«Вагнер» ЖӘТ лагерін зымыранмен атқылау: қолда бар деректерді талдаймыз

24 маусымда Ресейде «Вагнер» жалдамалы әскер тобы Евгений Пригожин* басшылығымен әскери бүлік ұйымдастырды. Бүлік бір тәулікке жуық жалғасып, тараптардың бітім жасауымен аяқталды. Оған РФ Қорғаныс министрлігінің «Вагнер» тобының лагеріне зымыранмен шабуылдағаны себеп болды-мыс. Қайткен күнде де, Пригожин шабуыл болды деп отыр. Ал ведомство оған өзінің қатысы жоқ екенін айтты. Сондықтан оқиғаға куә болған біршама адамда «шабуыл мүлдем болмаған болса ше?» деген сұрақтың туындауы заңды. Сондай-ақ бүлік күні CNN өз дереккөздеріне сілтеме жасап америкалық және Батыс барлауы Пригожиннің мұндай жағдайға алдын ала дайындалғаны байқалғанын хабарлады.

Factcheck.kz редакциясы ашық деректерді жинап, «Вагнер» тобына расымен зымыранмен шабуыл жасалған-жасалмағанын зерттеп көруге тырысты.

* «Вагнер» жалдамалы әскер тобы — соғыста Ресей жағында Украинаға қарсы соғысып жатқан жалдамалы әскери топ.

Не болды?

Бәрі 23 маусымда Евгений Пригожиннің 30 минуттық сұхбатынан басталды. Онда ол бірқатар мемлекеттік құрылымды, лауазымды тұлғаларды қатаң сынға алып, Ресей армиясының сәтсіздіктері туралы айтты. Сәлден соң Telegram-да «Вагнер» тобы позицияларына зымыранмен шабуыл жасалғаны туралы хабарламалар пайда болды. Басында Пригожин шабуылға Ресей Қорғаныс министрлігін кінәлап, іле-шала «әскери топ командирлер кеңесі орыс сарбаздарын жойып жатқандардың сазайын беруді шешкенін» мәлімдеді. Шындығында бұл қарулы бүлік жариялау еді және ертеңінде, 24 маусымда Ресей жерінде соған ұқсас жағдай болды. Бір қызығы, Евгений Пригожин бұрын да соғыс барысына және оған жоғары шенділердің қатынасына көңілі толмайтынын білдірген, бірақ бүлік қазір ғана пайда болған.

Шабуыл салдарының видеосын Bellingcat зерттеу журналистері талдады. Олар әскери топ лагеріне шабуылдан бір күн бұрын ресейлік әскери корреспондент Симонов тура соған ұқсас жерде түсірілген ролик жариялағанын анықтады. Оның жариялану уақыты – 22 маусым Астана уақытымен сағат 23:07. 23 маусым күні кешке «Разгрузка Вагнера» каналында «лагерьге жасалған шабуыл салдары» бейнеленген видео пайда болды. Сол сәттен бастап Пригожиннің аудио жазбалары жарияланды. Онда ол басында қарулы бүлік жариялап, содан кейін келесі күні болып жатқан оқиғаға реакция білдіріп отырған.

Осы уақыт бойы шын мәнінде Пригожиннің бүлікке алдын ала дайындалғаны туралы сыбыс жүрді. Ресейлік мемлекеттік баспасөз құралдары да осындай нұсқа айтты. Олар аргумент ретінде әскери топ басшысының аудиожазбаларындағы «метадеректердің бірдей екеніне», мұның «дайындалған сценарий» белгісі екеніне сілтеме жасады. Уақыт айырмашылығы ескерілмегендіктен, әртүрлі форумдар бұл нұсқаны сынға алды.

Оқиға хронологиясы: жазбаларды талдаймыз

Metadata2go сервисі көмегімен біз шабуыл кезінде және шабуылдан кейін лагерьде түсірілген екі видео мен барлық аудиожазбалардың деректерін қайта тексердік.

Тексеріс алдында біз Metadata2go сынақтан өткіздік. Telegram-ға өз файлымызды жүктеп, содан кейін оны көшіріп алып, Metadata2go сервисінен уақытын қарадық. Деректер UTC (Әлемдік уақыт белдеулері) арқылы сақталатынын, яғни, Астана уақытынан +6 сағат айырмашылық барын білдік.

  • Симоновтың Telegram-арнасындағы ролик Астана уақытымен 22 маусым күні сағат 23:07 кезінде Telegram-ға жүктелген.
  • Базадағы атыс салдары бейнеленген видео Астана уақытымен 23 маусым күні сағат 23:59 кезінде жүктелген. Сондай-ақ кадр сыртындағы дауыс («Вагнер» мүшелерінің бірі сияқты) шабуылға Украина тарапын кінәлап жатыр.
  • 1-аудиожазба — «Вагнер» тобы лагерьлеріне шабуылға РФ Қорғаныс министрлігін кінәлайды. Аудио Астана уақытымен  24 маусым күні сағат 00:09 кезінде, яғни, базаға зымыранмен шабуыл жасау салдары бейнеленгені айтылған видеодан кейін он минуттан соң жарияланған. Яғни, күн жарықта шабуыл болған және кешке вагнерліктер мұны РФ ҚМ жасағанын анықтаған. Бұл аудиофайлдың жүктелген уақыты туралы деректер өшірілген.
  • 2-аудиожазба — Пригожин бүлік жариялайды. Метадеректер өшірілген. Астана уақытыменсағат 00:25 кезінде жарияланған. Бір қызығы, бірінші жазбада топ лидері лагерьге жасалған шабуылға жауап ретінде шешім қабылданғанын айтады, ал қандай шешім қабылданғанын тек 16 минуттан соң жеткізеді.
  • 3-аудиожазба — Пригожин Шойгудың Ростовтан жаңа ғана қашып кеткенін мәлімдейді. Сағат 00:41 кезінде жарияланған. Пригожин қашу уақытын 21:00 дейді, Астана уақыты бойынша бұл — 00:00. Аудио «сол мезетте» жасалып, телефонға жазылғанға ұқсайды. Бұл жерде аудионы бір құрылғыға жазып, содан кейін екіншісіне мессенджер арқылы жіберіп, екінші құрылғыдан Telegram-ға жүктесе, жасалу уақыты екінші құрылғы бойынша сақталатынын айта кету керек.
  • 4-аудиожазба — Пригожин қатарында 25 мың адам барын мәлімдейді. Астана уақытымен сағат 00:49-де жарияланған.
  • 5-аудиожазба — Пригожин қорғаныс министрі «Вагнер» тобын жою үшін Ростовқа арнайы келгенін мәлімдейді. Астана уақытымен сағат 01:15 кезінде жарияланған.
  • 6-аудиожазба — Пригожин мұның әскери төңкеріс емес екенін, «әділдік маршы» екенін айтады. Астана уақытымен сағат 1:49 кезінде жарияланған.
  •  7-аудиожазба — Пригожин әскерилердің оларды қолдап отырғанын айтады. Астана уақытымен сағат 1:39-ад жарияланған.
  • 8-аудиожазба — Пригожин «Вагнер» тобының Ростовқа кіретінін және соңына дейін баратынын хабарлайды. Астана уақытымен сағат 5:03-де жарияланған.
  • 9-аудиожазба — Пригожин бейбіт тұрғындардың көліктері арасында келе жатқан «Вагнер» тобы коллонналарына ату туралы бұйрық берілгенін хабарлайды. Астана уақытымен сағат 5:29 кезінде жарияланған.
  • 10-аудиожазба — Пригожин генштабқа отан өз жеріне жасалған шабуылды кешірмейтінін айтады. Астана уақытымен сағат 6:20-да жарияланған. Жасалу уақыты туралы деректер жоғалған, бірақ форматы уақыты бар алдыңғы екі аудионың метадеректерінен ерекшеленеді.
  • 11-аудиожазба — Пригожин «жаңа ғана» тікұшақтың азаматтық колоннаға оқ ашқанын, әскери топ құлатқанын хабарлайды. Астана уақытымен сағат 6:43-те жарияланған.
  • 12-аудиожазба — Пригожин Мәскеу трассасында шабуыл отрядтарының бірі оққа ұшырағанын хабарлайды. Астана уақытымен сағат 8:13-ет жарияланған.

Түйін:

  1. Жазбалардың және Пригожиннің хабарламаларының жарияланған уақытына қарасақ, лагерьге зымыранмен шабуыл 23 маусымда күн жарық кезде жасалған. «Шабуыл салдары» бейнеленген видео бойынша базаның расымен шабуылға ұшырағанын және кімнің шабуыл жасағанын айту мүмкін емес. Евгений Пригожинге бұл үшін аз ғана уақыт қажет болды. Ал видеодағы «вагнерліктер» шабуылдан соң Украина жақтың шабуылы туралы айтып жатты.
  2. Хабарламалардың бір бөлігі лагерьге шабуыл жасалғаны хабарланбай тұрып жазып алынған болуы мүмкін. Тіпті, шабуыл туралы хабарландыру мен оған РФ ҚМ кінәлау да. Пригожин жіберген аудиохабарламалар редакцияланғанға ұқсайды, себебі кейбірінің метадеректері өшірілген және жасалу уақыты бойынша салынбаған. Метадеректері жоқ аудиолар да ақпарат сақталғанына қарағанда форматы бойынша ерекшеленеді. 2, 10 және 12-аудиолар бір-біріне ұқсас болса, 1 (лагерьге шабуыл туралы) бәрінен де өзгеше. Бұл файлдар әртүрлі құрылғылар, қосымшалар мен бағдарламалар көмегімен жазылған/жүктелген/өңделген екенін білдіреді. Сондай-ақ метадеректердің басқа да техникалық себептермен жоғалған болуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймыз, мысалы, файл форматын конвертациялағанда немесе аудиофайлдарды бір құрылғыдан басқасына кемінде мессенджер арқылы жіберген кезде.
  3. CNN өз дереккөздеріне сілтеме жасап АҚШ барлауы Конгрессті бүлік дайындалып жатқанын ескерткенін хабарлаған. Олардың сөзінше, Пригожин қару-жарақты Ресей шекарасында жинаған, ал қару жетіспеушілігі туралы мәлімдемені саналы түрде өтірік айтқан. Сондай-ақ бәрінің өте жылдам болып жеткенін және Пригожин қоқан-лоқысының қаншалық рас екенін түсіну қиын болғаны айтылады.
  4. Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі әскери топ лидеріне қарсы қарулы бүлікке шақырғаны үшін қылмыстық іс қозғаған. Ол 12-20 жылға бостандығынан айырылуы мүмкін еді. 24 маусым күні кешке Пригожин қозғалысты тоқтатты. Өзі Мәскеуге 200 шақырым ғана қалғанын айтты. Колонналарға бұрылу туралы бұйрық берілгені туралы хабарламадан соң, Дмитрий Песков Пригожинге қатысты істің тоқтатылғанын хабарлады. «Әділдік маршы» бір тәулікке жуық созылды.

26 маусымада біршама ресейлік баспасөз құралдары дереккөздерге сілтеме жасап (1, 2)  Пригожиннің бүлік туралы іске қатысты тергеліп жатқанын хабарлады.

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz