Фактчек | Мұсабаев Қошқар ата радиоактивті қалдықтар қоймасы туралы

8 қыркүйекте Мәжілістің кезекті пленар отырысында депутат Самат Мұсабаев Маңғыстау облысының Қошқар ата ойпатында орналасқан әлемдегі радиоактивті қалдықтардың ең үлкен қоймасының экологиялық жағдайы туралы мәлімет жариялады.

Оның сөзі 40:15:00-те басталады

Депутаттың айтуынша, бұл – елдің негізгі экологиялық проблемаларының бірі. Оны шешуге миллиардтаған теңге бөлінеді. Соған қарамастан, оны жоюға қатысты жұмыстар жүргізілмейді.

Factcheck.kz редакциясы депутат ұсынған деректерді тексерді.

Мәлімдеме: Маңғыстаудағы 77 шаршы шақырым аумақты алып жатқан Қошқар ата ойпатында орналасқан әлемдегі радиоактивті қалдықтардың ірі қоймасының экологиялық жағдайы маңызды. Онда 105 миллион тоннадан астам уытты, оның ішінде 52 миллион тоннаға жуық әлсіз радиоактивті қалдықтар орналастырылған. Радиоактивті қалдықтарды сақтау Ақтау қаласының, Мұнайлы және Түпқараған аудандарының 400 мыңға жуық тұрғындарының денсаулығына, яғни облыс халқының 55 процентіне теріс әсер етеді.

Самат Мұсабаев

Үкім: Шындық және Техникалық қате

Шындығы мынау: Қошқар-Ата қоймасы – шынымен де аймақтағы ең көне және өзекті экологиялық проблемалардың бірі. Оның рекультивациясы бойынша жоба 2003-2004 жылдары әзірленген, бірақ сол күйі орындалмаған. Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және жер қойнауын пайдалануды реттеу департаменті мәліметі бойынша, ойпаттың жалпы ауданы – 77 шаршы шақырым. Сол жерде жұмыс істеген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының есебінде онда 400 миллион тоннадан астам улы және радиоактивті қалдық сақталғаны айтылады. Соның ішінде уран өндірісінің 105 миллион тоннасына жуық қалдығы бар, оның 51,8 миллион тоннасы – әлсіз радиоактивті.

Техникалық қатесі мынау: депутат қалдықтарды сақтауға байланысты қауіп төніп тұрған адамдар саны туралы нақтырақ ақпарат бермеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 шілдедегі жағдай бойынша Ақтау қаласының халқы – 204 905 адам, Мұнайлы ауданында 176 668 адам, Түпқараған ауданында 35 138 адам тұрады. Барлығы – 416 711 азамат, бұл облыс тұрғындарының 57%-тен астамына тең.

2020 жылы Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы байқау өткізді. 15,5 миллиард теңге сомасына мердігер анықталды, осы жылдың көктемінде республикалық бюджеттен 1,0 миллиард теңге бөлінді. Рекультивация жұмыстары жергілікті бюджет есебінен басталды.

Самат Мұсабаев

Үкім: Шындық және Үкім жоқ

Шындығы мынау: Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу порталында Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан Қошқар ата қалдықтар үйіндісін рекультивациялау жұмысына қатысты тендер әлі тұр. Бұл үшін 15 460 940 086 теңге бөлінді, «Павлодар өзен порты» АҚ 13 914 846 077 теңге мөлшеріндегі соманы белгілеп, жеңімпаз атанды. Бұл ақпаратты ведомство сайты растады.

Үкімсіз қалдыратын себебіміз мынау: Маңғыстау облыстық мәслихатының «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімінде рекультивация жұмыстарына бір миллиард теңге бөлінгені нақты көрсетілмеген. Алайда ол жерде биыл аймақтың қоршаған ортасын қорғауға 1 393 610 000 теңге бөлінгені көрсетілген. Сонымен қатар, облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына 1 388 610 000 теңге бөлінген.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz