Алматыда Мұхтар Әуезовтің “Америка әсерлері” кітабының тұсаукесері өтті

24 тамызда Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында АҚШ-тың Бас консулы Кэролайн Сэвидж, “Әуезов мұражай-үйінің” директоры Диар Қонаев және Деннис Киннің қатысуымен жазушының «Америка әсерлері» кітабының тұсаукесері өтті.

Әуезовтің 1960 жылы АҚШ-қа барған сапарынан кейін жазған туындысы қазақ және ағылшын тілінде басылып шықты. Очеркті ағылшыншаға Деннис Кин мен Нұргүл Назарова аударған.

Жоба идеясының авторы Деннис Киннің айтуынша, екі жыл бұрын ол америкалық медианың Қазақстан жайында не жазғанын зерттеу үшін БАҚ мұрағаттарына жүгінген.

Әуезовтің Вашингтон, Нью-Йорк, Лос-Анджелес сияқты Американың әйгілі қалаларына сапары көпшілікті таң қалдырды. Сапардан кейін жазған осы кітабы оның басқа шығармалары секілді орыс немесе басқа тілдерге аударылған жоқ. Осыдан кейін Диар Асқарұлымен кездесіп, бұл еңбектің тарихи маңызын талдап, ағылшыншаға аударуды ұйғардық. Бағымызға орай, АҚШ консулдығы идеямызды қолдап, бүгін сіздерге соның жемісін ұсынып отырмыз.

Деннис Кин, жоба идеясының авторы

Тұсаукесерде сөз сөйлеген Кэролайн Сэвэйдж очеркте Әуезовтің “екі ел мен халықтың ұқсас тұстарын таба алғанын” айтты.

Әуезов екі елді жақындата алатын ортақ құндылықтарды таба алды. Шағын мәдени тәжірибе ретінде басталған Әуезовтің сапары екі ел арасындағы отыз жылдан астам тарихы бар мызғымас ынтымақтастыққа айналды.

Кэролайн Сэвэйдж, АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулы

Кітаптың 1500 данасы жарық көрді. Сонымен қатар, туындыны kitap.kz онлайн-кітапханасында тегін оқуға болады.

Контекст

  • 1958 жылы 27 қаңтарда Кеңес одағы мен АҚШ үкіметінің арасындағы «Мәдени, техникалық және білім саласындағы алмасу» туралы келісімге қол қойылды. Соның нәтижесінде, 1960 жылы Әуезов КСРО жазушыларымен бірге АҚШ мемлекеттік департаментінің шақыруымен Америкаға сапар шеккен. 
  • 1961 жылы сапардан бір жыл ө­ткен соң жазушы қайтыс болып, оның «Америка әсерлері» кітабы аяқталмай қалған.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz