Фейк | Гарвард университеті Құранды әділдік үшін ең үздік кітап деп бағалады

Әлеуметтік желіде және Yandex.Zen платформасында «Гарвард университеті Құранды әділдікті сөз ететін ең үздік кітап деп бағалады» деген хабар жаппай таралып жатыр. Factcheck.kz бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді. 

Үкім: Жалған

Бұл ақпарат 2013 жылы тарай бастады. Гарвардта білім алатын Сауд Арабиялық студент Twitter парақшасында Құран аяты ілінген сурет жариялады. Бұл туралы бірінші болып Сауд Арабиясының Ajel газеті хабарлады. Emirates247.com бұл хабарды 2013 жылы Ajel газетіне сілтеме жасай отырып таратты. Уақыт өте ақпарат медиа арқылы бұрмалана бастаған.

Бұл ақпараттың тарауына не себеп болды?

Құраннан алынған үзінді мен басқа да діни кітаптар және авторлардың сөздері Гарвардтың заң факультеті  ұйымдастырған «Words of Justice» көрмесі аясында орнатылған. Гарвард кітапханасының ресми сайтында заңды сақтаудың маңыздылығы туралы және көрменің мақсатын айқындайтын бөлігі бар. 

Бұл көрме Гарвард заң мектебінің студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері арасындағы байланыс деп түсінуге болады. Бұл жерде көрсетілген цитаталар мен басқа да сөздер әділ заң үшін күресетін барлық азаматты шабыттандырады деген үміт бар.

Марта МиноуДин және Джеремия Смит, кіші профессор (Гарвард университетінің сайтынан алынған мәлімет)

Фейк | Гарвард университеті Құранды әділдік үшін ең үздік кітап деп бағалады
Көрмедегі сурет. Жоғарыда Августиннің сөзі, ортасында Құран аяты.

Аяттың мәтіні: Әй мүміндер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, Алла үшін айғақ болыңдар; бай немесе кедей болса да. Өйткені Алла, екеуіне де тым жақын. (Олардың халін біледі) Нәпсіге еріп, әділдіктен ауытқымаңдар. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шәксіз Алла не істегендеріңді толық білуші.

Қорытынды

Гарвард университетінің Заң факультетіне кіре берісінде шын мәнінде “Ниса” (әйелдер туралы Сүре) сүресінің аят мәтіні ілінген. Бірақ бұл тек студенттік көрме аясында болған. Көрмеде көрсетілген мәтіндер тек Құранның немесе басқа да әділдікті негізге алған кітаптарды, ерекшелеп, “ең үздік кітап” деп айқындамайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz