда балабақшалар саны (жеке балабақшалар мен шағын орталықтарды қоса алғанда) 12%-ға өсті (1 309 бірлік). Бұл Білім министрлігі 5 жыл бұрын жоспарлаған көрсеткіштен екі есе аз.

Бұл ретте мектепке дейінгі ұйымдардың жалпы санының 30%-ы мемлекеттікі емес, яғни жеке меншікте. Жеке меншік балабақшалар жыл сайын орта есеппен 20%-ға артып келеді. 2020 жылы Қазақстан президенті өз жолдауында бұл іске жеке бизнесті де тарту қажет деп атап өтті. Себебі мемлекет салып жатқан балабақшалар арқылы жетіспей жатқан орын мәселесін шеше алмайды.

Қазақстанда балалардың 21%-і балабақшамен қамтылмаған – 5 жылдық статистика не дейді?

Ескертпе: Материалда Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі деректері пайдаланылды. Мақалада айтылып отырған балабақша дегеніміз – мемлекет құзырындағы және жеке меншіктегі мектепке дейінгі ұйымдардың барлық түрі. Олардың арасында бөбекжайлар мен шағын орталықтар да бар. Айта кетейік, материалда мемлекет есебіне кірмейтін «үйдегі» балабақшалар мен орталықтар туралы мәлімет жоқ.

Журналист, PR-специалист, начинающий фактчекер

Factcheck.kz