28.10 | Трамп сайтына жасалған шабуыл, Еуроодақ коронавирус вакцинасы туралы, Kaspi Bank-қа не болды?

Хакерлер Трамптың сайлау алды штаб сайтына шабуыл жасады

Белгісіз хакерлер АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлау алды штабының сайтына шабуыл жасады. Бұл туралы DW сайты хабарлады.

Бүгін кешкі уақытта Трамптың сайлау алды штабының сайты бұзылды. Біз құқық қорғау органдарымен бірге, шабуыл жасағандарды анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Тим Мертоу. Трамп кампаниясының баспасөз хатшысы.

Мертоудың айтуынша, сайтта жеке мәліметтер болмаған. Сондықтан шабуыл жасағандар құпия ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Кейін сайттың жұмысы қайта жалғасқаны хабарланды.

Кейінгі апталарда АҚШ билігі Американың мемлекеттік мекемесіне жасалған кибер шабуылдар туралы бірнеше рет хабарлады. Атап айтқанда, АҚШ-тың киберқауіпсіздік және инфрақұрылымды қорғау агенттігі Energetic Bear және Dragonfly атауымен жұмыс жасайтын хакер тобын айыптады. DW дерегінше, сарапшылар бұл топтарды Ресей билігінің мүддесі үшін әрекет ететінін айтқан.

Еуроодақ коронавирусқа қарсы вакцина жетпейтінін болжады

Еуроодаққа мүше 27 ел азаматтарының тек бір бөлігі ғана коронавирусқа қарсы 2022 жылға дейін вакцинацияланады. Халықаралыққ одақтың болжауынша, резервтелген препараттың дозасы жетпеуі мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Жалпы алғанда, ЕО коронавирусқа қарсы вакцинаның 1 миллиардтан астам дозасына тапсырыс берген. Вакцинаны AstraZeneca, Sanofi және Johnson & Johnson компаниялары әзірлеп жатыр. Сонымен бірге CureVac, Moderna және Pfizer өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Johnson & Johnson мен Janssen Pharmaceuticalica NV өкілдерімен келісім-шарт қазан айының басында жасалды. Келісімге сәйкес, егер препарат қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдейтін болса, ЕО елдері 200 миллион адамға сатып ала алады.

Kaspi.kz қосымшасының барлық қызметі қайта қосылды

Kaspi.kz қосымшасының барлық қызметі жұмысын жалғастырып жатыр. Өтемақы ретінде 29 қазан мен 4 қараша аралығында Kaspi QR, Kaspi Gold және Kaspi Red арқылы төлеген әрбір төлемі үшін 5 пайыз бонус сыйлайды.

Бұл туралы Kaspi.kz компаниясы ресми инстаграм парақшасында хабарлады.

Kaspi.kz қосымшасындағы барлық қызметтер жұмыс істеп тұр. Клиенттердің барлық қаражаты орнында және шотта дұрыс көрсетіліп тұр. Біз қолайсыздықтар үшін шын жүректен кешірім сұраймыз және біздің сүйікті клиенттерімізге «Қолдау білдіргені үшін рақмет айтамыз.

Kaspi.kz

Сонымен бірге, компания әкімшілігі желіде тараған жалған ақпаратқа байланысты пікір білдірді.

Қара ниетті, жаман адамдар таратқан фейк хабарламаларға назар аудармаңыз. Біз әрқашан сүйікті клиенттерімізге кез-келген оқиға туралы әлеуметтік желідегі ресми парақшаларымызда шынайы түрде хабарлаймыз.

Kaspi.kz

28 қазанда, таңертең Kaspi.kz-ке шабуыл жасап, хакерлер 78,9 миллион теңге ұрлады деген ақпарат WhatsApp-та тарады. Kaspi.kz желіде тараған хабарламаны жоққа шығарып, тек техникалық ақау болғанын хабарлаған еді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz