Фактчек | Әшімбаев: Қазақстанда оқушылардың 41%-тен астамы орыс тілінде оқиды

ҚР Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев елімізге ресми сапармен келген Ресей Фердерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенкомен кездесуде білім саласына қатысты бірқатар статистика келтірді. Factcheck.kz сайты спикердің мәлімдемелерін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Қазақстанда оқушылардың 41%-тен астамы орыс тілінде оқиды.

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы

Үкім: Жартылай шындық

ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҒЫ МЫНАДА: Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, қазіргі уақытта тек орыс тілінде 412 216 оқушы және аралас мектептерде орыс тілінде 685 891 оқушы білім алады (екеуін қосқанда 1 098 107 оқушы), ал жалпы білім беретін мектептерде 3 481 347 оқушы барын ескерсек, 31,5% оқушы орыс тілінде білім алуда.

Мәлімдеме: Мектептерде 21 мыңнан астам педагог орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бізге берген мәліметі бойынша, қазіргі уақытта орыс тілі мен әдебиетінен 23 725 мұғалім сабақ береді. Оның ішінде орыс тілді мектепте – 2269 мұғалім, аралас мектепте – 21 456 мұғалім.

Елімізде орысша сабақ беретін педагогтердің саны (орыс, қазақ және аралас мектептерде) – 147 375. Ал қазіргі таңда Қазақстан мектептерінде 366 666 педагог қызмет атқарады.

Мәлімдеме: Қазақстанда барлығы 5 мыңнан астам жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Бұл ретте 2 мыңға жуығы орыс тілінде оқытады.

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы

Үкім: Жалған және манипуляция

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 7440 мектеп бар. Оның ішінде 1287 мектеп орыс тілінде оқытады.

Мәлімдеме: Орыс сыныптары бар немесе ішінара орыс тілінде оқытатын 2 мыңнан астам мектеп бар.

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы

Үкім: Жартылай шындық

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, еліміздегі 7440 мектептің 2319-ы аралас тілде, яғни ол мектептерде орыс сыныбы бар және ішінара орыс тілінде оқытады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz