Фактчек | Ұлттық қордың табысы мен шығыны туралы

Қыркүйектің 7-де өткен Мәжіліс отырысында депутат Аманжан Жамалов отандық Ұлттық қорды екіге бөлуді ұсынаған. Мәлімдеме арасында Жамалов Ұлттық қор мен Норвегияның мемлекеттік қорына қатысты дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзі қаншалықта рас екенін тексерді.

Депутат мәлімдемесі (тайм-код: 3:27:47)

Мәлімдеме: Мысалы, әйгілі норвегиялық мемлекеттік қор да шығынға ұшырап жатыр. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында қордың инвестициялық шығыны 174 млрд долларға жетті. Шын мәнінде, қор 2021 жылғы барлық өсімін жоғалтты.

Аманжан Жамалов

Үкім: Шындық

Расымен Норвегияның әл-ауқат қоры 2022 жылдың алғашқы жартысында 1 680 млрд норвег кронын (қазір шамамен 170 млрд АҚШ доллары) не 14,4%-ін жоғалтқан. 2021 жылы қордың кірісі 14,5%-ке, яғни 1 580 млрд норвег кронына жеткен. Яғни қор шынымен 2021 жылғы табысынан толықтай айырылған.

Айта кетейік, Норвег қоры капиталдың алғашқы аударымын Қаржы министрлігінен 1996 жылы алған. Ал қазақстандық қор 2000 жылы президенттің жарлығымен құрылды.

Мәлімдеме: 2001 жылдан бастап біздің ұлттық қорымыздың орташа кірісі жылдық мәнде 3% көлемінде болды. Бірақ Ұлттық қор кем дегенде бес жыл шығынға ұшырады, олар 2002, 2008, 2014, 2015, 2018 жыл.

Аманжан Жамалов

Үкім: Шындық

Ұлттық банк 2021 жылды қорытындылап, келесідей дерек келтіреді: Ұлттық қордың кірісі құрылған жылдан (яғни 2001 жылдан бері) 2021 жылға дейін 112%-ке жеткен, бұл орта мәнде жылына 3,72% (салыстыру үшін: норвег қорының орта мәндегі кірісі 6,62%). 2021 жылғы кіріс 4,21% болған.

Қор расымен 5 жыл шығын тартқан. Бұл 2002 (-0,43%), 2008 (-2,28%), 2014 (-1,19%), 2015 (-2,44%), 2018 (-2,64%) жылдар.

Фактчек | Ұлттық қордың табысы мен шығыны туралы
Ұлттық банктің қорға қатысты есебі

Контекст

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында “Балаларға арналған Ұлттық қор” атты жаңа жоба ұсынып, оның аясында қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-і балалардың кәмелетке толғанға дейінгі жинақтау шотына аударылатынын айтты.

Сарапшылар ел бюджетінің кірісіне қарағанда шығыны көп екенін, оның орнын толтыру үшін Ұлттық қордан көп қаржы алынып жатқанын сынайды. Депутаттар да қордың ақшасын тиімді жұмсау керек екенін айтып, сынға алады, алайда жыл сайынғы бюджетке қордан ақша аударуды (оның көрсеткіші жыл сайын өсіп жатыр) құптайды.

Есеп комитетінің бағалауына сай, әлемдік экономикадағы үрдістерді ескере отырып және Ұлттық қордың қаражатын толықтыру мен жұмсаудың қазіргі қарқыны сақталған жағдайда, оның активтері 2030 жылға қарай нөлге жетеді. Қазір қор қаржысы мақсатсыз, тек бюджет дефицитін толтыру үшін жұмсалып жатыр.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz