Аэрозоль | Вирустың ауада тарау ауқымы 1,5 метрден аса ма?

Жақын арада ATAMEKEN BUSINESS телеарнасының әлеуметтік желідегі парақшасында вирустың ауада тарау ауқымы 1,5 метр емес, инфекция 5 метрге дейін ұшып баратыны туралы ақпарат тарады. Ол жерде ауадағы ұсақ бөлшектер (аэрозоль) туралы зерттеу жүргізген «Флорида университетінің ғалымдарына» сілтеме жасалған. Біз мұның қаншалықты шын екенін тексеріп көрдік.

Үкім: Манипуляция

Жоғарыда айтылғандай зерттеу өткені шындық. Алайда бұл еңбек әлі препринт деңгейде. Яғни кәсіби бағасын алмаған, зерттеудің ең алғашқы кезеңі. Біз бұған дейін бірнеше рет дәл осыған ұқсас мәлімдемелерді терістеген едік. Себебі мұндай материалға сүйене отырып әлдене деп айту ерте.

Препринт зерттеулерге арналған medRxiv сайтында 4-тамызда жарияланған «COVID-19-бен ауырып жатқан аурухана палатасының ауасындағы тірі SARS-Cov-2» атты материал ғалымдар мен халықты біраз дүрліктірді. Бұл зерттеудің препринт екеніне қарамастан New York Times сынды ірі басылымдар да осы туралы жазды. Басқалары бірінен-бірі көшірді. Ақыры бұл хабар бізге де жетті.

Препринт материалдарға сыни қарасақ та, бұған дейнгі аэрозоль туралы зерттеулер мен әр түрлі ғалымдар пікірі бұл тақырыпты тереңірек зерттеуге итермелейді. Толығырақ төменнен оқыңыз.

Аэрозоль – бұл ауадағы шаң, тұман немесе түтін сияқты ұсақ бөлшектердің яки тамшылардың суспензиясы (өте ұсақ, қатты бөліктерден жиналған сұйықтық). Бұл бөлшектер мұрын, ауыз арқылы организмге өтеді, тіпті теріге сіңіп кетуі де мүмкін.

Алғашқы ескертулер

COVID-19 аэрозоль арқылы тарайтыны туралы алғашқы деректер коронавирус пандемия боп жарияланған соң шыға бастаған. Бұл туралы The New England Journal of Medicine ғылыми журналы жазды. Ол жерде инфекция жұқтырған адам дем алған кезде одан шығатын құрамында вирусы бар аэрозольдардың ауада үш сағатқа дейін ұшып жүретіні жазылған. Сол кезде АҚШ-тың Ұлттық ғылым академиясы да (NAS) қалыспай мұның қауіпі туралы ескертті.

Қолымызда бар зерттеулер SARS-CoV-2 пациенттер дем шығарғанда пайда болатын биоаэрозольдар арқылы тарауы мүмкін екенін растайды.

NAS, 1 сәуір.

Ғалымдар наразылығы

Бұған дейін әлемнің бірқатар ғалымдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын (ДДСҰ) аэрозольдың қауіпін ескермегенін, және инфекцияның ауада таралуына салғырт қарағанын айтып сынаған.

Осылайша, өткен айдың 6 күні бірнеше әр саланың ғалымдары (жалпы саны 239 ғалым) ДДСҰ-дан коронавирусқа қатысты ұсыныстарды өзгертуін өтініп хат жазды.

Oxford-тың «Клиникалық инфекция аурулары» журналында жарияланған өтініш хатта мамандар ауа арқылы тарайтын вирустың бар қатері ескерілмегенін айтады. Оған қоса аэрозольдың үлкен тамшылары жерге құласа, кішкентай бөліктері ауада бірнеше сағатқа дейін өмір сүруі мүмкін.

Ғалымдар мысалға басқа да вирустардың таралуын айта келіп, жабық кеңістікте вирус ондаған метрге дейін тарауы мүмкін екенін ескертеді. Оның үстіне инфекцияның ауа арқылы жұғуы вирустың таралуының ең негізгі себепкері екенін жазған. Ал бұдан сақтанудың тиімді амалы ретінде мектеп пен жұмыс орны секілді кез келген қоғамдық орында желдетуді толықтай қамтамасыз ету керектігі жазылған.

Бұл хат жарияланып, үш күн өткенде, шілденің тоғызы күні ДДСҰ-ның ресми сайтында аэрозольдің қаупін мойындайтын 29-наурыздағы материалдың өзгертілген нұсқасы жарияланды.

ДДСҰ-ның позициясы

ДДСҰ вирустың тарауының негізгі себебі ауа тамшылары немесе тікелей байланыс арқылы жұғатынын жаза келіп, адамдар арасындағы ара-қашық 1 метрден кем болмауы керектігін айтады (Әлбетте, препринт зерттеу толық тексерістен өтпей тұрып ДДСҰ бұл пікірден тая алмайды).

Сонымен қатар ДДСҰ кейбір медициналық процедуралар кезінде аэрозоль мен сол секілді тамшы ядролары ауада біраз уақыт ұшып жүруі мүмкін екенін ескертеді. Және бұл туралы тез арада зерттеулер өткізіп, мұны бағамдау керектігін айтқан.

Мұндай медициналық процедуралар денсаулық сақтау мекемелерінде коронавирус жұқтырған адамдарға жасалса, бұл аэрозольдерде COVID-19 вирусы болуы мүмкін. Егер тиісті жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбаса, бұл аэрозольдерді басқа адамдар жұтып қоюы ықтимал.

ДДСҰ

Аэрозоль шынымен-ақ қауіпті болса, одан сақтану үшін не істемек керек?

Аэрозоль көбіне бар, мектеп, офис секілді жабық кеңістікте қауіп төндіретіндіктен оларды жиі желдетіп, ауа алмасуын қамтамасыз еткен жөн.

COVID-19-дың тез тарауы мейрамхана, түнгі клуб, ғибадат орындары немесе адамдар айқайлап сөйлейтін жұмыс орындары секілді жабық кеңістікте көп тіркелген. Мұндай кезде вирустың аэрозоль арқылы тарайтынын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе инфекция жұқтырған адамдар басқалармен ұзақ уақыт өткізіп, аз желдетілетін жерлер аса қауіпті.

ДДСҰ

Сондықтан да масканы барлығы бірдей таққаны маңызды. Бұл жерде бетперденің сапасына да мән беру керек.

Думан Терликбаев
Қазақ-Америка университетінің студенті. Республикалық "Жас Алаш" газетінде журналист-фрилансер қызметін атқарған.