Миф пен шындық | Қазақстанда онкология ауруларын емдеу

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, қатерлі ісік – әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі. Дегенмен қатерлі ісіктің көптеген түрін уақытында анықтап, ем тағайындалса науқастар айыға алады. Қазақстанда обырды емдеуге қатысты негатив миф көп, олар қатерлі ісікке шалдыққан науқастың эмоциялық жағдайына жағымсыз әсер етуі мүмкін. Бұл материалда Қазақстанда қатерлі ісікке қатысты тараған пікірлердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін талдаймыз.

МАҢЫЗДЫ! Обыр — адам ағзасының кез келген органы мен жүйесін зақымдай алатын аурулар тобын қамтитын жинақ термин. Бұл қатардағы ауруларды айтқан кезде «қатерлі ісік» (злокачественные опухоли) және «өскін» (новообразование) сөздері де кездеседі.

1-миф: Қатерлі ісікті емдеуге көп қаражат керек

Үкім: Манипуляция

Ылғи бұлай бола бермейді. Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, босқындар мен Қазақстан Республикасы аумағында тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар онкологиялық көмекті тегін ала алады. Науқас басқа елде емделгісі келсе ғана ақы төлеуі керек.

ҚР-да қатерлі ісікті емдеу, расында, қымбат. Мәселен, Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында сәулелік терапияның бір сеансының құны – 5 000 – 40 000 аралығында. Ереже бойынша, науқастар сәулелік терапияның бірнеше сеансынан өтуі керек. Онкология кезінде тағайындалатын одан да қымбат медициналық тәсілдер бар: бірінші және екінші дәрежелі метастаздық ісікке тамыр ішінде жасалатын химиоэмболизацияның дәл сол Онкология және радиология ҚазҒЗИ-дегі бағасы 980 000-ға жетеді.

Бірақ! Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 12 қарашадағы № ҚР ДСМ-112 бұйрығына сәйкес Қазақстанда науқастарға онкологиялық көмек ТМККК (Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі) аясында тегін көрсетіледі. Ал ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 196-бабында «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ дәрілік қамтамасыз етуді қамтиды», делінген. ТМККК аясында онконауқастарға тіпті томотерапия сынды жоғары технологиялық қызметтер де қолжетімді.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылдың 26 мамырындағы № ҚР ДСМ-45 бұйрығына сәйкес, кей жағдайларда онконауқастар шетелде ем алуға квота ала алады.

«Қатерлі ісікті емдеу өте қымбат» деген түсінік қатерлі ісікке шалдыққандар, олардың туыстары мен қайырымдылық ұйымдары үнемі ақша жинап жататынын көргеннен кейін қалыптасса керек. Бірақ мұндай жағдайда қаражат ҚР-дағы медициналық қызметтерді төлеуге емес, басқа елдерде ем алуға жиналатынын айта кету қажет.

2-миф: Қазақстанда онконауқастарды емдеуге ескірген құрылғылар пайдаланылады

Үкім: Шындыққа жақын

Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандарды емдеуге қажет заманауи әрі жоғары технологиялық құрылғылар бар. Бірақ елде медициналық ұйымдардың толық жабдықталмағаны байқалады, сол себепті дәрігерлер ескіні пайдалануға мәжбүр.

Қазақстанда қатерлі ісікті емдеудің дамыған тәсілдері қолданылады. Мәселен, республикалық ұйым базасында онконауқастарға қашықтан жоғары технологиялы сәулелік терапия (томотерапия, стереотаксис, IMRT, IGRT), интраоперациялық сәулелі терапия қолжетімді. 2021 жылы елде стереотаксикалық радиохирургияға арналған заманауи кешен – гамма-пышақ іске қосылды (Орта Азия аумағында жалғыз). Гамма-пышақ радиохирургиялық құрылғысы ісікті, тамырды және функционалды ми ауруларын қауіпсіз бейинвазив емдеу үшін қолданылады және радиохирургиялық емдеудің «алтын стандарты» саналады.

Дегенмен 2020 жылы Ұлттық ғылыми онкология орталығы 2020-2024 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын жариялады. Онда авторлар отандық медицина мекемелерінің заманауи медициналық құрылғымен жеткіліксіз дәрежеде қамтамасыз етілгенін қозғады. Авторлардың пікірінше, азаматтар жабдықтаудың жеткіліксіздігінен шетел асып, қатерлі ісікті диагностикалау және емдеудің жоғары технологиялық тәсілдерін іздейді. Ал ол кезде науқастар көп шығынға батады.

Мәселенің әлі шешілмегеніне кейінгі деректерден де байқалады. 2023 жылдың 11 қаңтарында медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «ҚазОРҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы Диляра Қайдарова ескірген және толық жабдықталмаған құрылғыда скриниң өткізудің тиімділігі төмен екенін айтты. Мәселен, оның сөзінше, елдің медицина мекемелеріндегі ескірген бейнеколоноскоптардың үлесі — 74,4%.

«ҚР-дағы онкологиялық науқастарды сәулелік терапиямен қамту мәселесі өте өзекті болып тұр. Оған сәулелік аппараттармен толық жабдықталмауымыз себеп. Бірінші кезекте гамма-терапевтік қондырғылар сынды ескірген жабдықтың 50%-ын алмастырып, заманауи желілік үдеткіштерді пайдалану қажет», – деп атап өтті Онкологиялық институттың басқарма басшысы.

3-миф: Қазақстандағы онкологиялық жағдай нашарлап барады: қатерлі ісікке шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны артып жатыр.

Үкім: Жартылай шындық

Қазақстанда қатерлі ісік ауруы расында көбейіп жатыр, ал одан болған өлім-жітім көрсеткіші тұрақты түрде төмендеп келеді. Бұл көрсеткіштер тура пропорционал емес, сол себепті Қазақстандағы онкологиялық жағдайды сипаттау үшін оларды байланыстыру – қате.

Ұлттық ғылыми онкология орталығының 2020-2024 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының мәліметінше, Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандардың көбеюіне бірнеше себеп бар: өмір сүру ұзақтығының артуы, экологиялық жағдайдың нашарлауы және ерте диагностикалау бағдарламаларының енгізілуі.

2022 жылы республикада қатерлі ісікке шалдыққандар 100 мың тұрғынға (39 096 жағдай) шаққанда 199,2 болған. 2021 жылы бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға (36127 жағдай) шаққанда 190,2 болды. Яғни ауырғандар 4,7%-ке көбейген. Бірақ онкологиялық дерттен өлгендер саны жыл сайын азайып келеді.

Науқастардың аман қалуына емнің сапасы ғана әсер етпейді. World Cancer Research Fund International хабарлауынша, аман қалу қатерлі ісіктің түріне, оның анықталған кезеңі, диагностикасы мен еміне байланысты.

2026 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасында 2018-2022 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді төмендету жөніндегі шаралар нәтижесінде қатерлі ісікті ерте диагностикалау көрсеткіштері айтарлықтай жақсарғаны айтылған. 2017-2021 жылдары 1 сатыда анықталған қатерлі ісікке шалдыққандар үлесі 24,7-ден 27,1%-ға өскен.

Осы кезеңде қатерлі ісіктен болған өлім-жітімнің азайғаны байқалған (2017 жылы – 100 мың тұрғынға шаққанда 83,9, 2021 жылы – 73,7). Қазақстанда рактан қайтыс болғандардың жаңа дерегін жақында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтып өтті – 2022 жылдың 11 айында қатерлі ісіктен болған өлім-жітім былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ға төмендеген.

Материалды Online Factcheck Academy курсының түлегі Елизавета Седых дайындады

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz