Депутат Мақпал Тәжмағамбетова сөзіне фактчек

20 қазанда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақпал Тәжмағамбетова зағиптар мен арнайы кітапханалар жайында бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 56:48)

Мәлімет үшін айтар болсақ, елімізде 100 мыңға жуық зағиптар мен көзі нашар көретін адамдар бар.

Мақпал Тәжмағамбетова

Үкім: Жартылай шындық

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бізге ұсынған дерегіне сай, елімізде барлығы 89 мың адам көзіне байланысты мүгедектігі бар.

Ал, IAPB Көру атласы дерегіне сәйкес, 2020 жылғы жағдайға сай, елімізде 2,3 миллион адамның көзі нашар көрсе, олардың 60 000-ы зағип жандар.

8,5 мыңнан астам оқушының көру қабілеті нашар.

Мақпал Тәжмағамбетова

Үкім: Шындық

Былтыр Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры көру қабілеті бұзылған, көзі көрмейтін және нашар көретін балалар санатында 8 312 оқушы бар екенін айтқан.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сай, жалпы көзіне байланысты мүгедектігі бар бала саны — 5 мың.

Жалпы айтар болсақ, статистика бюросының дерегінде (С-36-Г-2020 (каз).pdf), 2020 жылы 0-14 жастағы балаларды профилактикалық тексеру нәтижесінде, қаралған 1 000 балаға шаққанда көру қабілеті төмендер саны 12,8 болған. Яғни, сол жылы елімізде 5 372 836 бала 0-14 жас аралығында болса, оның 68 772,3-інің көру қабілетінде проблема бар.

Ал мамандандырылған кітапханаларда, жалпы республика бойынша 33 мыңнан астам адам тіркелген.

Мақпал Тәжмағамбетова

Үкім: Шындық

Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сай, арнайы кітапханаларда тіркелген зағип және нашар көретін адам саны — 33 889, оның ішінде зағип оқырман саны — 32 989.

Ал статистика бюросының дерегіне сәйкес, былтыр елімізде барлығы 3 925 кітапхана болса, оны пайдаланушы саны 4 231 967 адам болған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz