Дағдарыс вирустан да қауіпті: Неге?

Экономикалық шолушы Сергей Домнин Factcheck.kz оқырмандарымен инфодемия салдарынан назардан тыс қалған дүниелер туралы ойымен бөлісті.

Қазақстанда 15 наурыздан бері енгізілген төтенше жағдай мен біртіндеп елдің барлық аудандарында орнатылып жатқан қатаң карантин коронавирус эпидемиясын бақылауда ұстап, таралу динамикасын төмендетіп, денсаулық сақтау жүйесіне түскен салмақты азайтуға арналған.

Обьективті деректер мен саяси шешімдердің қалай қабылданғаны туралы ақпарат болмағандықтан, бұл шешімдердің сапасы мен уақытылы енгізілгеніне қатысты баға бере алмаймын. Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық және экономикалық жағдайдың қандай екеніне қарамастан, егер мемлекет билігі бұдан қатаңдау немесе жұмсақтау шара қабылдағанда дұрыс болар еді деу – болжам мен қиял ғана.

Карантин бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді тудырғаны факт. Оның ауқымын нақты айту әзірге қиын (статистика кешігіп жатыр), бірақ қазірдің өзінде көбірек зардап шеккен экономика салалары мен көбірек қауіп төніп тұрған аймақты айтуға болады.

… карантин соққы болды

Карантиннің әлеуметтік-экономикалық әсерінің негізгі екі негативі – жүріп-тұру мен өндіріс қызметін шектеу.

Адамдар мен жүктердің (өнеркәсіп шикізаты мен жартылай фабрикаттар және азық-түлік тауарларынан басқа) ел аймақтары арасында тасымалдануы бірден тоқтатылды. Бұл қалааралық, теміржол және әуе жолаушылар тасымалының толығымен тоқтауына әкелді. Сәуір айында қала ішіндегі көлік қызметі бірден қысқарды.

Жүріп-тұруға қойылған шектеу әсіресе агломерациялы мен соған сәйкес жоғары маятникті миграциялық қалалар – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбеде сезіледі.

Мәселен, Алматы қаласының ішіндегі тұрғындар саны 2 млн шамасында, сонымен қатар 1 млн-ға жуық адам қалаға жақын Алматы облысының аудандарында тұрады. Адамдардың көпшілігі үшін Қазақстанның оңтүстік астанасы еңбек ететін, оқитын, демалатын; өмір сүру үшін табыс табатын және ақшаны құртатын орын болды. Билік өкілдері барлық қызмет түріне шектеу қоймағанның өзінде үй шаруашылығымен айналысатындардың табысы мен сұранысқа үлкен әсерін тигізетін еді.

Жүріп-тұруға қойылған шектеу өндіріс тізбегін үзді. Қаланың кеңею логикасы (жер бағасының өсуі, баспана мен еңбек) өндіріс мекемелерін қала сыртына орналасуға мәжбүрледі, осылайша географиялық тұрғыдан жеткізу тізбегі екіге бөлінді: шикізат пен жартылай фабрикат өндіру облыста болса, өндірістің қорытынды кезеңі мен тауарды өткізу қалада. 2019 жылдан бері қала билігі «Үлкен Алматыны» бірыңғай экономикалық жүйе деп айтып жүргеніне қарамастан, наурыздың соңында Алматыда енгізілген карантин қандай да бір себептермен осыны ескермепті.

Алматы мен Нұр-Сұлтандағы өндірістік қызметке шектеу әуелі мемлекеттік сектор (мемлекеттік қызмет, қорғаныс, қауіпсіздік), медицина қызметкерлері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, азық-түлік және медициналық құралдар өндірісінен басқа барлық қызмет түріне қатысты болды және ол ішкі сұраныс пен жұмыспен қамтуға үлкен соққы болды.

Бәрінен қызмет көрсету саласы көп зардап шекті. ҚР өндіріс қызметі секторында (мемлекеттік сектор мен денсаулық сақтаудан басқа) 4,9 млн адам немесе барлық жұмыс күшінің 56% жұмыспен қамтылған. Дегенмен сервистік сектордың жұмыспен қамту үлесі біркелкі емес. Алматыда қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылғандардың 74%-ы, Нұр-Сұлтанда 66%-ы бар. Осы қалаларда мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау жүйесі, өндірістік тауарларды сатудан басқа, барлық қызмет көрсету саласындағы өндірістік қызметке әкімшілік тыйым салынды.

Қызмет көрсету саласының көп бөлігі қиындыққа тап болғанына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері дәлел. Онда 15 сәуір күнгі мәліметке сәйкес, әлеуметтік төлем алу үшін 4,7 млн адам жүгінген (жұмыспен қамтылғандардың 54%-ы). Шамамен 2,5 млн адамға (жұмыспен қамтылғандардың 29%-ы) төлем тағайындалды.

Маңызды бөлік — локдауннан көбірек зардап шеккен сервис секторына жастардың көп бөлігі кіреді (жұмыс күшінің құрамына кіретін 18-28 жастағы адамдар): мемлекеттік сектор мен денсаулық сақтауды есепке алмағанда, мұнда 1,2 млн-ға жуық адам, яғни барлық жастардың 58%-ы еңбек етеді. Карантин салдарынан кем дегенде 10-20%-ы жұмыс орындарын сақтап қалғанның өзінде, 1 млн адам уақытша жұмыссыз қалды. Шамамен 1,1 млн адам NEET тобына кіреді (Not in education, employment, or training — оқымайды, жұмыс істемейді, қайта даярлаудан өтпейді). Экономика қатаң карантин режимінен неғұрлым ұзақ шықса, NEET соғұрлым көп болады.

Қауіп аймағында кімдер бар?

Карантин кезінде нақты экономика секторының кәсіпорындары – ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, энергетика және сумен жабдықтау, сондай-ақ құрылыс қызметін тоқтатқан жоқ. Экономиканың осы бөлігінде ЖІӨ-нің 37,2%-ы және 2,9 млн адам (жұмыспен қамтылғандардың 33%-ы) жұмыспен қамтылған.

Алайда, бұл ұйымдардың қызметін тоқтату ел ішіндегі экономикалық өмірдің толық тоқтауына алып келуі мүмкін. Сондықтан бірінші кезеңде локдаун оларға тимеді. Алайда, өнеркәсіптік кәсіпорындар коронавирустың таралу қаупіне байланысты жұмысын тоқтатуы мүмкін. Ең үлкен зардап ірі кәсіпорындарда болуы ықтимал, онда көптеген жұмысшы шоғырланған және тез тоқтатуға, содан кейін тез қайта іске қосуға болмайтын технологиялық процестер бар. Мұндай салаларға мұнай-газ өндіру және өңдеу, тау-кен металлургия кешені жатады, олар ҚР экономикасының, оның экспортының негізі.

Географиялық және ресурстық шоғырлану қауіпті күшейтеді: елдің 3 ірі кен орнында — Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ – қазақстандық мұнайдың 58%-ға жуығы өндіріледі (2019 жылғы дерек).

Өнеркәсіп алыптары (әсіресе тау-кен металлургиялық компаниялар) жергілікті энергетикалық қуаттармен байланысты (КОРЭМ деректері бойынша, Қазақстанда 18 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын барлық электр энергиясының 33%-ын тұтынады), тиісінше, олардың энергия тұтынуы қысқарғандықтан, ел көлемінде электр энергиясын өндіру көлемінің төмендеуіне бірден әсер етеді. Бұл автоматты түрде көлік қызметтерін (шикізатты, отынды және дайын өнімді тасымалдау) пайдалануды азайтады.

Өндірістің қысқаруы немесе тоқтауы жұмыспен қамту мәселесіне әкеп соғады, ал оларды, әсіресе, көптеген ірі өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан моноқалаларда шешу қиын.

Карантиннің кейбір салдары қазірдің өзінде байқалады: вахталық әдісті қолданатын кәсіпорындар коронавирусқа байланысты шектеу  енгізілгеніне байланысты жұмысшыларды уақтылы алмастыра алмай отыр.

Ауыл шаруашылығы үшін өндірісте жаппай жұқтыру қаупі жоғары емес, сондықтан локдаунның болуы екіталай. Алайда ауыл шаруашылығы қалалардан өнеркәсіп өнімдерін (ең алдымен, отын, гербицидтер, пестицидтер, ауыл шаруашылығы техникасы және оның жинақтаушылары) жеткізуге тәуелді.

Шектеу шаралары наурыз және сәуір айларына (мамыр айына созылуы мүмкін), яғни ҚР-да көктемгі егіс жұмыстары өтетін айларға (КЕЖ) тура келді. ҚР Үкіметі диқандардың қолжетімді бағадағы қажетті отынмен қамтамасыз етуге өкім еткеніне қарамастан, бұл бағытта біраз мәселе бар.

ҚР Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 2020 жылғы 14 сәуірдегі жағдай бойынша ауылшаруашылығы операторлары айлық көлемнің 19,4%-ын игерді. Еліміздің өсімдік шаруашылығы өнімінің шамамен 11%-ын және бидайдың 30%-ын өндіретін Ақмола облысы наурыз айында жоспарлы көлемнің 67%-ын, сәуір айында (айдың жартысы) – 7%-ын шығарды. Себебі әр түрлі —отынды көтерме бағамен сататындардың қыңырлығы мен диқандардың өздерінің баяу жұмыс істеуіне дейін тізуге болады. Бұл көктемгі егіс жұмыстары созылатынын білдіретін қосымша дәлел, оны қатаң карантиннен басқа себеппен түсіндіру қиын.

КЕЖ созылуы жыл қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің қысқаруына алып келуі мүмкін, ал бұл ел ішіндегі азық-түлік бағасының жоғарылайтынын және экспорттық түсімнің қысқаратынын білдіреді. Яғни, бізде азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін.

Қазақ тіліне аударған – Балнұр Қожагелді

Обьективтілікті сақтау үшін Factcheck.kz редакциясы жарнамадан бас тартып, мемлекеттен, ірі компаниялар мен саяси топтардан алшақ болу принципін ұстанып, тәуелсіздігін сақтап келеді. Қазір Factcheck.kz сіздердің қолдауларыңызға мұқтаж. Оқырмандарымыздың біздің шотқа аударған қаржысы – фактчекер-журналистер, аудармашылар мен ұжымның басқа мүшелеріне еңбекақы, қаламақы төлеу үшін қажет. Олар ары қарай да тоқтамай еңбек етіп, шындықты, жалған мен манипуляциядан ажырата бермек. Біз сенімді дереккөзден тексерілген тәуелсіз ақпарат алуға әркімнің құқы бар екеніне сенеміз.


Өтінеміз, кез келген сомманы таңдаңыз…



немесе өзіңіздің біздің есепке аударғыңыз келген соманы жазыңыз

Сергей Домнин
Экономический обозреватель, редактор проекта Ekonomist.kz. С 2008 года пишет для ряда общественно-экономических онлайн- и офлайн изданий, возглавлял казахстанский деловой журнал “Эксперт Казахстан”