Фактчек | Жұмағазиев Қазақстан мен Қырғызстандағы интернет бағасы жайлы

23 маусымда Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев елдегі Beeline провайдерінің интернет төлемі жайлы және оны Қырғызстандағы бағамен салыстырды. Factcheck.kz депутат қаншалықты рас сөйлегенін тексерді.

Мәселен, 6 гб көлемінде интернетке қолжетімділігі бар Қазақстандағы Beeline байланыс операторының тарифтік жоспардың бір айлық абоненттік төлемі 2 590 тг құрайды. Ал Қырғызстанда 30 гб интернетке қолжетімділігі бар тарифтік жоспар айына 2 174 теңге. Өзбекстанда 12 гб интернет көлемі 1 989 теңге тұрады.

Мұхтар Жұмағазиев.

Үкім: Шындыққа жақын

Расымен Қазақстанда Beeline операторының қолданушылар 6 гб интернет трафикті “Жарқын” тарифі бойынша айына 2590 теңге төлейді. Ал Қырғызстанда Beeline қолданушылары “Бирге интернет үчүн + IVI” тарифіне айына 390 сом немесе 2184 теңге төлеп, 30 гб интернет трафикті қолдана алады. Бұған қоса, тарифке сәйкес, Instagram, WhatsApp және Telegram желісін қолдану тегін.

Депутат Өзбекстан жайлы мысалында да аса қателеспеді. Мәселен, Beeline сайтынан депутат мысал келтірген 12 гигабайтты тарифті таппадық. Бірақ тарифтік жоспарға сәйкес, 10 гб интернет пакетті 45 000 сумға, яғни, шамамен 1947 теңгеге сатып алуға болады.

Бұған қоса, Өзбекстанда Beeline-нің Hammasi ZO’R 3 тарифі 40 000 cумға (шамамен 1753 теңге) 32 гб интернет трафикті қолдануға болады. Алайда ескеретін жайт күндіз 8 гб, түнде 24 гб интернетті қолдана аласыз.

Контекст

  • Ұлыбританиядағы интернет бағасын зерттейтін Cable.co.uk дерегінше, Қазақстан арзан мобильді интернеттің (0,59$ – 1 гб) бағасы бойынша әлемде 20-орында. Ал Қырғызстан (0,15$ – 1 гб) 2-орында. Cable.co.uk 221 елдегі 1 гб трафик бойынша мемлекеттердегі орташа бағаны зерттеген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz