2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауын жариялады. Жолдауда президент Қазақстанның экономикалық көрсеткіштеріне қатысты бірнеше дерек келтірді.
Factcheck.kz Тоқаевтың ел экономикасына қатысты қаншалықты рас сөйлегенін тексеріп көрді.
Мәлімдеме: Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2023 жыл бойынша ең жоғарғы инфляцияның өсімі ақпанда байқалған. Ақпанда тауарлар мен қызметтердің жылдық инфляциялық өсімі 21,3%-ке жетті. Ал 2024 жылдың кейінгі деректерін қарасақ, тамыз айында жылдық инфляция 8,4%-ке жеткен. Салыстырмалы түрде өткен жылдағы ең жоғарғы инфляция 2,5 есеге төмендеген.
Мәлімдеме: Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
Ұлттық банк дерегіне сай, Қазақстанның халықаралық резерві (сыртқы қоры) шілдеде 103 млрд долларға жеткен. Оның ішінде 41,8 млрд доллар жалпы халықаралық резервтер және 61,1 млрд доллар Ұлттық қордың валюталық активтері. Өткен жылы шілдеде бұл көрсеткіш 94,4 млрд доллар еді.
Мәлімдеме: Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
Биыл расымен өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдамырақ өсіп жатыр. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2024 жылдың қаңтар-шілдесі бойынша өңдеу өнеркәсібі 5,1%-ке, ал тау-кен өндірісі 0,5%-ке артқан.
2024 жылғы қаңтар-шілдеде кен өндіру саласында – 12 732 млрд. теңгеге (жалпы көлемнен 46%), өңдеуде – 12 938,5 млрд. теңгеге (46,7%) өнімдер өндірілген. 2024 жылғы қаңтар-шілдеде жалпы өнеркәсіп өнімдері 27 694 млрд. теңгеге өндірілді. Кейінгі 5 жылдың дерегіне көз жүгіртсек, тау-кен саласы өңдеу өнеркәсібінен 2023 жылы ғана жоғары болғанын байқауға болады.