Соңғы уақытта халық арасында “Қазақстанда қылмыс ең көп жасалатын өңір – Түркістан” деген пікір жиі айтылып жүр. Шынында солай ма, Түркістанда расымен басқа өңірлерге қарағанда қылмыс жиі тіркеле ме? Осы сұрақтың жауабын Factcheck Dive курсының қатысушысы Гүлбарам Құрақ зерттеп көрді.
Үкім: Жалған
Халық арасында көптен бері тарап жүрген “Қазақстанда қылмыс ең көп жасалатын өңір – Түркістан” деген пікір – жалған. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті дерегінше, кейінгі бес жылдықта Түркістан облысында тіркелген қылмыс саны көбеймеген, керісінше – азайған. Мың адамға шаққандағы тіркелген қылмыс саны бойынша Алматы және Астана қалалары көш бастап тұр. Ал Түркістан облысы алғашқы ондыққа да кірмейді.