Фактчек | АҚШ-та вакцинадан кейін бастапқы кезеңдегі жүктіліктің 80%-і түсікпен аяқталды

Вакцина басталғалы бері оның төңірегіндегі дау, қауесет әңгімелер толастар емес. Солардың бірі – “АҚШ-та вакцинадан кейін бастапқы мерзімдегі жүктіліктің 80%-тен астамы түсікпен аяқталған” деген тақырыпта ақпарат тарап жатыр. Factcheck.kz сайты вакцинаға қатысты кезекті ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді.

АҚШ-та вакцинадан кейін бастапқы мерзімдегі жүктіліктің 80%-тен астамы түсікпен аяқталған.

Үкім: Шындық және манипуляция

Шындығы мынада: АҚШ Ұлттық биологиялық ақпарат орталығы расымен де 14 желтоқсан (2020 ж) мен 28 ақпан (2021) аралығында вакцина салдырған 3 850 жүкті әйел арасында зерттеу жүргізген. Оның 3719 медицина қызметкері. 21 сәуірде шыққан зерттеу нәтижесі бойынша жүктілігі аяқталған 827 қатысушының ішінде 115 жағдай ұрықтың өлуі немесе дамуының тоқтауымен аяқталған (104 түсік жасатқан, 1 өлі туу және 10 жасанды түсік). Оның ішінде 96-ы, яғни 82,7%-і 13-ші аптаға дейінгі (бастапқы кезеңдегі) жүктілік мерзімінде болған.

Манипуляциясы мынада:
1) бұл тек алдын ала деректер нәтижесі, зерттеу әлі жалғасып жатыр.
2) негізінен бұл орталық вакцина мен түсік тастау қаупі (жүктіліктің өздігінен тоқтауы) арасындағы байланысты қандай да бір жолмен дәлелдеумен әрі оны жоққа шығарумен айналыспайды, бұл – зерттеудің негізгі мінеті емес.
3) сонымен қатар, вакцинаның түсік тастау қауіпіне әсер ететіндігі туралы нақты бір дәлел жоқ. Бұл туралы Reuters те жазды.

Контекст

Америкалық акушер-гинекология колледжінің бағалауы бойынша, жүкттіліктің 26%-і түсікпен аяқталады, бұл ретте 80% түсік жүктіліктің алғашқы 12 аптасында не 3 айлықта болады. Осыны ескере отырып, “АҚШ-та вакцинадан кейін 80%-тен астам бастапқы мерзімдегі жүктілік түсікпен аяқталған” деген ақпарат кездейсоқ болуы мүмкін, себебі нақты бір дәлел жоқ.

Бұл деректер бізге не дейді: егер зерттеу нәтижесі бойынша, сан (пайыз) орташа деңгейден едәуір төмен не жоғары болса, АҚШ-та қолданылатын вакциналардың жүктілікке не статистикаға әсер ететіндігі туралы болжам жасауға болады. Алайда, түсік тастау пайызы орташа деңгейден ары-бері аспағандықтан, вакцинаның әсері бар деп айту қиын.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz