Фактчек | Мусин: Республикалық бюджетке жыл сайын Байқоңыр кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн доллар түседі

12 мамырда Мәжілістің пленарлық отырысында цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Республикалық бюджетке жыл сайын Байқоңыр кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн доллар сомасында қаржы түсетінін айтты. Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Республикалық бюджетке жыл сайын Байқоңыр кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн доллар сомасында қаржы түседі. Байқоңыр кешенін жалға алған 27 жыл ішінде республикалық бюджетке шамамен 3,1 млрд доллар түсті.

Бағдат Мусин

Үкім: Шындық

Расымен, Ресей Федерациясы мен Қазақстанның 1994 жылғы 10 желтоқсандағы келісім шартында Байқоңырды жалға алғаны үшін Ресей 115 млн доллар төлейтіні көрсетілген. Бұл соманы 27 жылға есептесек 3 млрд 105 млн долларды құрайды. Келісім шартқа сәйкес, 1995 жылдан бастап, Ресей тарапы Қазақстанға 115 млн долларды бір жыл ішінде төрт тоқсанға бөліп, яғни, әр тоқсанның алғашқы айының 15-не дейін жалға алу сомасының төртен бір бөлігін төлейді.

1994 жылғы 10 желтоқсандағы келісім шартқа сай, Ресей Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағында өзінің бағдарламаларын жүзеге асыру құқығына ие болды.

1994 жылғы 10 желтоқсандағы келісім шарт бойынша жалға алу мерзімі

4-бап. Жалға алу мерзімі

  • 4.1. Байқоңыр кешені 20 жылға жалға беріледі.
  • 4.2. Егер екі тарап келісім шартты тоқтатуға байланысты келісім шарт мерзімі аяқталғанға дейін 6 ай бұрын ескерту жібермесе, жалға алу уақыты 10 жылға созылады.
  • Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы “Байқоңыр” кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге (Астана, 2004 жылғы 9 қаңтар) сәйкес жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды.

Контекст

  • Байқоңыр ғарыш айлағы Қызылорда облысында Қазалы қаласы мен Жосалы кенті арасындағы Төратам ауылының маңында орналасқан. Роскосмос дерегінше, мұнда әлемдегі алғашқы және ең үлкен ғарыш айлағы бар. Оның аумағы — 6717 км².
  • Ескеретін жайт, Ғарыш айлағы Байқоңыр қаласынан шамамен 40 км қашықта орналасқан. Байқоңырда 2021 жылдың қаңтар айындағы дерегінше, 76 090 адам тұрады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz