Фактчек | Әли Бектаев ауыл шаруашылығы жөнінде

Маусымның 21-де өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутат Әли Бектаев ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz депутаттың айтқаны қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Әли Бектаевтың айтқаны (тайм-код: 2:27:55)

Елімізде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу 40%-дың төңірегінде.

Әли Бектаев

Үкім: Үкім жоқ

Ашық дереккөзде бар ақпарат қандай да бір үкім қоюға жеткіліксіз. Ал ауыл шаруашылық министрлігі біз жолдаған сауалға мардымды жауап бермеді. Дегенмен депутат сөзі шындыққа жақын болуы ықтимал. Себебі елімізде 2019 жылы ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 5 177 893,7 миллион теңгені құраса, оның 1,6 трлн теңгесі қайта өңдеуден өткен азық-түлік құны: бұл толық көрсеткіштің 30,9%-і.

Жалпы министрлік ақпаратына сай, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі ақшалай мәнде 27 028,5 млрд. теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 13 232,7 млрд. теңгені құраған — 48%.

Ал халықты негізгі азық-түлік түлерімен қамтамасыз ету әлі 80%-ға жеткен жоқ.

Әли Бектаев

Үкім: Манипуляция

Министрлік жауабына сай, жалпы көрсеткішті алғанда негізгі азық-түлік түрлері бойынша қамтамысыз ету өз өндірісі есебінен 80%-ке жеткен. Оның ішінде 12 тауар бойынша 100%, 11 тауар бойынша 80%-тен астам қамтылған. Алайда 6 тауар бойынша импортқа тәуелділік бар: алма (73%), құс еті (58%), шұжық өнімдері (61,5%), ірімшік пен сүзбе (51%), қант (31%), балық (75%). Депутаттың меңзегісі келгені де осы болса керек.

Тек ауыл шарушылығы техникаларын моральдық жағынан тозу деңгейі 30%-дан 70%-ға дейін жетеді.

Әли Бектаев

Үкім: Үкім жоқ

Ашық дереккөзде ауыл шаруашылық техникаларының моральдық жағдайы туралы дерек табылмады. Шенеуніктер де бұл туралы айта бермейді. Министрлікке жолдаған хатымызға да нақты жауап ала алмадық. Сондықтан депутат сөзіне қандай да бір нақты үкім қою қиын. Бірақ, қалай болғанда да, техника саласы ақсап тұрғаны рас.

Министрліктің бізге берген жауабына сай, елімізде ауыл шаруашылық техника паркінің орташа тозуы 75%. Республикада 141,7 мың трактор, 37 мың комбайн, 4,3 мың егіс кешені, 73,2 мың тұқым сепкіш және 250 мың бірлік жемшөп дайындайтын және топырақ өңдейтін техника бар.

Былтыр ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров «‎ескі техниканың 80%-і тозғанын»‎ айтқан. Оның үстіне, Сапаровтың сөзінше, бұл техникаларды есептен шығармаса, жаңадан алынып жатқандары жалпы көлемде байқалмай қалады. Техникалардың тозғаны жайлы былтыр Energyprom.kz мониториң агенттігі де жазған. Агенттік ақпаратына сай, 2019 жылы бүкіл ауыл шаруашылығы техникасы паркінің орташа тозуы 76%-ті құраған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz