Facebook үшін 5 сабақ

Болжамдар қате болды

2008 жылғы қаржы дағдарысынан соң әлем экономикасы құрдымға кеткен жоқ. Салық төлеушілердің қаржысының арқасында банктер қайта бас көтеріп, көп институттардың шаруасы өрге басты. Бірақ, бұл дағдарыстың жалғыз салдары – халықтың қаржы секторына деген сеніміне селкеу түсті. Дағдарыс болғалы он жыл өтсе де, “басты көше” (халық) “қаржы көшесі” (Уолл стритке) сенбей тұр.

Осыған ұқсас сенім дағдарысы бүгінде технология индустриясына да келді. Facebook пен Cambridge Analytica-ның басшылары өз компанияларының жеке мәліметтерді асыра пайдаланып жатқанын мойындады, яғни технология компанияларына деген сенімсіздік шарықтау шегіне жетіп қалды. “Big Tech”-тің қалған абыройды сақтап қалар мүмкіндігі бар, бірақ бұл үшін олар жұмыс әдісін түбірімен өзгертуі керек. Мұнымен қоса олар он жыл бұрын қаржы секторын күйрете жаздаған қателіктерді жасамауы керек.

Бірінші сабақ

Қаржы дағдарысы кезіндегі алты қателік  технология саласында шешім қабылдаушыларға сабақ болуы тиіс. Біріншіден, тұтынушының сауатсыздығы шығынға ұшыратады. Тұрғын үй “көпіршігі” жарылардың алдында инвеосторлардың көбі ақша салып жатқан өнімдерінің мәнін түсінбеді, кейбірі тіпті бірдеңе сатып алып жатырмыз деп ойламады да. Тек пайдасына ғана мән беріп, қауіп-қатерін көзге ілмеген қаржылық журналистика осы надандықтың белең алуына жол берді.

Қазір жұрт технологияны да солай игеріп жатыр. Компаниялар, үкіметтер мен мекемелер жұмыстарын өздері бақылай алмайтын платформаларға тапсырып жатыр. Технологияға күмән пайда болғанымен, ол тез сейіліп кетеді, себебі технология – оп-оңай бас тарта алатын нәрсе емес. Бірақ, қатерлі қаржы өнімдері сияқты жаңа технологияның қаупін сейілтудің де басты жолы – оның дұрыс жұмыс істемей қалуы мүмкін екенінен толық хабардар болу.

Екінші сабақ – көрінбейтін шығындар.

Қаржы дағдарысына дейін клиенттердің көбі мүлік алғанда банктер көрінбейтін үстемақы мен алымдарды қосты, бұл олардың мойнына ауыр жүк болып артылды. Бүгінде инвесторлардың көбі қайтарымы көп нәрсенің қаупі де көп екенін біледі. Алаңсыз тұтынушылар технология саласында байқамай шығынға ұшырап келеді. Шығынның бір парасы – қоғамдық шығын, яғни жарнама жұртты әлденені сатып алуға мәжбүрлеп жатыр. Екінші парасы – бұдан гөрі анық байқалатын нәрсе, белгілі бір қызметті алу үшін жеке мәліметтерімізді беріп отырмыз.

Үшінші сабақ

Әділетсіз төлем және ынталандыру құрылымы бизнеске нашар әсер етеді. Қаржы дағдарысы өршіп тұрған тұста инвестиция саласындағы банкирлерге шектен тыс көп бонус берілгені туралы көп айтылды. Бірақ, “Силикон алқабындағы” басшылардың да Робин Гуд болып тұрғаны шамалы. Технология бизнесіндегілер инвесторларға “әлемді өзгерткісі келетіндері” туралы айтса айтатын шығар, бірақ олардың көбі өз бизнестерін қымбатырақ бағаға сатудың ғана қамымен жүр.

Төртінші сабақ

Ерлер көп жұмыс істейтін бизнесте тәуекел көп болады. Қаржы дағдарысының тарихын зерделей бастағанда жұрттың көбі “гендерлік әркелкілік болған жағдайда шығын көлемі аз болар еді” деген пікір айтты. Lehman Brothers банкі банкрот болғаннан екі жыл өткен соң, 2010 жылы, Францияның сол кездегі қаржы министрі Кристин Лагард егер бұл банкті “ағалы-інілі Лемандар” (Lehman Brothers) емес, “апалы-сіңлілі Лемандар” (“Lehman Sisters”) басқарғанда дағдарыс әлдеқайда жеңіл болар еді деп мәлімдеді. Қазіргі технология секторы туралы да осылай деуге болады.

Бесінші сабақ

Он жыл бұрын түсінгеніміздей, жаһан экономикасы өзара біте қайнасып жатыр, ірі банкті құтқарсаң да, құрдымға жіберсең де басқаларға әсер етеді. Ірі технология компаниялары туралы да осылай деуге болады. Қанша суға батпайтындай көрінсе де, Amazon мен Google-дың құлдырауы басқаларды құрдымға ала кетеді. Көп жұрт технология компанияларын цензура, білімге қолжетімділік тұрғысынан реттеу ақылға сыймайды деп қарсылық білдіргенімен, қаржы саласындағы әріптестері сияқты бұл компаниялардың да ұлғайып кеткені сондай, оларды еркіне қалдыруға болмайды.

Қаржы дағдарысы болғалы бергі он жыл ішінде құрылымдық өзгерістер болып, банк және қаржы қызметі саласы біраз реттеліп қалды. Заңдық реттеудің арқасында транспаренттілік артып, тұтынушылар көбірек ақпарат алатын болды. Бірақ ескі динамика, билік құрылымы және күмпиген жалақы сақталып қалды. Сондықтан, бұл саланың беделі өте төмен.

Технология саласы осының кебін кимеуі үшін көшбасшылар тұтынушылардың өздері ұсынып отырған өнімдер туралы, олардың қауіп-қатері туралы білімін арттыруы тиіс. Басшылар тәртіпті қатаңдатып, еңбектегі әркелкілікті қолдап, әділетті төлем және ынталандыру шараларын қолға алуы тиіс. Ең бастысы – технология саласының басшылары басқа секторларды дағдарысқа ұшыратқан қателіктерді жібермеуі керек. Әлемнің экономикасын түбірімен құрдымға жібере жаздаған бұл оқиғадан айқын мысал жоқ.

Facebook үшін 5 сабақАлександра Борчардт – Reuters журналистиканы зерттеу институтының стратегиялық даму директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz