Facebook ұжымдық шағым бойынша 650 млн доллар төлейді

2015 жылы Иллинойс штатында 1,6 миллионға жуық пайдаланушының атынан Facebook компаниясына жеке ақпаратты жариялады деп айып тағылды. Аудандық судья Джеймс Донато айыптаушылардың талабынан кейін бітімгершілік келісімді мақұлдады. Келісім бойынша компания шағымданушыларға 650 миллион доллар төлейді. Бұл туралы Голос Америки сайты хабарлады.

Донато бұл келісімді ақпараттың құпиялылығын бұзғаны үшін компанияға берілген ең үлкен талаптардың бірі деп атады. “Шағымданушылардың әрқайсысы кем дегенде 345 доллар өтемақы алады”, – деді судья.

1,6 миллион фейсбук қолданушыларының атынан сотқа жүгінген адвокат Джей Эдельсонның айтуынша, шағым жасалмаған жағдайда өтемақы чектері шағымданушыларға алдағы екі ай ішінде пошта арқылы жіберілуі керек.


«Бұл біздің қоғамдастықтың және акционерлеріміздің мүдделеріне сай келгесін, мәселенің шешілгеніне қуаныштымыз»

Сан-Франциско аймағында орналасқан Facebook компаниясының хабарламасынан

Шағымданушылар әлемдегі танымал әлеуметтік желіні Иллинойс штатының биометриялық ақпараттың құпиялылығы туралы заңды бұзды деп айыптады. Компания қолданушылардың келісімін алмай суреттерін бетті тану технологиясы үшін қолданған.

Штаттың биометриялық құпиялылық туралы заңы қолданушыларға биометриялық деректерді жинайтын компанияларды сотқа беруге мүмкіндік береді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz