COVID-19 экспресс-тест нәтижесі дұрыс па?

Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты көп зертхана өз жұмысын тоқтатты, сондықтан коронавирус белгілері бар қазақстандықтар үшін ПТР-тест тапсыру қиындап кетті. Осы орайда нарықта үйде отырып-ақ, өз бетінше тапсыра беруге болатын түрлі экспресс-тест пайда болды. Олардың бағасы өндіруші еліне байланысты әртүрлі. Экспресс-тест артықшылығы: жұқтыру қаупі бар жерге бармаймыз, яғни зертхана алдында кезекте тұрудың және нәтижелерді күтудің қажеті жоқ. Экспресс-тест нәтижені 10-15 минутта көрсетіп береді.

Factcheck.kz редакциясы бұл тесттер нәтижені қаншалықты дұрыс көрсететінін және қазіргі жағдайда оны ПТР-тесттің баламасы ретінде пайдалану қаншалықты дұрыс екенін анықтауға тырысты. Ол үшін біз сарапшы ретінде Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының кеңесшісі Елена Хегаймен сұхбаттастық. Әңгіменің тоқетері – мұндай тесттерді аурудың бастапқы кезеңінде қолдану тиімсіз.

Тестті сатушылар не ұсынады?

Аса танымал интернет-дүкен Швейцария немесе Қытайда жасалған COVID-19 IgG/IgM антиденелерін жылдам анықтайтын тест-кассеталарды ұсынады. Оның сипаттамасында былай жазылған:

Тесттер 10 минуттың ішінде 97,5% дәлдікпен коронавирус инфекциясының көрсеткіші саналатын IgG мен IgM антиденелерін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экспресс-тест аурудың кезеңдерін де көрсете алады, мысалы: ауырып қалдыңыз, ауырып жатырсыз немесе ауырып шықтыңыз.

Осыған қоса қазіргі кезде Алматыда WhatsApp-чаттар арқылы Қытайда шығарылған арзан тесттер де сатылып жатыр. Олар зертханада жасалатын тестілеуден әлдеқайда арзан, алайда олар қораппен сатылады (бір қорапта 25 дана тест). Біз сондай экспресс-тест сатушымен байланысып көрдік, ол бізге «барлық рұқсат құжаттарым бар» деп жауап берді.

COVID-19 экспресс-тест нәтижесі дұрыс па?

Сатушы бізге тестті пайдалану нұсқаулығы мен сипаттамасын жіберді:

Жаңа коронавирусқа (COVID-19) IgG / IgM арналған экпресс-тест дегеніміз –адамның қанындағы, сарысуындағы немесе плазмасындағы уханьдық коронавирусқа қатысты IgG және IgM антиденелерін сапалы әрі жылдам анықтауға арналған COVID-19 инфекциясын анықтауда қосымша көмек ретінде пайдаланылатын хроматографиялық иммуноанализ. Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығымен мақұлданған (нақты уақыт режимінде ПТР-мен салыстырғанда).
Үлгі түрлері: жаңа алынған қан / қан сарысуы / плазма.
Тестілеу уақыты: 15 минут.
Сезімталдық: 92.5%.

Егер нұсқаулыққа назар салып қарайтын болсаңыз, тест тек зертхана жағдайындағы кәсіби диагностикаға арналған. Алайда ол барлығына сатылып жатыр.

Сақтық шаралары:

1. Тек зертхана жағдайындағы кәсіби диагностикаға арналған. Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолданбаңыз.
2. Алынған сынамалармен немесе жиынтықтармен жұмыс істейтін жерде тамақ ішуге, су ішуге немесе темекі тартуға болмайды.
3. Тест зақымдалса, оны пайдалануға болмайды.
4. Барлық сынамаларды пайдалану кезінде сақ болыңыз, олардың құрамында инфекциялық агент бар деп есептеңіз. Сынақ барысында микробиологиялық қауіпке қарсы сақтық шараларын мұқият сақтаңыз және сынамаларды дұрыс жоюдың стандартты шараларын орындаңыз.
5. Сынамаларды тексеру кезінде зертханалық халат, бір рет қолданылатын қолғап және көзді қорғау құралдары сияқты қорғаныш киімдерін киіңіз.
6. Пайдаланылған тест жергілікті ережелерге сәйкес жойылуы керек.

Сарапшы пікірі: COVID-19-дың алғашқы кезеңінде экспресс-тест тиімсіз

Мұны Factcheck.kz сайтына берген сұхбатында отбасылық дәрігер, клиницист, Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының оқытушы-кеңесшісі Елена Хегай да растады.

COVID-19 экспресс-тест нәтижесі дұрыс па?

– Елена, біздің оқырмандарымызға COVID-19 тесттері туралы айтып беруге келіскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Өзіңіз білетіндей, қазіргі кезде ПТР-тест тапсыру өте қиын. Осы жағдайға байланысты нарықта үйде отырып, тапсыра беруге болатын әртүрлі экспресс-тест пайда бола бастады. Зертханалар адам ағынына төтеп бере алмай жатқан кезде осындай экпресс-тестке сенім бар ма, олар кәдімгі диагностикаға балама бола ала ма? Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Зерттеулер нәтижесінде келесі анықталды: екі немесе одан да көп апта бойы COVID-19 белгілері бар, бірақ жағынды сынағы (ПТР) болмаған пациенттерде антиденелер анализі COVID-19-ды анықтауда маңызды рөл атқарады немесе COVID-19-ға ұқсас белгілерге қарамастан, тест теріс нәтижені көрсетеді.

Осы уақытқа дейін жүргізілген зерттеулерге сәйкес, SARS-CoV-2 вирусына қатысты антиденелерді тестілеу COVID-19-бен ауырып шыққан адамдарды анықтау үшін пайдалы болуы мүмкін, алайда нәтижелердің дұрыс/бұрысын анықтайтын негізгі фактор – уақыт.

COVID-19-ды анықтау үшін аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан бастап екі және одан да көп апта өту керек. Тесттердің басым көпшілігі өз тиімділігін дәл осы уақыт аралығында көрсетті. Алайда ауру белгілерінің алғаш пайда болған кезінен 5 апта өткенен кейін бұл тесттер нәтижені қаншалықты дұрыс көрсететіні әлі күнге дейін белгісіз.

Сондай-ақ SARS-CoV-2 антиденелерін анықтау кезінде симптомсыз немесе жеңіл түрде ауырған адамдарға жүргізілген экспресс-тесттің нәтижесі қаншалықты дұрыс екені туралы мәлімет жоқ. Себебі тест жүйелеріне қатысты зерттеулер негізінен аурудың ауыр түрімен ауырып, ауруханада жатқан науқастар арасында жүргізілді.

Зерттеушілер тесттің антиденелерге сезгіштігі (тест анықтай алған, ағзасында COVID-19 болған адамдардың үлесі) тест жүргізілген уақытқа қатты байланысты екенін анықтады. Аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан бастап 8-14 күннен кейін IgG мен IgM антиденелерін анықтауға арналған тесттер COVID-19 болған адамдардың тек 70%-ында ғана дұрыс анықтаған. Алайда зерттеушілер алғашқы симптомдар пайда болғаннан кейін 15-35 күн өткен соң алынған мәліметтерді зерттеген кезде, антиденелер анализі COVID-19 бар адамдардың 90%-дан астамын дәл анықтады. Алғашқы белгілер пайда болғаннан бастап 35 күн өткен соң антиденелер тесттерінің сезгіштігін бағалау үшін зерттеулер әлі де жеткіліксіз. Сондай-ақ тесттер COVID-19-бен ауырмаған адамдардың 1-2%-ында нәтижені дұрыс анықтамаған (жалған, яғни оң нәтиже көрсеткен).

– COVID-19-ға анализді қай кезде тапсыру қажет? Ал егер адамда ауру белгілері болып, тест тапсыруға мүмкіндігі болмаса ше?

– Қазіргі кезде жалпыға ортақ қабылданған халықаралық тәжірибе сәйкес, суық тию немесе гастроэнтерит белгілері бар кез келген ауру COVID-19-дың белгісі болып саналады.

Сіз ең алдымен учаскелік дәрігерге хабарласып, ауру белгілері мен COVID-19-бен ауырған адаммен (егер ондай болса) қарым-қатынасыңыз туралы айтуыңыз қажет. Дәрігер науқастың жағдайына динамикалық бақылау жүргізеді және қажет болса, ПТР-тестті өткізу үшін мобильді бригада жібереді. Өз бетінше ПТР мен экпресс-тест өту ұсынылмайды, себебі зертханаларға ағылған жұрт ол жерде кезекке тұрып, COVID-19-ды дәл сол жерде жұқтырып алуы мүмкін. Егер учаскелік дәрігермен байланыса алмасаңыз, онда мәселені шешу үшін емхана басшылығымен байланысқан жөн.

Осы материал дайындалып жатқан кезде экспресс-тестті заңсыз, ешқандай рұқсат құжатынсыз сатқан адамдар ұсталғаны белгілі болды.

Материалды дайындауға көмектескені үшін Елена Хегай ханымға алғыс білдіреміз.

Фактчекер. Координатор образовательных и исследовательских программ МЦЖ Medianet. Проектный менеджер сервиса опросов Demoscope

Factcheck.kz