Мемлекет басшысы Қазақстан-Сингапур ректорларының “Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы” атты форумында баяндама жасады. Баяндама барысында, қырғи-қабақ соғысынан кейінгі бейбітшілікке алаңдаушылық білдіріп, әлем елдерінің әскери салаға жұмсайтын шығыны көбейіп бара жатқанын айтты. Мысалы, 2023 жылы әлем әскери салаға 2,2 трлн доллар жұмсаған және бұл рекордтық көрсеткіш дейді. Factchcek.kz аталған деректі тексеріп көрді.
Мәлімдеме: Былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 триллион долларға дейін жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Қасым-Жомарт Тоқаев, президент
Үкім: Шындыққа жақын
Халықаралық SIPRI ұйымының дерегінше, жаһандық әскери шығындар 2023 жылы 2,4 триллион доллардан асқан. Бұл — жалпы рекордтық көрсеткіш. Сандар 2022 жылмен салыстырғанда 6,8%-ке өсіп, кейінгі 10 жылдағы ең жоғарғы өсімді көрсеткен.
Көрсеткішті елдер арасында қарастырсақ, АҚШ алғашқы орында. Құрама штаттардың 2023 жылғы әскери шығыны 916 млрд долларға жеткен. Бұл дегеніміз жаһандық жалпы шығынның 37%-і немесе үштен бірі. Оның ізінен Қытай 296 млрд доллармен, Ресей 109 млрд доллармен келе жатыр.

Find more statistics at Statista
Мәлімдеме: Әлемде 2 миллиардтан астам адамның таза ауыз суға қолы жетпей отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, президент
Үкім: Шындық
Дүниежүзілік банк дерегінше, қазіргі әлемде шамамен 2 млрд адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Оның ішінде 771 млн адам тіпті қарапайым ауыз су қызметтеріне қол жеткізе алмайды. Дегенмен, әлемде таза ауыз суға қол жеткізу деңгейі жыл санап өсіп келеді: 2000 жылы 62%-тен, 2020 жылы 74%-ке жетті.