Фактчек | Қазақстандықтар өмір сүру ұзақтығы бойынша 110-орында

Ақпанның 6-сы turkystan.kz сайты «Қазақстан 110-орында: Тұрғындары ең ұзақ өмір сүретін елдер анықталды» деп жариялады. Сайт мұндай ақпаратты Ceoworld журналында жарық көрген мақаланы негізге ала отырып, хабарлаған. Factcheck.kz әдеттегідей ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Қазақстан тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы бойынша әлем елдерінің ішінде 110-орында. Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы – 73,23.

Үкім: Жартылай шындық

Статистика комитетінің дерегінше, 2018 жылы өмір сүру ұзақтығының жасы – 73,15. Ал Дүниежүзілік банктың дерегінше (2017 жыл), Қазақстанның өмір сүру ұзақтығы — 72,95. Дүнижүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының 2018 жылғы мәліметі бойынша, елдегі өмір сүру жасының ұзақтығы – 71,1.

Мәлімдеме: Әлемнің кез келген жерінде әйелдер ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүреді

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да бұл мәлімдемені растайды (мәлімет скринда). Worlddata.info сайтында әлемдегі орташа өмір сүру деңгейінің ұзақтығы: ерлер – 70,2, әйелдер – 74,7 жас. Ал Еуроодақ бойынша, ерлер – 78,4, әйелдер – 83, 8 жас екені көрсетілген.

Фактчек | Қазақстандықтар өмір сүру ұзақтығы бойынша 110-орында
World Health Organization сайтынан

Мәлімдеме: Әлем бойынша Гонконг тұрғындары ең ұзақ өмір сүреді. Олардың өмір сүру ұзақтығы – 84,63 жас

Үкім: Шындық

Шынымен-ақ, Дүниежүзілік банктегі елдердің тізімінде, Гонконг тұрғындарының өмір сүру жасының ұзақтығы (84,3) бойынша бірінші орында тұр (2015 дерек). Ал 2017 жылғы Дүниежүзілік Банктың дерегінше, халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы – 84, 68.

Мәлімдеме: Сирияда әйел адамдар мен ерлердің өмір сүру ұзақтығында айырмашылық өте көп. Мұнда әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы ерлерге қарағанда 11,80 жасқа ұзағырақ.

Үкім: Жартылай шындық

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының мәліметінше, мәлімдеме шындыққа жақын, бірақ нақты емес. Әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы ерлерге қарағанда 9 жасқа ұзағырақ. Ерлер – 59,4, әйелдер – 68,9.

Контекст:

Ceoworld – әлемдегі бизнес лидерлер мен жоғары табысты адамдар үшін арналған журнал.

Geoba.se сайты дереккөз ретінде Geonames.org, Америка Құрама Штаттарының халық санағы, Дүниежүзілік банк сайттарын қолданады.

Central Intelligence Agency сайтының – Орталық барлау басқармасы, АҚШ-та орналасқан тәуелсіз барлау басқарма.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz