Беларусьте оппозиция өкілі Колесникова мен Знак сотталды

6 қыркүйекте Минск соты Беларусь оппозициясының өкілі Мария Колесникова мен Максим Знакты ұзақ жылға түрме жазасына кесті. Колесникова – 11 жыл, Знак 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыптау тарабы оларға 12 жыл түрме жазасын сұраған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Сот Колесникова мен Знакты “ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіруге жария түрде шақырды”, “экстремистік ұйым құрды”, “билікті заңсыз түрде басып алу мақсатында астыртын сөз байласты” деп таныды. Сот жабық өткендіктен процестің қалай болғаны белгісіз.

Белорусь оппозициясы құрған Үйлестіру кеңесінің мүшелері Колесникова мен Знак тағылған айыптарды жоққа шығарған. Бұл іс белсенділердің 2020 жылы тамызда өткен президент сайлауының ресми нәтижесіне қарсы шығуға үндеулерімен байланысты.

“Мария мен Максимді дереу босатуды талап етеміз. Олардың еш кінәсі жоқ. Бұл режимге қарсы тұрған белорус халқына жасалған террор” деді Беларусь оппозициясы жетекшілерінің бірі, отбасының қауіпсіздігіне байланысты былтыр елден кетуге мәжбүр болған Светлана Тихановская үкімнен соң.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz