Қазақстан табиғи уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында ма?

30 қарашадағы үкіметтің кезекті отырысында энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстандағы мұнай өнімдері мен уран өндіруге қатысты бірқатар мәлімдеме жасады. Ол уран өндірісі бойынша біз әлемде бірінші орында тұрмыз деп мәлімдеді. Тексереміз.

Мәлімдеме: Қазақстан 2009 жылдан бері табиғи уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында тұр.

Мағзұм Мырзағалиев

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік атом ассоциациясының (World Nuclear Association, WNA) дерегі бойынша, 2009 жылы Қазақстан уран өндірісі бойынша көшбасшы атанды (әлемдегі өндірістің 25%-ы, 14 мың тоннадан астам). Оған дейін көш басында Канада тұрған болатын. 2010 жылы ҚР үлесі 33% (17803 тоннаға), ал 2019 жылы — 43%, 2020 жылы — 41%-ға жетті.

Көрнекі түрде:

Қазақстан табиғи уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында ма?
Деректер тоннада көрсетілген. Дереккөз

Еске сала кетсек, уранның зерттелген  қоры бойынша ең бай ел – Аустралия (1,7 млн тонна), Қазақстан – екінші орында (906,8 мың тонна).

Мәлімдеме: Мұнай өңдеу зауыттарының модернизациясы аяқталған соң мұнай өнімдерін өңдеу көлемі артқаны байқалып отыр. Биылғы жылдың 10 айында мұнай өнімдерін өндіру көлемі 11,3 млн тонна немесе 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 109% болған.

Мағзұм Мырзағалиев

Үкім: Шындыққа жақын немесе Техникалық қателік

Шынында, жүйе құрайтын отандық үш МӨЗ-дің модернизациясы аяқталғаннан кейін мұнай өнімдерін өндіру көлемінің біршама өскені байқалады. Дегенмен, өндіріс біз күткендей қатты артқан жоқ, биыл байқалған тапшылық пен бағаның өсуіне кедергі бола алмады.  Бұл туралы толығырақ жазған болатынбыз.

Биылғы жылдың 10 айын 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мұнай өнімдері өндірісі көлемінің артқаны туралы ақпаратқа келер болсақ, спикер мен отандық статистикада біршама айырмашылық байқалады. Сонымен қатар, ҚР СЭРА Ұлттық статистика бюросының түрлі құжаттарында да осы көрсеткішке қатысты деректер өзгеше.

ҚР Өнеркәсіптік өндіріс индекстері құжатының қызмет түрлері бойынша бөлімінде 2021 жыл-2 есеп беру кезеңінде, 2021 жылдың 10 айында мұнай өңдеу өнімдері өндірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 107,1% болған, ал 2021 жылдың 9 айында дәл 109,1% болып тұр (2020 жылдың алғашқы 9 айының көрсеткіштерімен салыстырғанда).

Алайда, Қазақстан Республикасының өнеркәсібі жұмысының негізгі көрсеткіштері құжатында 2021 жылғы қаңтар-қазанға қатысты Бюро мынадай ақпарат береді: осы жылдың 10 айында ҚР-да 11426,9 мың тонна мұнай өңдеу өнімі өндірілді (бұл спикердің мәлімдемесіне сәйкес келеді), ал осы саладағы өнеркәсіптік өндіріс индексі 2020 жылдың көрсеткіштеріне қарағанда 111,5% болды, ол кезде қаңтар-қазан аралығында мұнай өнімдерін өндіру 10248,8 мың тоннаға тең болған (басқа құжатта 10271,1 мың тонна деп көрсетілген).

Осылайша, спикер жалпы оқиғаны дұрыс жеткізді, бірақ мәлімдемесінде нақты емес тұстар кездесті. Ал Ұлттық статистика бюросының құжаттарындағы деректер әртүрлі екеніне келер болсақ, сұрақ жауапсыз қалды. Мүмкін апдейт пен нақтылаулар бүкіл ақпарат жиынын қамтымайтын болар.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz