Аустралияда Facebook желісінен БАҚ материалдары жойылды

18 ақпаннан бастап Аустралия аумағынан бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын қарауға және жаңалықтарға сілтеме жариялауға болмайды. Барлық БАҚ хабарлары әлеуметтік желіден жойылды. Бұл туралы Азаттық радиосы Reuters сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Аустралия билігі интернет алпауыттарды жарнамадан түскен қаржыны олардың платформасында жаңалықтар жариялаған бұқаралық ақпарат құралдарымен бөлісуге міндеттеген соң Facebook осындай шешім шығарды. Бұған дейін Google корпорациясы да егер әлгі заң қабылданатын болса, өз іздеу жүйесін Австралия аумағынан кіре алмайтындай етіп бұғаттап тастайтынын мәлімдеген. Ал Аустралия билігі Google-ге “бұл дұрыс емес” деп жауап берді.

“Ондай іс-әрекет ірі технологиялық компаниялардың өздерін үкіметтен де жоғары қойып, бізге ондай заң жүрмейді деп ойлайтыны жайлы көп елдің көңілін күпті еткен күмәнді растайды” – деп мәлімдеді Аустралия премьер-министрі Скот Моррисон.

Денсаулық сақтау министрі Грег Хант әлеуметтік желілердің шектеу туралы шешімінен кейін қателесіп кейбір мемлекеттік қызметтер мен қоғамдық ұйымдардың да сайттары бұғатталып қалғаны өзін “қатты шошытқанын” айтты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz