Access Now: биометриялық технология адам құқығын таптайды

Адам құқығын қорғайтын Access Now ұйымы басқа да ұйымдармен бірге биометриялық бақылау технологиясына тыйым салу туралы ашық хат жариялады. Бұл туралы ұйымның ресми сайты хабарлады.

Ұйымның хабарлауынша, азаматтарды жаппай бақылау және бет-әлпетті танитын биометриялық технологияларын қолдануға тыйым салу қажет. Мұндай құрал азаматтардың қайда жүргенін анықтап, қадағалауға қабілетті.

Мұндай тәжірибеге біржола тыйым салу қажет. Бет-әлпетті қашықтан танитын биометриялық технология арқылы азаматтарға қарсы дискриминация жасалады. Бұл технологияны «теріс мақсатта пайдалану» ықтималдығы өте жоғары және оның салдары қоғам үшін қауіпті. Азаматтық қоғамның 175 ұйымы, қоғам белсенділері, технологтар және әлем сарапшылары шешім қабылдаушыларға мұндай технологияға тыйым салу туралы ашық хат жолдайды. Себебі бет-әлпетті танитын бақылау технологиясы адам құқығын таптайды.

Access Now ұйымы

Контекст

  • Бұған дейін Қытай билігі адамның көңіл-күйін анықтайтын арнайы камераны Шыңжаңда қамалған ұйғырларға сынаған. Анонимді автордың сөзінше, арнайы технология арқылы қамаудағылардың көңіл-күйін анықтауға болады.
  • Құқық қорғаушылардың болжауынша, билік бұл камераны қоғамға бақылау орнату үшін пайдаланады. Сонымен қатар, камера дұрыс жұмыс істемеген жағдайда, бақылаушылардың жасанды интеллект берген ақпарат негізінде қате шешім шығаратынын пайымдады.

Мадияр Бабахан. Тұран университетінің 3-курс студенті.

Factcheck.kz