Қала ауасы ластануының негізгі себебі автокөліктер ме?

24 ақпанда өткен мәжілістің жалпы отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Сәлімжан Нақпаев қалалардағы атмосфера жағдайына қатысты бірқатар дерек келтірді.

Бұл тақырып – даулы әрі нақты бірдеңе айту қиын. Оның негізгі себебі, атмосфераны ластаушы заттар туралы жан-жақты ақпарат беретін платформа немесе бірыңғай жүйе жоқ. Дегенмен депутат деректерінің ақ-қарасын ажыратуды жөн санадық.

Мысалы Нұр-Сұлтан қаласында деректер бойынша 2019 жылы атмосфераға 108 мың тонна ластаушы заттар келіп түскен. Жылу көздерінің үлесіне 33%, жеке секторға 29% және автокөлікке 32,5% тиесілі.

Сәлімжан Нақпаев

Үкім: Манипуляция

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сай, 2019 жылы Астана қаласында ауа ластаушы заттар шығарындыларының шегі 103,7 мың тоннаны құраған. Алайда бұл көрсеткіш тек 89,6 мың тоннаға дейін жеткен. Оның ішінде “Астана-Энергия” АҚ үлесі 56,9 мың. Ал автокөлік шығарындылары 94,6 мың тонна. Айта кету керек, автокөлік шығарындылары басқаларына қарағанда өзгеше, қалаға кірген жанармай көлеміне қарай есептеледі. Яғни бұларды бірге айтудың өзі статистикаға біраз томпақ келеді.

Министрлік ұсынған ақпаратқа сай, проценттік қатынаста «Астана-Энергия» АҚ үлесі ластаушы заттар шығарындыларының 53%, автомобиль көлігі 27,7%, жеке сектор 13%-ті құраған.

Сондай-ақ Алматы қаласындағы атмосфераға 144 мың тонна ластаушы зат түскен, жылу көздерінің үлесіне 34%, жеке секторға 14% және автокөлікке 52% тиесілі.

Сәлімжан Нақпаев

Үкім: Жартылай шындық

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі стационарлық көздерден 46,1 мың тонна, жылу энергетика кәсіпорындарынан 41,5 мың тонна ауа ластағыш заттар атмосфераға тарағанын хабарлады. Ал автокөлік пен жеке сектордың статистикасын министрлік Алматы қаласының әкімдігінің дерегіне сүйеніп, 2019 жылы автокөліктен 80 мың тонна, жеке сектордан 1,11 мың тонна ауа ластағыш зат тарады дейді. Қорытындылай айтқанда, атмосфераға тараған ауа ластағыш заттың толық көлемі—168,71 мың тонна болған.

Қолда бар деректерге сүйенсек, автокөлік үлесіне 47,42%, жеке секторға 0,66%, жылу энергетика кәсіпорындарына 24,6%, стационарлық көздерге 27,32% тиген.

Статистика комитеті өнеркәсіп салаларының әсеріне байланысты қалалардағы атмосфералық ауаның сапасы туралы көрсеткішінде (энергетика, автокөлік) 2019 жылы Алматыда атмосфераның ластану индексі 8.0, астанада 7.0 болған.

Алматының ауасына қатысты талдау материалымызды мына жерден оқи аласыз.

Әсіресе еліміздегі қоғамдық автокөліктірдің жағдайы ушығып тұр. Бүгінгі таңда еліміздегі қала-ішілік автобус маршруттарын 311 тасмалдаушы мекеме атқарып отыр, оларда барлығы 11 мыңдай автобустар бар. Олардың 50 пайызы ескірген автокөліктер.

Сәлімжан Нақпаев

Үкім: Шындық

ҚР Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігінің ақпаратынша, еліміздің қалаларында жолаушы тасымалдаушы 311 мекеме жұмыс істейді. Оларда барлығы 10 547 дана авторанспорт бар. Қолда бар автокөліктің 43%-інің жасы 7 жылдан асқан.

Жалпы алғанда автокөліктердің орташа жасы көңіл көншітпейді. Мысалы «ҚазАвтоПром» автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарының одағының хабарлауынша, барлық автотранспорттардың жартысына жуығының (49,9%) жасы 20 жылдан асқан. Ал автобустардың орташа жасы 2020 жылы 18,2 жылдан 18,3 жылға өзгерген.

Салыстырмалы түрде Литва, Эстония, Румынияны қоса санаса, Еуроодақтағы (ЕО) автокөліктердің орташа жасы 11,5 жыл. Ал Люксембург пен Австрияда бұл көрсеткіш 6,5 және 8,3 жыл. ЕО-дағы автобустардың орта жасы 11,7 жыл.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz