ДДСҰ меморандумы және биологиялық қару туралы фейктер қайдан пайда болды?

Жақында әлеуметтік желіде және мессенджерде скриншот тарай бастады. Онда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина атын жамылған, бірақ іс жүзінде адам организмін бұзатын үш инъекция жүйесін жасағаны туралы айтылады.

ДДСҰ меморандумы және биологиялық қару туралы фейктер қайдан пайда болды?

Үзінді орыс жазушысы Татьяна Грачеваның «Когда власть не от Бога» кітабынан алынған. Ол жұмысында 1972 жылғы ДДСҰ туралы меморандумға және америкалық маман Патрик Джорданның зерттеуіне сілтеме жасайды. Ол осы «биологиялық қаруды жасау әдісін» бірінші болып «ашқан».

Factcheck.kz редакциясы бұл деректерді оқырмандар сұранысы бойынша тексерді.

Қысқаша мазмұны:

  • Татьяна Грачева – Ресей Федерациясы Бас штабы Әскери академиясының бұрынғы қызметкері. Ол бірнеше рет антисемитизм мен қастандық теорияларын таратты деп айыпталған. Өйткені ол өзінің кітаптарында «көрінбейтін Хазария» туралы жиі жазды. Оны Ресейдің басты жауы санады және «әлемдік еврей қастандық теориясы» тақырыбын көтереді.
  • Патрик Джордан өзін тәуелсіз зерттеуші санайды, бірақ іс жүзінде оның кәсіби дағдысы мен білімі жоқ. Ол дезинформацияны таратумен айналысады, оның көп бөлігі қазіргі заманғы медицинадағы вакцинация және қара магия тақырыбына арналған.
  • ДДСҰ-ның 1972 жылғы меморандумы бар екені рас. Дегенмен ол жерде ғалымдар кейбір вирустың организмнің табиғи иммун реакциясын бұзуы мүмкін екенін болжады. Солайша жасушаларды бұза алатын антиденелердің өте көп мөлшерін шығаруы мүмкін екенін айтты. Зерттеу алдын ала жүргізілген еді, мамандарды осындай ықтималдыққа назар аударуға шақырды.
  • Вакцинация тақырыбы меморандумда бір рет қана айтылған. Ақпарат расталса, онда бірқатар вакцина қауіпсіздігін қайта бағалау қажет болар еді, өйткені олар антиденелердің шамадан тыс мөлшерін шығара алады. Дегенмен зерттеу вакциналар туралы емес, табиғи вирустар жайлы еді.

Татьяна Грачева, қастандық теориялары және антисемитизм

Татьяна Грачева біраз жыл РФ Қарулы Күштері Бас штабының Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы ғылыми қызметкері болды. Әскери академия мен Бас штабтың жоғары курстарын «Ұлттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша бітірген.

Оның библиографиясында «Көрінбейтін Хазария: геосаясат алгоритмдері және әлемнің жасырын соғыстары стратегиясы», «Киелі Ресей Хазарияға қарсы: геосаясат алгоритмдері және әлемнің жасырын соғыстары стратегиясы» немесе «Демократия жобасы: өлтіру құқығы». Кітаптар жалпы тиражы 100 мыңнан астам данамен жарық көрді.

«Билік Құдайдан емес кезде: геосаясат алгоритмдері және әлемнің жасырын соғыстары стратегиясы» кітабының 320-бетінде автор әлемдік үкімет, жаңа біртұтас валюта, Ватиканның КСРО-ға қарсы крест жорығы, тұмауға қарсы вакциналардың  қаупі және жаппай вакцинациялау арқылы чиптер енгізу туралы баяндайды. Грачева антисемитизм және қастандық теорияларын таратқаны үшін бірнеше рет айыпталды.

Тарих ғылымдарының докторы, Ресей Ғылым академиясының Миклухо-Маклай этнология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері Виктор Шнирельман «Хазар мифі: Ресейдегі саяси радикализм идеологиясы және оның шығу тарихы» кітабында он бетте (112-) 121) Грачеваның шығармашылығына оның тарихшы және саясаттанушы ретіндегі құзыреттілігіне күмән келтіріп, теріс баға береді. Оның кітаптарының мазмұны да сипатталған, Грачеваның көзқарасы қастандық теориясы ретінде қарастырылды.

Адам құқықтары жөніндегі Мәскеу бюросы директоры Александр Брод былай деген еді: «Грачеваның кітабы – шовинистік, жалған православие, антисемиттік мифтер жиынтығы. Мұның бәрін зиянсыз деуге болмайды, өйткені бұл қылмыстық кодекстің және экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заңның бірқатар баптарына сай келеді».

МБПЧ эксперті, тарих ғылымдары кандидаты Семен Чарный 2009 жылы Грачеваның кітаптарының шығуын антисемитизмнің айқын көрінісінің бірі деп атады. Тель-Авив университетінің шолуы Грачеваның кітаптарын антисемиттік деп сипаттады.

Біз COVID-19 пандемиясының басталуымен қастандық теориялары қайта тарала бастағанын бірнеше рет жаздық. Атап айтқанда, бұл – конспирологтар жаппай вирус жұқтыру қаруы санайтын КВИ-ге қарсы вакциналар. Олар өзінің сөзі рас екеніні «дәлелін» Грачева кітабынан тапты.

Патрик Джорданның ғылымға қарсы зерттеулері

Татьяна Грачева кітабында вакциналар биологиялық қару екенін дәлелдеген америкалық Патрик Джорданның зерттеуіне сілтеме жасайды.

Патрик Джорданның өзін мета-анализге маманданған тәуелсіз зерттеуші деп атайды. Солай бола тұра оның ғылыми дәрежесі де, кәсіби білімі де жоқ. Ол тәжірибесін түрлі салада жұмыс істеуден, әлемді шарлап, өз бетінше оқудан алды.

Ол еңбектерінде вакцинаны ғана емес, ғылымға қарсы риториканы да насихаттайды. Мысалы, вакциналардың қаупі туралы сол «зерттеуде» ол заманауи медицинаны – «қара магияны қолданатын жалған ғылым» деп атайды.

Сол жұмыста Джордан вакциналар қатерлі ісіктен деменцияға дейінгі көптеген аурудың пайда болуына түрткі болатынын жазған. Ал вакцинация бағдарламасын оккультивті рәсімдерді қолдана отырып, әскерилендірілген холокост санайды. Ол вакцина адамдарды ғана емес, жануарларды да, өсімдіктерді де, тіпті тағамды да улайтынын жазады.

Автордың айтуынша, ол 100-ден астам ғылыми еңбек жазған, бірақ олар ешқандай ғылыми журналда жарияланбаған. Барлық «зерттеуі» өзінің сайтында кітап түрінде және сауда алаңдарында сатылады.

Сол сайтта ол түрлі ауру бойынша медициналық кеңес беру қызметін ұсынады. Оның құны – 100 доллар, таңертеңгі 10-нан кешкі 10-ға дейін хабарласуға болады. Ол өзінің гомеопатия, тамақтану, көгалдандыру, тіпті гитараны өз бетінше үйрену оқулықтарын да сатады.

ДДСҰ-ның 1972 жылғы меморандумына фактчек

Скриншотта ДДСҰ-ның 1972 жылғы «Virus-associated immunopathology: animal models and implications for human disease» туралы меморандумы туралы да айтылады. Онда үш сатылы вакцинаның әрекет ету жүйесі жазылған-мыс.

Грачеваның кітабында бірінші инъекция лейкоциттерді өшіріп, адамның иммун жүйесін ажыратады, екінші инъекция өлімге әкелетін вирус жүктейді, ал үшінші вакцинация вирустарға қарсы антиденелерге күшті шабуыл жасау үшін иммунитетті қайтадан қосады, ал бұл адамды өлтіреді дейді.

Үкім: Жалған және Манипуляция

Құжаттың бар екені рас және екі бөлікке бөлінген (1-бөлім және 2-бөлім), бірақ ол жерде вакцинацияға көңіл аз бөлінген. Меморандум жануарларға вирус ауруларының әсерін зерттеуге және сол бақылаулардың адамдағы ауруларды түсіну үшін қолдануына арналған. Ғалымдар вирустың кейбір түрі антиденелер өндірісін бұзуы мүмкін, соның кесірінен организмге зиян келуі мүмкін деп болжайды. Есепте келтірілген мәліметтер бұрмаланып, иммун жауабы процесін бұзатын және адамды өлтіретін вакцинаны салу туралы айтқандай ұсынылды.

Бірқатар зерттеу бойынша, ДДСҰ вирустың әсерінен жануарларда организмнің қатты зақымдануы вирустық антигендерге қарсы антиденелердің көп мөлшерін өндіруіне байланысты болуы мүмкін деп болжады. Ғалымдар ауыр асқынуларды тудыратын бірқатар вирус антиденелер шығару қабілетін басады немесе керісінше реакцияны күшейтеді деп санады.

Бірқатар вирус өздері еніп жатқан жасушалардың бетіне жаңа антигендер шығарады деп есептеледі. Нәтижесінде антидене осы антигендерге жабысып, организмдегі жасушаларды бұзады.

Джордан мен Грачева қандайда бір жұмбақ түрде ДДСҰ мамандары үш сатылы вакцинаны енгізу эксперименті нәтижесінде организмнің жойылу процесін сипаттайды деп санайды. Дегенмен, бұл жерде инъекция туралы әңгіме боп отырған жоқ. Вакцина мәтінде бір рет қана айтылады, қалғанында вирус инфекциясы нәтижесінде жануарлардағы антиденелердің табиғи түзілуі туралы айтылады.

Жалпы алғанда, ДДСҰ есебі адамдарда мұндай реакцияның болу мүмкіндігіне назар аударуға шақырады. Бұл денге безгегі, қызылша, лейкемия, қатерлі ісік және басқа да ауыр ауруларды емдеуге кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл зерттеулер расталса, бірқатар вакцинаның қауіпсіздігін қарау қажет болатыны айтылды.

Factcheck.kz