Денсаулық туралы кодекс – халық игілігі үшін бе әлде керісінше ме?

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Кодексі қоғамның қызу талқысына түсті. Жобаны әзірлеушілер ұсынған кей жаңашылдықтар түсінбеушілік пен наразылық тудырды. Қазақстандықтар төменде көрсетілген тақырыптарды талқылап жатыр (наразылық тудырғандары *курсивпен және жұлдызшамен белгіленген*).

Кодексте наразылық тудырған тұстар:

  • Профилактикалық екпелерді міндетті түрде алу және егілмеген балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жібермеу *адам құқықтарына қарсы және халық арасында вакцинаға деген сенімсіздікті одан сайын күштейтеді*.
  • Қайтыс болған адамның органдарын алып қоюға қарсы болған жақындары мен қамқоршыларының құқығын шектеу *адам құқықтарына қарсы және медицинаның осы саласында қылмыстың көбеюіне әкелуі мүмкін*.
  • Халықтың осал топтарына биомедициналық зерттеулер жүргізу мүмкіндігі *этикалық тұрғыдан күмәнді іс-шара*.
  • Азаматтардың жеке медициналық мәліметтерін бір орталыққа жинау және өңдеу *мәліметтердің өзге біреулердің қолына өтіп кету қаупі бар және адам құқықтары тұрғысынан заңсыз*.
  • 16 жасқа толған балаға медициналық манипуляциялар (аборттардан басқа) және емдеу тәсілдері бойынша өз бетінше шешім қабылдауға рұқсат беру *баланы түрлі зиянды медициналық іс-әрекеттерге итермелеу қаупі бар*.
  • Баланың «дұрыс сексуалдық тәлім-тәрбие алу» құқығы *жасына қарамай берілген жыныстық білім беру жас ұрпақтың азғындауына және адамгершілік пен ар-ұяттың жоғалуына әкеледі…*.
  • Скрининг зерттеулерін міндетті түрде өту *дөрекі мәжбүрлеуге пара-пар және медициналық қызметтерді еркін және ерікті түрде алу қағидатына қайшы келеді. Бұл Кодекстің 7-бабы, 1-тармағында және ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 8-бабында бекітілген*.

Кодекстің жоғарыда көрсетілген нормаларында талқыланған кей мәселелерді біз «Халыққа қарсы бағытталған ҚР-ның «Халық денсаулығы туралы» кодексін тоқтатамыз!» атты петициядан алдық. Қазіргі кезде ол 6,5 мыңнан астам қол жинады. Айта кетейік, аталған кейбір тақырыптар петицияға енбей қалған, бірақ әлеуметтік желіде белсенді талқыланып жатыр.

Біз бірнеше материал аясында ең көп талқыланған мәселелерді түсіндіруге және талдауға тырысып көреміз.

Зерттеу және этика

Мәлімдеме: халықтың осал топтарына биомедициналық зерттеулер жүргізу этикалық тұрғыдан күмәнді іс-шара

Үкім: Үкім жоқ

Халықтың осал топтарының биомедициналық зерттеулерге қатысуына байланысты норманың Қазақстанда жұмыс істеп тұрғанына бір жылдан асты. Алайда, детальдарға үңіліп қараңыз. Осы мәселе бойынша бізде күдік тудыратыны тіпті этикалық мәселе емес.

Біз бұл тақырыпты клиникалық сынақтарға арналған материалымызда жан-жақты талқылаған едік. Қазіргі Кодексте «Медициналық зерттеулер жүргізу» деген 180-бап бар. Оның 5-тармағына сәйкес, медициналық зерттеулер тек келесі жағдайларда ғана жасалады: медициналық зерттеулерді басқа адамдарға жүргізу мүмкін болмағанда; мұндай медициналық зерттеулер адамдарға пайда әкелетін болса және келетін пайда медициналық зерттеулер салдарынан туындайтын қауіп-қатер мен ыңғайсыздықтан көп болатынына ғылыми негіз болғанда. Бұл санатқа кіретін адамдар тобы:

  1. кәмелетке толмағандар;
  2. жүкті әйелдер;
  3. әрекетке қабілетсіз адамдар;
  4. медициналық зерттеулерге қатысуы өздерінің оқуымен байланысты жағдайларда білім алушы адамдар;
  5. бөгденің көмегіне мұқтаж жасына байланысты зейнеткерлер;
  6. әскери қызметшілер;
  7. медициналық зерттеулер жүргізілетін медициналық ұйымдардың персоналы;
  8. қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдар.

Бұл ретте «Биоэтика жөніндегі комиссия» деген 181-бап осы органның жұмысын реттейді.

Осы редакциядағы 180 және 181-бап 2018 жылдың желтоқсан айында қабылданған болатын.

Ұсынылып отырған (жаңа) Кодексте, тиісінше, «Биомедициналық зерттеулер» деген 232-бап және «Биоэтика жөніндегі комиссия» деген 233-бап бар. Жалпы мағынасы және анықтамасы бойынша, бұл баптар «ескі» Кодекске ұқсайды, алайда айырмашылықтар да бар (мысалы «Медициналық зерттеулер жүргізу» деген «Биомедициналық зерттеулер» деп өзгерген). Айтарлықтай айырмашылық биомедициналық зерттеулерге қатысатын адамның өмірі мен денсаулығын сақтандыруға қатысты болып тұр.

  • Қазір: 8-тармақ: Медициналық зерттеулер жүргізудің міндетті шарттары – зерттеуге қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы құжаттарды ресімдеу және биоэтика жөніндегі комиссияның оң қорытындысы.
  • Ұсынылады: Т.9.: Биоэтика жөніндегі комиссияның оң қорытындысы, ал интервенциялық клиникалық зерттеулер үшін зерттеуге қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы құжаттарды ресімдеу де биомедициналық зерттеулер жүргізудің міндетті шарты болып табылады.

Осылайша, өмірді және денсаулықты міндетті сақтандыру нақты интервенциялық клиникалық зерттеулер қатысушылары үшін ұсынылады.

Интервенциялық зерттеулердің айырмашылығы – олар «жаңа дәрілік препараттарды немесе қолданыста бар дәрі-дәрмектерді тіркеу құжаттарында ұсынылмаған өзге тәсілмен зерттеуді көздейді» (онда доза, препаратты адам ағзасына енгізу тәсілі, пациенттердің санаты және т. б. өзгешеліктер болуы мүмкін).

Осыған дейін жазғандай, біз үшін дәрі-дәрмектер мен емдеу әдістерін зерттеу жұмыстарына халықтың осал топтарын қатыстыру, бір қарағанда, дұрыс шешім екені түсінікті әрі ол заңнамалық деңгейде Хельсинки декларациясымен және ICH GCP (International Conference on Harmonisation — гармонизация бойынша халықаралық конференция; Good Сlinical Practice – тиісті клиникалық практика) стандарттарымен үндеседі. Алайда ұсынылып отырған Кодекс бойынша сақтандырылуы тиіс зерттеу қатысушыларының аясы неліктен тарылғаны түсініксіз.

Сексуалдық тәлім-тәрбие

Мәлімдеме: Сексулдық тәлім-тәрбие жас ұрпақтың азғындауына және адамгершілік пен ар-ұяттың жоғалуына әкеледі.

Үкім: Жалған

Петицияда сөз болып отырған 81-бапты сөзбе-сөз келтірсек: «Осы Кодекстің 80-бабында көзделген құқықтардан басқа, әрбір баланың…: 10) қаламаған жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуын болдырмау мақсатында дұрыс жыныстық мінез-құлық туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға құқығы бар.

Расымен, Кодексте жас ерекшеліктері мен берілетін ақпараттың сипаты туралы айтылмаған. Алайда, петиция авторлары, қоғамдық талқылаудың қатысушылары ретінде, 81-баптың нормаларын сынай отырып, ЮНЕСКО-ның құжатын айтады. Олардың айтуынша, құжат өскелең ұрпақ арасында жыныстық еркіндікті насихаттайды, ал ЮНЕСКО-ның өзі сексуалдық тәлім-тәрбиені заңнамалық деңгейде таратып жатыр.

Денсаулық туралы кодекс – халық игілігі үшін бе әлде керісінше ме?

Осы орайда біз өткен жылы әзірлеген материалымызға қайта сілтеме жасағымыз келеді. Ол кезде «БҰҰ-ның балаларды 5 жастан бастап гомосексуализмге оқыту директивасы» деген треш-фейкті жоққа шығарған едік.

Петицияны ұйымдастырушылар біздің бұл материалымызды оқымаған сияқты, себебі олар да ЮНЕСКО-ның 2018 жылғы «Жыныстық ағарту жөніндегі халықаралық техникалық нұсқаулығына» (International Technical Guidance on Sexuality Education) жүгінген. Құжатта гомосексуализмге және жалпы секске мүлдем оқытпайды.

«Sexuality education» сөз тіркесін аудару барысындағы манипуляцияларға тереңдемей қояйық, сондықтан техникалық басшылықтың мәніне бірден көшейік (біз ол туралы да жазған едік). Бұл басшылық мұғалімдерге арнайы тақырыптық жоспарлар ұсынады. Олардың арасында контрацепция, жыныстық және репродуктивті денсаулық, жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу мәселелері айтылады, осыған қоса онда өз құқығыңды, жеке адамның шекарасын біліп-тану және оларды қорғауды үйрету мәселелері бар.

Осылайша, аталған құжат петиция авторларының пікіріне қарама-қарсы мәнге ие. Осыған қоса, біз техникалық басшылықты бүге-шүгесіне дейін оқып шығып, «сексуалдық еркіндіктің» насихатын таппадық.

Жалғасы бар…

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz