Фейк таратқан Бразилия президентінің YouTube каналы бұғатталды

YouTube желісі Бразилия президенті Жаир Болсонару каналын коронавирус вакцинасы жайлы фейк ақпарат таратқаны үшін бұғаттады. Бұл туралы Globo сайты хабарлады.

Видеохостинг президент каналын бұғаттап, апта сайын жарияланатын эфирін өшірді. Болсонару әңгіме барысында Ұлыбритания үкіметінің атынан жасалған жалған есепке сүйеніп, вакцина еккендер арасында СПИД ауруы тез дамитынын айтқан.

Енді Бразилия президенті бір апта бойы тікелей эфирге шыға алмайды. Сонымен қатар, видео жариялай алмайды.

Сонымен қатар, бұл видеоны Facebook пен Instagram желісі де өшірді. Ал Twitter президент жазбасында жалған ақпарат бар екені жайлы белгі қойды.

Фейк ақпарат қастандық теориясын жақтаушылар сайтында да жарияланған. Олар “вакцина еккендерді үкімет бақылайды және екпе салған соң миллиондаған адам қайтыс болады деген” фейкке сенеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz