G20 елдері үшін жеңіл әрі анық шешім

Жақында «ғасыр келісімшартына» куә болуымыз мүмкін. Әлемдегі ең ірі экономикаға ие G20 клубына мүше мемлекеттердің көшбасшылары осы айда өтетін виртуалды саммитте COVID-19 пандемиясын талқылайды. Олар алдағы саммитте аты аңызға айналған инвестор Уоррен Баффеттің өзін жолда қалдыратын инвестициялық табысқа қол жеткізу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 1 пайызға жетпейтін бөлігін COVID-19 вирусынан құтқаратын тестілер, емдеу әдістері мен екпелерге (дайын болған кезде) қолжетімділікті арттыруға жұмсау арқылы ғаламдық экономиканы ұзақмерзімді даму мен тұрақтылық жолына қайтаруға болады.

Қазір тиімді диагностикалық құралдар, емдік препараттар мен екпелер дайындап, оны бүкіл әлемге таратуға инвестиция құю – дұрыс шешім ғана емес, ақылды қадам саналады. Саналы шешімге құрылған жеке мүдде әлемдік сауда көлемін қалпына келтіру үшін тауарлар мен қызметтерге сұраныс қалыптастыруды талап етеді. Бұл G20 көшбасшылары үшін оңай сынақ болады.

Саясаткерлерге әлемдік экономиканың табысы туралы дұрыс ақпарат беру үшін бір ғана мысал келтірейік. 1980,1990-жылдары әлемдік экономиканың жылдық өсімі  3.3% шамасында болса, кейінгі жиырма жылда бұл көрсеткіш Қытай мен БРИК (Бразилия, Ресей, Үндістан) елдерінің экономикалық дамуына байланысты 3.7% пайызға дейін өскен. 2020, 2030-жылдары экономикалық өсімнің артуы орташа немесе жоғары деңгейлі мемлекеттер қатарына қосылуды көздейтін табысы төмен елдер есебінен жүзеге асады.

2005 жылы Goldman Sachs компаниясындағы әріптестеріммен бірге XXI ғасырда ғаламдық маңызды экономикаға айналуы мүмкін елдердің тізімін жасадық. “Next Eleven” (N-11): деп аталған топқа Бангладеш, Египет, Индонезия, Иран, Мексика, Нигерия, Пәкістан, Филлипин, Оңтүстік Корея, Түркия мен Вьетнам кірді.

Қазір жалпы ішкі өнімнің жинақталған көлемі 6.5 триллион долларды құрайтын (бұл Үндістанның жалпы ішкі өнімінен екі есе көп) N-11 мемлекеттері ғаламдық экономикада бәріміз үшін үлкен маңызға ие бола бастады. Соңғы болжамдарға сәйкес, дамушы мемлекеттер өз әлеуетін толық жүзеге асырмаса, әлемдік экономиканың өсімі бұрынғы көрсеткішіне (3.3%) оралады. COVID-19 дағдарысының маңызды экономикаларға да кері әсер еткенін ескерсек, бұл негативті болжам шындыққа айналуы әбден мүмкін.

Шын мәнінде біз шешуші сәтке келіп жеттік. G20 елдері басқа мемлекеттерді медициналық құралдар мен вирусқа қарсы күреске қажетті өзге де ресурстармен қамтамасыз етіп, пандемияны тезірек жеңу үшін жедел әрекетке көшуі керек. Өйткені қазіргідей ауқымды қамтуға тек G20 елдерінің ғана шамасы жетеді.

Қуанышқа орай, әлемдік қауымдастықтың алдында анық жол бар. Сәуірде құрылған COVID-19 құралдарына қолжетімділікті арттыруға көмектесетін акселератор (АСТ)  ғаламдық әріптестіктің көмегімен дағдарыстан шығу жолын ұсынып отыр. Бас-аяғы алты айдың ішінде ACT акселераторының серіктестері вирусқа қарсы ықтимал екпе, тестілер мен емдеу әдістерінің әлемдегі ең үлкен портфелін дайындап, маңызды медициналық тауарларды әлемнің кез келген нүктесіне жеткізу үшін алдын-ала сатып алу жүйесін құрған.

Бірақ жедел тестілеуді жалғастырып, жаңа емдеу әдістерін бағалаудан өткізіп, лицензиядан өткен екпелерді бірден қолданысқа енгізу үшін ACT акселераторына 38 миллиард доллар қажет. Оның 4.5 миллиард доллары дәл қазір керек болып отыр.

Акселератор жұмысын қаржыландыруды қолдау мақсатында айтылған дәйектерді бүкіл кәсіби карьерамда естіген ең нақты инвестициялық аргументтер деп атауға болады. G20 елдері қазірдің өзінде пандемияның салдарын азайтуға 12 миллиард доллар жұмсап үлгерді. Оның жанында АСТ акселераторына қажет қаржы салыстыруға да келмейді. Халықаралық валюта қорының есебінше,  медициналық шешімдерге күтілген мерзімнен ертерек қол жеткізсек,  2025 жылдың соңына қарай ғаламдық табыстың жиынтық көлемі 9 триллион долларды құрайды.

Дамыған елдер үшін бұл тіпті «таңдау» да емес. G20 көшбасшылары ертеңгі күні экономикалық өсімге қол жеткізу үшін не қазір әрекет етеді, не қол қусырып отыра береді. Бірақ қазірдің өзінде экспорт нарығы қысқарып, экономиканың баяу ішкі өсімге тәуелділігі артып келе жатқанын есте ұстаған жөн.

Басқаша айтқанда, G20 елдері мен қалған әлемнің мүддесі бір жерден шығып отыр. Пандемияның шынайы салдары көзге айқын көріне бастады. Мысалы, Бүкіләлемдік саяхат пен туризм жөніндегі кеңестің тамыз айындағы есебіне сәйкес, Ұлыбритания экономикасы елге келетін туристер санының азаюынан 22 миллиард фунт стерлинг (29 миллиард доллар) жоғалтуы мүмкін.

Қазір бәріміз бірнәрсені түсінуіміз керек: COVID-19 пандемиясы – экономикалық, гуманитарлық және даму жолындағы дағдарыс. Оны пандемияның бастапқы себебін жою арқылы ғана жеңуге болады. G20 елдері пандемияның ғаламдық деңгейдегі экономикалық салдарын азайтуға жұмсап отырған қаржысының небәрі 1%  ACT акселераторына бөлсе, бұл ұйым шығынын артығымен жабуға жетер еді.

2008 жылғы дағдарыстан кейін G20 елдері әлемнің алдыңғы қатарлы бірнеше экономикасы бір мүдде аясында біріккен кезде қандай үлкен нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетті. Осы айда өтетін виртуалды саммитте G20 көшбасшылары одан да үлкен сынақты қабылдауы керек. Оларды мұндай шешім қабылдауға итермелейтін себеп жетіп-артылады.

G20 елдері үшін жеңіл әрі анық шешім

Джим О’Нил – Goldman Sachs Asset Management компаниясының бұрынғы президенті, Ұлыбританияның бұрынғы қаржы министрі, Chatham House орталығының басшысы.

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz