Айжан Сқақованың «Бөкейорда» табиғи резерваты туралы мәлімдемелеріне фактчек

31 наурызда Мәжілістің кезекті жалпы отырысында депутат Айжан Сқақова еліміздің премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында Батыс Қазақстан облысындағы «Бөкейорда» табиғи резерватын құруды аяқтауды ұсынды. Депутаттың айтуынша, резерватқа қатысты техникалық және ғылыми негіздеме Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) «Дала экожүйелерін сақтау және тұрақты басқару» бірлескен жобасы аясында жүзеге асырылды.

Сонымен қатар әуелі депутат, одан кейін БАҚ бірнеше қызықты мәлімдеме жасады. Міне, соларды тексеруді жөн көрдік.

Мәлімдеме: …халықаралық сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезде Қазақстанда (Еуразия құрлығындағы ең ірі саналатын) Жер планетасының табиғи дала кеңістігінің едәуір бөлігі шоғырланған. Оның ауданы – 708,5 мың шаршы км. Бұл – сирек кездесетін және құрып кету алдында тұрған жануарлар мен өсімдіктер түрлерін қорғауға және қалпына келтіруге, сондай-ақ ерекше экожүйелерді сақтауға таптырмас жер.

Kazinform

Үкім: Шындық

Қазақстанның далалық территорияларына қатысты деректер әр жерде әртүрлі. Мәселен IUCN (Табиғатты қорғаудың халықаралық одағы) және оған қарасты WCPA (Қорғалатын аумақтар жөніндегі Дүниежүзілік комиссия) ұйымының халықаралық сарапшыларының баяндамасына сәйкес, Қазақстанның далалық жерлерінің ауданы шамамен 850 мың шаршы км.

Сонымен қатар баяндамада «Понт (Қара теңіз – авторлық ескерту) және Қазақстан далалары әлемнің қоңыржай шалғындық жерлерінің 24%-ын құрайды… олар Моңғолия, Қытай және Сібірге дейін созылып, Шығыс Азияның кең шалғындарымен қосылып жатыр. Осылайша олар жер бетіндегі ең үлкен қоңыржай шалғындар кешенін құрайды» делінген.

Бір қызығы, 770 мың га жер туралы 8-сыныпқа арналған физикалық география оқулығында айтылады. Дәл сол оқулықта далалық жерлер республика аумағының 27% алып жатыр делінген. Егер ел аумағы 2,725 миллион шаршы км екенін ескеріп есептейтін болсақ, онда 28,3% болуы керек еді. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы басшыларының бірі «Биологиялық алуан түрлілік конвенциясы» үшін жасаған баяндамысында тіпті басқа сандар келтіреді: «Еліміздің солтүстік жартысын алып жатқан дала экожүйелері Қазақстанның кең аумағын қамтиды (110,2 млн. га, ҚР аумағының 28%-ға жуығы)». Яғни, шамамен 1,1 миллион шаршы км. Көріп отырғанымыздай, мұнда да пайыздар дұрыс көрсетілмеген.

Тағы бір мәліметтер бойынша, Қазақстанның дала экожүйелері 1,2 млн шаршы км жерді алып жатыр. Ал депутат сілтеме жасаған «Дала экожүйелерін сақтау және тұрақты басқару» бірлескен жобасының құжаттамасында Қазақстан далалары Батыс Еуропамен бірдей және 2,7 млн шаршы км құрайды деп айтылған.

Тек Ақорданың сайтында «Далалық жерлер Қазақстан аумағының 26%-ын алып жатыр» деп жазылған, яғни 708,5 мың шаршы км.

Айжан Сқақованың «Бөкейорда» табиғи резерваты туралы мәлімдемелеріне фактчек
Қазақстанның дала аймақтары келесі сандармен белгіленген: 1, 5, 6,13, 18, 19, 20, 24 (қызыл сызықпен сызылған). Мысалы 1 дегеніміз – Понт-Каспий даласы. Дереккөз.

Мәлімдеме: Қазақстанның дала экожүйелері – 2000 бірегей эндемикалық, флористикалық түрлері бар өсімдіктер әлемінің таралу орны.

Айжан Сқақова

Үкім: Дәлелденбеген және техникалық қателік

Расымен де, «Батыс Қазақстан облысында жоспарланып жатқан «Бөкейорда» табиғи резерватының аумағына геоэкологиялық бағалау» құжатында және жоғарыда аталған құжаттамада «Қазақстанның далалық экожүйелерінде флораның 2000-нан астам түрі, оның ішінде шамамен 30 эндемиялық түрі бар» делінген. Ал мысалы Орталық Азия даласының флорасы мен фаунасына арналған Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының сайтындағы материалда (мақала 1950-ші және 90-шы жылдардағы бірқатар жұмысқа сілтеме жасайды) «бұл экоаймақтағы өсімдік түрлерінің саны 800-ге жуық, дегенмен бүкіл экоаймаққа қатысты бірде-бір шолу шыққан жоқ» деп жазылған. Эндемизм деңгейі төмен. Эндемикалық тұқымдастар жоқ, эндемиктер тек туыс тармақ және түр деңгейінде ғана кездеседі (мысалы Tanacetum тұқымдасына жататын Santolina және Kittariana туыс тармақтары). Дегенмен бұл жерде Stipa, Astragalus және Oxytropis сияқты кейбір тұқымдастардың шығу ошақтары бар…»

ҚР Ғылым академиясының Ботаника және фитоинтродукция институты мамандарының ғылыми еңбектерінің бірінде «Қазақстан аумағында өсімдіктердің 50 түрі бар 8 қауымдастық (Еуразияда тараған) туралы, яғни өсімдік эндемикасының 50 түрі туралы» айтылады.

Осылайша бірнеше дереккөзден алынған ақпаратқа талдау жасай отырып, ғылыми деректердің әртүрлі екенін көріп отырмыз, сондықтан біз біржақты үкім шығарудан бас тартамыз.

Мәлімдеме: Батыс Қазақстанның далаларында жер бетінен жойылып бара жатқан дала фаунасының өкілдері, атап айтқанда біздің елде мекендейтін жойылып бара жатқан сүтқоректілердің 24 түрінің 9-ы бар. Олардың ішінде осы экожүйенің маңызды тіршілік формасы саналатын Орал киіктерінің популяциясын ерекше атап өткен жөн.

Kazinform

Үкім: Жартылай шындық

Шынында да, біз жоғарыда айтқан «Дала экожүйелерін сақтау және тұрақты басқару» жобасының құжаттамасында «дала аймақтарында (бүкіл ел бойынша, тек Батыс Қазақстанда емес) жер бетінен жойлып кету алдында тұрған сүтқоректілердің 24 түрінің 9-ы мекендейді» деп айтылған. Ол 9 жануарлар: ақбөкен, құлан, Пржевальский жылқысы, қарақұйрық, жалман, дала шақылдағы, Қазақстан арқары, мензбир суыры және сабаншы (манул). Алайда бұл құжаттама 2007-2008 жылдары жасалып, 2007 жылғы Қызыл кітаптың тізіміне негізделген. Қазір жағдай біршама өзгерді және кейбір жануарлар басқа категорияларға ауысып кетті.

Мысалы сабаншы қазір LC (least concern, құрып кету қаупі тұрғысынан ең аз алаңдаушылық тудыратын жануарлар) санатында. Бірақ жер бетінен жойылып бара жатқан түрлерге басқа жануарлар қосылды.

Қазір дүниежүзілік Қызыл кітаптың тізімінде Қазақстанға қатысы бар сүтқоректілердің 17 (24 емес) түрі бар. Олар толық жойылу алдында тұрған (CE – critically endangered), жойылып бара жатқан (EN – endangered) және жағдайы осал (VU – vulnerable) деген топтарға бөлінген.

Айжан Сқақованың «Бөкейорда» табиғи резерваты туралы мәлімдемелеріне фактчек
Жолбарыстар барына таң қалмаңыз.

Тағы 9 жануар (мысалы жоғарыда аталған құлан) жағдайы осал (NT or LR/nt – Near threatened) топқа енгізілген.

Ақбөкен, шынымен, толық жойылып кету алдында тұрған жануарларға жатады (CE), сондай-ақ бұл қатарға кәдімгі атжалман мен екі өркешті түйе де кірді.

Қызыл кітапқа еніп, ең қауіпті жағдайда өмір сүріп жатқан 17 жануардың қайсысы дала аймағында мекен ететіне тоқталсақ. Олар: қарақұйрық (сондай-ақ сарыарқада тіршілік етеді), Еуропа қара күзені (Понт-Каспий даласы), алып жарқанат, орыс жұпартышқаны, кәдімгі атжалман, ақбөкен, шұбар күзен, мензбир суыры (тек Тянь-Шаньның батысында өмір сүретінін ескерсек, ол жерлер де дала аймақтарымен шектеседі).

Жойылып бара жатқан жануарлардың қайсысы Қазақстан даласында өмір сүріп жатқанын анықтау үшін біз БҰҰДБ сайтынан алынған экожүйелер картасы мен дүниежүзілік Қызыл кітап сайтынан алынған жануарлардың тіршілік ету ортасының картасын біріктірдік. Мысалы ақбөкендердің тіршілік ету ортасы:

Айжан Сқақованың «Бөкейорда» табиғи резерваты туралы мәлімдемелеріне фактчек

Картаға қарап, дала аймақтарында уриал немесе арқар өмір сүреді деп айту қиын (бұл жануарға шөлді және шөлейт ортада, мысалы Маңғыстау түбегі мен Қазақстандағы Үстіртте мекен ету тән):

Айжан Сқақованың «Бөкейорда» табиғи резерваты туралы мәлімдемелеріне фактчек

Әртүрлі БАҚ-қа шыққан соңғы ақпарат бойынша, бүгінде елімізде 10 Пржевальский жылқысы бар. Бұл жерде ақпараттың сәйкессіздігін көруге болады, себебі дүниежүзілік Қызыл кітапта Қазақстанда жылқының бұл түрі жойылып кеткен деп көрсетілген.

Сонымен қатар дүниежүзілік Қызыл кітапқа сенсек, қазір Қазақстан даласы мен шөлейт жерінде екі өркешті түйе өмір сүрмейді.

Осылайша қазір жойылып кету алдында тұрған 8-10 жануар, шынымен де, Қазақстанның дала аймақтарында тіршілік етеді.

Өз кезегінде бұл жануарлардың қайсысы Батыс Қазақстан даласында мекен етеді? Бұл үшін қайтадан дала мен тіршілік ету ортасының картасын біріктіру әдісін қолданайық. Біздің кішігірім зерттеуіміз Понт-Каспий даласында келесі жануарлар мекен ететін көрсетті: ақбөкен, Еуропа қара күзені, алып жарқанат, орыс жұпартышқаны, кәдімгі атжалман және шұбар күзен. Қарақұйрық пен арқар (жоғарыдан қараңыз) аз кездеседі (олар Каспий теңізінің солтүстігіндегі далаларда болуы мүмкін).

(1.) 2010 жылы ҚР Үкіметі Жаһандық экологиялық қормен (ЖЭҚ) және Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп, «Дала экожүйелерін сақтау және тұрақты басқару» жобасын бекітті. Жоба нәтижесінде Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құруға арналған жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды. (2.) Бұл мақсатқа БҰҰДБ желісі бойынша 27 млн теңге жұмсалды.

Айжан Сқақова

Жоба нәтижесінде «Бөкейорда» резерватының жаратылыстану-ғылыми негіздемесі дайындалып, (оған – авторлық ескерту) 12 млн теңге жұмсалды. ТЭН әзірлеуге 15 миллион теңге (жұмсалды – авторлық ескерту).

Kazinform

Үкім: Шындық және үкім жоқ

Аталмыш «дала» жобасы туралы ақпаратты және оған қатысты сипаттаманы БҰҰДБ және ЖЭҚ сайттарынан, сондай-ақ отандық ақпарат көздерінен табуға болады. ЖЭҚ сайтында дайындық кезеңін ескере отырып, жоба 2006-2014 жылдары жүзеге асырылғаны көрсетілген. Жалпы кеткен ақша 23,788,300.00 АҚШ долларына тең. Бірінші кезеңнің екі мақсаты болды. Ол – барынша қорғалатын екі дала резерватын, яғни Алтын Дала мен Бұйратауды құру және қолданыста бар екі ЕҚТА-ны (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар), яғни Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы мен Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркін ұлғайту.

Жалпы жоба аясында барлық ТЭН, ЖҒН-дарға, сондай-ақ ЕҚТА бойынша биоалуантүрлілік мониторингі (BD monitoring) және ауыл тұрғындарына әсерді бағалау (PRA) бойынша тренингтерге 299 мың АҚШ доллары бөлінді.

Айжан Сқақованың «Бөкейорда» табиғи резерваты туралы мәлімдемелеріне фактчек

БҰҰДБ мен ЖЭҚ сайттарындағы жобаның қаржылық жоспарында «Бөкейорда» резерватын құруға қатысты немесе оған байланысты қандай да бір жұмыс кезеңдері туралы айтылмайды. Резерват туралы «Азия далаларының биологиялық алуан түрлілігі» атты II Халықаралық ғылыми конференция материалдарында жан-жақты жазылған.

Шынында да, «Бөкейорда» резерватын құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) жасау жөніндегі жұмыстар «2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Алайда ТЭН жасауды қолға алған (мүмкін аутсорсинг арқылы) «Жасыл даму» АҚ сайтында зерттеудің соңғы құны туралы да, оған қатысты мәлімет те жоқ. Үкімет бекіткен жоспарда ТЭН-ге қаражат ЖЭҚ (БҰҰДБ емес – авторлық ескерту) гранты арқылы беріледі деп көрсетілген. Сонымен қатар ол жерде 4* млн. теңге (*) белгісімен белгіленген, яғни «қаржыландыру көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет бекітілген кезде нақтыланатын болады».

Жаратылыстану-ғылыми негіздемесіне (ЖҒН) келетін болсақ, оны «Экосервис-С» компаниясы жүргізді. Бірақ ашық ақпарат көздерінде қызметтің құны туралы еш мәлімет жоқ.

Айта кету керек, қазіргі кезде аяқталған («Бөкейорда» резерваты ашылмаса да) «дала» жобасының басым бөлігін БҰҰДБ мен ЖЭҚ емес (мәлімдемелер контекстінен солай ойлап қалуға болады), мемлекет, атап айтқанда сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті (қазіргі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті) қаржыландырған.

Айжан Сқақованың «Бөкейорда» табиғи резерваты туралы мәлімдемелеріне фактчек
Дереккөз: ЖЭҚ

Жалпы алғанда, мемлекет дала экожүйелерін сақтау жөніндегі БҰҰДБ мен ЖЭҚ-пен бірлескен жобасын аяқтаса да, Қазақстанның батысында «Бөкейорда» резерватын ұйымдастыруға бағытталған әркеттерін тоқтатар емес. Бұған, шамамен, бір жыл бұрын ашық НҚА порталында пайда болған тиісті Қаулы жобасы дәлел бола алады.

Қорытынды

  • «Дала экожүйелерін сақтау және тұрақты басқару» жобасы аясында жоспарланған «Бөкейорда» табиғи резерватының ТЭН және ЖҒН құны туралы деректер ашық ақпарат көздерінде көрсетілмеген.
  • Қазірге кезде аяқталған «Дала экожүйелерін сақтау және тұрақты басқару» жобасынның көп бөлігін мемлекет қаржыландырды.
  • Қазіргі кезде дүниежүзілік Қызыл кітап тізімінде Қазақстанға қатысы бар 17 (толық жойылып кету алдында тұрған, жойылып бара жатқан және жағдайы осал) сүтқоректі тіркелген.
  • Осы тізімдегі 8-10 сүтқоректі, шынымен, Қазақстан даласында тіршілік етеді және олардың 6-ы Батыс Қазақстанның дала аймақтарында мекендеуі мүмкін.
  • Қазақстанның далалық аймақтарында эндемик өсімдіктердің 30-дан 50-ге дейін түрі өседі.
  • БАҚ пен спикер жіберген кейбір қателіктерге қарамастан, «Бөкейорда» резерватын құру қажеттілігі күмән туғызбайтынын атап өтеміз.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz