19.01 | Вакцинацияның е-паспорты, Дуров мәлімдемесі, Қырғызстан Pfizer вакцинасын неге сатып ала алмады?

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинацияға электрондық паспорт енгізіледі

Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе енгізген азаматтардың еркін жүруіне мүмкіндік беретін электрондық вакцинация паспорты енгізіледі. Мұндай мәлімдеме Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жасағанын Vlast.kz сайты хабарлады.

«Жүйелі түрде есепке алу үшін электрондық вакцинация паспорты жасалды. Вакцинация туралы мәліметтер министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электронды форматта сақталады», – деді Цой.

Оның айтуынша, пациент пен медицина қызметкері мәліметті m-gov мобильді қосымшасына енгізе алады. Сонымен бірге, жүйе жаһандық ақпарат жүйелерімен интергацияланған. Ал вакцина енгізген адамдарға талап етілген жерге және кез келген жерде еркін жүруіне мүмкіндік беріледі.

Телеграм АҚШ-тағы зорлық-зомбылыққа қатысты жүздеген үндеулерді бұғаттады

Павел Дуров кейінгі аптада мессенджер модераторлары АҚШ-тағы зорлық-зомбылыққа қатысты жүздеген үндеулерді бұғаттағанын айтты. Telegram негізін қалаушының мәлімдемесі туралы TJournal сайты хабарлады.

Біз соңғы жеті жыл ішінде бұл ережені бүкіл әлемде, Беларусь пен Ираннан бастап, Таиланд пен Гонконгқа дейін қолдандық. Әлемдегі азаматтық қозғалыстар зиян тигізбей адам құқығын сақтау үшін телеграмға жүгінеді.

Павел Дуров

Дуровтың айтуынша, телеграм «бейбіт пікірталастар мен наразылықтарды қолдайды, бірақ қосымша пайдалану шартында зорлық-зомбылыққа шақыруға тыйым салынған».

Қырғызстан Pfizer вакцинасын неге сатып ала алмады?

Қырғызстан Pfizer вакцинасын сатып алмайды. Себебі оны сақтау үшін арнайы тоңазытқыш камералар қажет. Бұл туралы 24kg хабарлады.

Бізге үш күн бұрын Pfizer вакцинасының 1,2 миллион дозасы ұсынды. Бірақ оны минус 70 градусқа дейін сақтау керек. Бізде мұндай тоңазытқыштар жоқ. Оның әрқайсысының бағасы 4000 долларға бағаланған. Сонымен қатар, арнайы шприцтер қажет. Жалпы қырғызстандықтарды вакцинациялау үшін 2 млн доллардан астам қаражат қажет. Бюджетте ондай ақша жоқ.

Денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев

Оның айтуынша, Қырғызстан Ресеймен “Спутник V” немесе Vector вакциналарын жеткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz