Инга Иманбай телефонынан шпиондық вирус табылғанын хабарлады

Ресми тіркелмеген “Демократиялық партияның” жетекшісі Жанболат Мамайдың жұбайы Инга Иманбай телефонынан “Hermit” шпиондық бағдарламасы табылды. Бұл туралы белсендінің Facebook парақшасына сілтеп, “Медиазона” сайты хабарлады.

Инга Иманбайдың жазуынша, “Lookout” антишпиондық бағдарламасы оның телефонынан “Hermit” вирусын анықтаған.

Бұдан бөлек, 16 маусымда “Lookout Threat Lab” киберқауіпсіздік зерттеу тобы өз есебінде “Қаңтар оқиғасынан” кейін Қазақстан билігі белсенділерге тыңшылық жасау үшін жаңа “Hermit” бағдарламасын пайдалана бастағанын жазған.

“Hermit” бағдарламасы WhatsApp және Telegram қосымшасындағы жазба тарихы, аудиожазба, камера, интернеттен жүктелген файл, хабарландыру, скриншот секілді деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Контекст

  • 2021 жылы OCCRP ұйымы “Pegasus” тізімінен Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы премьер-министр Асқар Маминнің, сонымен бірге, Болат Өтемұратов, Кеңес Рақышев және Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа жақын адамдардың телефон нөмірін анықтады.
  • Ал “Amnesty International” құқық қорғау ұйымы «Oyan, Qazaqstan!» қозғалысының төрт белсендісі: Димаш Әлжанов, Дархан Шәріпов, Тамина Оспанова және Айзат Әбілсейіттің телефонынан “Pegasus” шпиондық бағдарламасы орнатылғанын хабарлаған.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz