Қазақстан аборт жасаудан әлемде 3-орында ма?

Жақында Instagram-дағы dailyworldmaps парақшасы түсік жасату деңгейі жоғары елдердеге қатысты қызықты кесте жариялады. Ол кестеде келтірілген мәліметтерге сәйкес, Қазақстан 1000 әйелге шаққанда аборт жиілігі бойынша әлемде 3-орында тұр.

Қазақстан аборт жасаудан әлемде 3-орында ма?
Instagram-дағы посттың скриншоты

Пост жарияланғаннан кейін жергілікті БАҚ-та «Қазақстан аборт саны бойынша 58 елдің ішінде 3-орынға ие болды» және «Әлемдік рейтингте Қазақстан түсік жасату саны бойынша 3-орында тұр» деген тақырыппен ақпарат тарай бастады. Ондай мысалдарды мына, мына, мына және мына жерден көруге болады.

Factcheck.kz бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтап, мәселені талдап көруге тырысты.

Үкім: Манипуляция

Бір қарағанда, кестеде қате жоқ сияқты, алайда назарды оның төменгі сол жақ бұрышында көрсетілген дереккөзге аудару керек. Ол жерден мәліметтердің жалған емес екенін, алайда олардың 15 жылға ескіріп кеткенін көреміз. Мәселен қазіргі мәліметтер бойынша, Қазақстанда түсік жасатудың жиілігі кестеде көрсетілген сандардан әлдеқайда төмен. Ал пост авторы да, ол сүйенген дереккөз де ақпаратты жаңалық (2021 жылғы) ретінде ұсынады. Сондықтан да біз бұл мәлімдемеге «манипуляция» деген үкім шығарамыз.

БАҚ ақпаратты одан сайын бұрмалап, «Қазақстан аборт саны бойынша 3-орында» деп жазған. Естеріңізге сала кетейік, «аборт саны» мен «аборт жиілігі» деген бір нәрсе емес.

Толығырақ айтсақ

Постты жариялаған dailyworldmaps парақшасы дереккөз ретінде World Population Review сайтын көрсетеді. Жаңалықты таратып әкеткен жергілікті БАҚ-та сілтемені осы сайтқа жасайды. Сайттың өзіне кірсек, әлемдегі барлық елдер бойынша халық санына қатысты қызықты мәліметтерге тап боламыз. Сайт статистиканы әртүрлі дерекқорлардан жинайды екен және бақытымызға орай барлық дереккөздерін көрсетіп қойған.

Instagram-дағы кестеде пайдаланылған көрсеткіштерді тауып, сайттан дереккөзін анықтаймыз. Сілтеме арқылы өтсек, UN Data (ағылш. – БҰҰ деректері) парақшасына тап боламыз. Айта кетейік, бұл өте сенімді ресурс. Алайда мәтіннің төменгі жағында қызыл шрифтпен бұл деректер қоры көптен бері жаңартылмағаны айтылған, мәліметтер соңғы рет 2008 жылы өзгертілген.

Расында да, егер сайттағы кестеге назар аударсақ, онда әртүрлі елдер бойынша барлық мәліметтер көптен бері өзгертілмегін байқаймыз, көп жерде 2005 жылғы және одан да ескі деректер ұсынылған. Мысалы кестеде Қазақстанда 1000 әйелге шаққанда (15 жастан 44 жасқа дейінгі) 35 түсік жасалатыны көрсетілген. Айта кетейік, бұл 2004 жылғы статистика, Ресейдің мәліметтері де сол жылғы. Ал Вьетнамның көрсеткіштері 2000 жылғы деректер қорынан алынған.

Қазақстан аборт жасаудан әлемде 3-орында ма?
data.un.org сайтының скриншоты

Бұл парақшада БҰҰ-ның гендерлік статистикасы бойынша мәліметтері бар басқа да сайтқа сілтеме көрсетілген. Шамасы онда қазіргі кезге өзекті ақпарат болуы тиіс еді. Алайда материал жазылған сәтте ол жерде ештеңе болған жоқ.

Шын мәнінде жағдай қалай?

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда тууға қабілетті жастағы 1000 әйелге шаққанда аборт деңгейі 2019 жылы 16,8 болған. Осыған қоса соңғы 20 жылдағы жағдайды қарасақ, түсік жасату азайып бара жатқанын байқауға болады.

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы • Медет Есімханов

Егер жағдайды өңірлер бойынша салыстыратын болсақ, 2019 жылы елімізде түсік түсірудің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында (23,4), Астанада (23,5) және Павлодар облысында (23,4) тіркелген. Түсік түсірудің ең төменгі деңгейі Шымкентте (6,8), Қызылорда облысында (12), Алматы облысында және Алматы қаласында (13,8).

Рейтингтер туралы

Негізі әртүрлі елдердегі аборт статистикасы арқылы жалпы жағдайды көру мүмкін емес екенін түсіну керек. Түсік түсіру әрдайым қауіпсіз жағдайда, дәрігердің қатысуымен клиникада жасалмауы мүмкін. ДДСҰ-ға сәйкес, түсік түсіру келесі жағдайларда қауіпті саналады: егер оны қажетті дағдылары жоқ адам жасаса немесе қарапайым медициналық стандарттарға сәйкес келмейтін ортада істелсе немесе айтылғандардың бәрі бір сәтте болса. Қауіпті түсік түсіруге абортқа дейінгі, аборт кезіндегі немесе одан кейін қолайсыз жағдайлар да жатады.

Әрине, барлық қауіпті аборттар тіркелмейді деген сөз емес, бірақ олардың бір бөлігі статистикаға енбеуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Мұндай жағдай түсік түсіру заңсыз деп саналатын немесе жартылай заңдастырылған елдерде көп кездесуі мүмкін.

ДДСҰ мәліметі бойынша, бүкіл әлемде түсік жасатудың, шамамен, 45%-ы қауіпті саналады. Осыған қоса бұл көрсеткіш әр аймақта әртүрлі. Мысалы барлық қауіпті түсіктердің жартысы Азияда, атап айтқанда Оңтүстік және Орталық Азияда жасалады. Латын Америкасы мен Африкада аборттың көбі қауіпті саналады. Қауіпті түсік түсіру дамыған елдерге қарағанда дамушы елдерде жиі кездеседі.

Қазақстан аборт жасаудан әлемде 3-орында ма?
ДДСҰ инфографикасы

Интернетте әлем елдері бойынша аборт жиілігі бойынша рейтинг жасайтындар аз (біз қарастырып отырған ресурты санамағанда) және бұл түсінікті. Себебі көп нюанстары мен күрделі сәттері бар мәселеде бәрін бір көрсеткішпен суреттеп, барлық елдерді салыстыру оңай емес. Сондықтан Қазақстанның бұл рейтингте қандай орында тұрғанын анықтау қиын.

Тіпті түсік түсіру заңдастырылған елдер бойынша де нақты әрі өзекті мәліметтер жоқ. Дегенмен егер сіз посткеңестік елдер мен Еуропа аймағындағы жағдаймен танысқыңыз келсе, онда Еуропалық Денсаулық сақтау ақпарат порталының статистикасын қарап көріңіз. Айта кететін маңызды жайт: портал фертильді жастағы 1000 әйелге емес, тірі туған 1000 балаға шаққандағы аборт жиілігін көрсетеді. Айтпақшы, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан тіпті алғашқы 10 елдің қатарына да кірмейді және бұл тек Еуропа өңірі бойынша көрсеткіш екенін ұмытпаған абзал.

Қорытынды

  • «Қазақстан аборт жиілігі бойынша әлемде 3-орын алады» деген ақпарат манипуляция болып саналады, себебі ол қатты ескірген деректерге сүйеніп жазылған. Оның үстіне кейбір қазақстандық БАҚ «жиілік» дегенді «сан» деп ауыстырып, ақпаратты одан сайын бұрмалап жіберген.
  • 2019 жылғы деректер бойынша, Қазақстанда аборт жиілігі фертильді жастағы (тууға қабілетті) 1000 әйелге шаққанда 16,8-ді құрайды. Бұл World Population Review сайтында көрсетілген саннан екі есе аз.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz