Фактчек | Еспаева жеңіл өнеркәсіптің құлдырауы туралы

17 ақпанда мәжіліс депутаты және президенттікке үміткер болған Дания Еспаева жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына қолдау көрсету туралы ұсыныс айтып, премьер-министрдің атына сауал жолдады. Оның айтуынша, оларға өнімді өндіруде ғана емес, оны өткізуде де көмек көрсету қажет. Дания Еспаеваның пікірінше, бұл саланы дамытудың мемлекеттік стратегиясының болмауы көңіл көншітпейтін зардаптарға әкелді. «Кейінгі 5 жыл ішінде кәсіпорындардың 40%-дан астамы қызметін тоқтатты, жұмыс істеп тұрғандар саны 25-тен 13 мыңға дейін азайды».

Қазақстандық жеңіл өнеркәсіп құрамында 20-дан аса ішкі сала бар, оларды үш негізгі топқа біріктіруге болады: тоқыма өнеркәсібі, киім өндіру, тері немесе соған қатысы бар өнімдерді өндіру. FactCheck.kz ресми статистикалық мәліметтерді негізге ала отырып, жоғарыда айтылған деректерді тексерді.

Мәлімдеме: Кейінгі 5 жылда саладағы (жеңіл өнеркәсіп саласы) 40%-дан аса кәсіпорын жұмысын тоқтатты

Үкім: Манипуляция

Ұлттық статистика бюросының 2021 жылдың басы, 2020, 2019, 2018 және 2017 жылдарға арналған дерегі бойынша, кейінгі бес жылда тіркелген кәсіпорын саны 11%-ға, ал жұмыс істеп тұрған кәсіпорын 29%-ға көбейген. Кейінгі 10 жылдағы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары санының динамикасы төмендегі кестеде көрсетілген.

Біздің болжамымыз бойынша, Еспаева көңіл көншітпейтін деректерді келтіргенде саладағы ірі және орта кәсіпорындар туралы айтқысы келген болуы керек. 2021 жылдың басындағы мәлімет бойынша, республикада жұмыс істеп тұрған мұндай кәсіпорын саны 37 болды, ал 2015 жылдың басында 74-ке жететін (50%-ға төмендеген).

Жұмыс істеп тұрған жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының 58%-ы тігін өнеркәсібіне тиесілі – киім өндірісін ұйымдастырып, құру басқалармен салыстырғанда инвестицияны аз қажет етеді. Үштен бір бөлігі тоқыма бұйымдарын жасайтын кәсіпорын болса, қалған 10%-ын тері өнімдерін өндіретін кәсіпорындар құрап тұр. Әрбір кіші салада шағын кәсіпорындар артығырақ (97%), сондықтан біз бұл мәлімдемені манипуляциялық және бұрмаланған деп бағалаймыз.

Мәлімдеме: Кейінгі 5 жылда <…> жұмыс істеп тұрғандар саны (жеңіл өнеркәсіптегі) 25-тен 13 мыңға қысқарды

Үкім: Үкім жоқ

Біз 5 жыл бұрын 25 мың жұмысшы болғаны туралы дерек таппадық, депутат екі түрлі мәліметті қосып қателесіп кетті (төменнен қараңыз) деген күннің өзінде 2020 жылғы 13 мың жұмысшы туралы ақпарат қайдан шыққаны белгісіз.

Ұлттық статистика бюросының 2020, 2019, 2018, 2017 және 2016 жылдардағы төртінші тоқсан мәліметі бойынша кейінгі бес жылда бұл саладағы кәсіпорындардың тізім бойынша жалдамалы жұмысшылары саны шынында азайған, бірақ айтарлықтай емес: 12,4-тен 11,7 мыңға дейін (яғни, бар болғаны 700 адам). Оған қоса факт жүзінде жұмысшылар саны тіпті 200 адамға көбейген. Кейінгі 10 жылдағы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылар санының динамикасы төмендегі кестеде көрсетілген.

Премьер-министрдің баспасөз қызметі Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік-экономикалық маңызы зор екенін атап өтті. Олар жұмысқа қабілетті тұрғындардың көп бөлігін жұмыспен қамтып отыр (жұмыспен қамтылғандардың 60%-ы – әйелдер).

2020 жылдың ресми қорытындысы

Былтыр жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірудің физикалық көлемі 15%-ға артты. Өсім ішкі салалардың барлығында тіркелген, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі. Жалпы ішкі өнімдегі сала үлесі — 0,1% ғана.

Тұтыну көлемі бойынша жеңіл өнеркәсіп республикада азық-түлік тауарларынан кейін екінші орында тұр. 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімдерін тұтынудың ішкі нарығы 1,6 млрд долларды құраған, оның  8%-ы ғана отандық өнімге тиесілі.

Ірі және орта жеңіл өнеркәсіп мекемелері көбіне мемлекеттік тапсырысқа негізделеді, бұл тіпті саланы жыл сайынғы мемлекеттік-ұжымдық тапсырыс пакетіне тәуелді етті.

Дайын өнімнің өзіндік құнындағы шикізат көлемі шамамен – 70%. Бүгінгі күні мемлекеттік саясат тұрғысынан негізгі міндет жеңіл өнеркәсіптің шикізат базасын дамыту болып тұр. Сала бойынша жартылай фабрикаттар мен фурнитура өндіру нашар дамыған, бұл дайын бұйымдар сегментінің бәсекеге қабілеттілігін тежейді.

Маргарита Бочарова
Журналист-аналитик. Магистр социальных наук