HRW: Өзбекстан президент сайлауы қарсаңында медиаға шектеуді күшейтті

Өзбекстан билігі 2021 жылдың 24 қазанына жоспарланған президент сайлауы қарсаңында журналистердің сөз бостандығына шектеуді күшейтіп, оппозиция кандидаттарының тізімге енбеуін қамтасыз етті. Бұл туралы Халықаралық адам құқығын қорғайтын Human Rights Watch есебінде хабарланды.

HRW жазуынша, кейінгі айларда Өзбекстан билігі сөз бостандығы мен медиа бостандығына шектеуді күшейтті. Биыл наурызда ел президентін интернетте қорлағандар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Ал тамызда осы бап бойынша үкіметті жиі сынайтын блогер Валижон Калоновқа іс қозғалған. Ол президент сайлауына бойкот жариялауға шақырған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымының есебіне сай, 2016 жылы Шавкат Мирзиеев билікке келгелі өтетін алғашқы президент сайлауы еркін және әділ болатына күмән бар.

Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан реформаторлық күн тәртібі айтарлықтай өзге елдердің назарын аудартты. Алайда соңғы уақытта адам құқығы мәселесі кері қайтарылып, сонымен қатар, оппозиция мен тәуелсіз кандидаттардың сайлау тізімінде болмауы жүргізіліп жатқан реформалардың шегін нақты көрсетті.

Еуропа және Орталық Азия бойынша Human Rights Watch директоры Хью Уильямсон.

Human Rights Watch дерегінше, Өзбекстан заңнамасы кандидаттарды тек тіркелген партиядан ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл заң біраз саяси күштердің сайлауға қатысуына кедергі келтіреді.

Өңірдегі сайлауды бақылау жөніндегі бас орган саналатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы Өзбекстан үкіметінің әлі күнге дейін бірқатар ұсынысын орындамағанын хабарлады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz