16 қаңтарда ресейлік журналист Тина Канделаки Telegram-арнасында Қазақстанда «мемлекеттік деңгейде біртіндеп орыс тілін шеттетіп жатыр» деп жазған. Бұған себеп – ҚР Транспорт министрлігі бірнеше теміржол стансасының атын өзгертіп, оның ішінде кейбір атауларда орысша транскрипцияның қазақшаға өзгерту туралы жоспарлап отырғаны айтылған жаңалық. Канделаки мұны «тарихпен» бүркеніп жасалған шешім екенін айтып, күдік тудыратынын жазған.
Тележүргізушінің сөзі қазнетте жылдам тарап, қазақстандықтардың шамына тиген, сондай-ақ еліміздің журналистері де бұған жауап берген (мында және мында). Бұдан кейін Канделаки тағы бір пост шығарып, қазақстандықтардың өткенін ұмытып бара жатқанын, оған дәлел ретінде Борат, қаңтар оқиғасы мен Шарль Де Голль (бұл туралы төменде толығырақ жазылған) көшесі туралы ақпарат келтірген.
Ресейлік саяси истеблишмент пен БАҚ-тың Қазақстандағы русофобия мен орыс тілінің шететтілуі туралы пропогандалық мәлімдемелерді алғаш рет айтып отырған жоқ. Сол үшінде көбіне, әсіресе Ресейде, бұл ақпарат бүкпесіз шындық болып көрінеді.
Сол үшін Factcheck.kz редакциясы Тина Канделакидің сөздерінде логикалық қитұрқылық пен дәйекті ойнату бар екенін және сол арқылы аудиторияның санасын қалай бұрмалап отырғанын көрсетуді жөн көріп отыр.
Балтық елдеріндегі жағдай қалай?
Бірінші постан бастайық және бірден Транспорт министрлігі 16 теміржол стансасының атын өзгертуді, оның ішінде бес стансаның орысша транскрипциясын қазақшаға өзгертуді ұсынғаны рас екенін айта кетуіміз керек.
- Джалтыр стансасы — Жалтыр стансасы;
- Косчеку стансасы — Қосшоқы стансасы.
- Сай-Утес стансасы — Сайөтес стансасы;
- Узень стансасы — Жаңаөзен станасы;
- Уральск стансасы — Орал стансасы.
Канделаки бұл жаңалықты орыс тілін шеттетудің дәлелі ретінде қабылдайды. Оның айтуынша, мұндай жағдай балтық елдерінде де болған және атауды өзгерту секілді ұсақ-түйектер кейін үлкен қауіпке айналуы мүмкін.
Балтық елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, мұндай тенденция өте қауіпті. Бұл жақта да бәрі осындай ұсақ-түйектен басталған, кейін бұл шиеленіске айналды: орыс мектептері жабылды, кеңестік ескерткіштер алынды, орыс тіліне тыйым салынды да, ақырында зейнеткерлерді аязға тастады.
Тина Канделаки
Бұл жерде журналист екі логикалық қате жіберіп отыр (немесе жазған адам әдейі істеп отырса, бұл – логикалық құйтырқылық). Біріншісі – домино эффектісі. Ағылшын тілінде slippery slope деген атпен белгілі, ешбір дәлелсіз бір оқиға немесе шешімнен соң бірінен соң бірі тізбектеліп, жағымсыз нәтижеге апаратынын болжау. Бұл жерде, Канделакидің логикасына сүйенсек, ат өзгерту – Қазақстандағы орыс тіліне тыйым салуға әкелетін бастапқы шешім. Бірақ бұлай ойлауға негіз жоқ.
Екінші логикалық қате – қате аналогия немесе әлсіз аналогия. Бұл жерде белгілі бір аспектілердегі ұқсастығын пайдаланып және кейбір аса маңызды және принципті өзгешеліктерді негізге алмай, екі объекті арасында аналогия келтірген (Балтық елдері мен Қазақстан арасында).
Алдымен Балтық елдері – монолитті аймақ еместігін және оның өзінде елдер арасындағы өзгешелік пен орыс тілінің жағдайы да әртүрлі екенін айта кетуіміз керек. Қазақстан Балтық елдерімен салыстырғанда көптеген жағдайда, оның ішінде саяси бағыты бойынша да ерекшеленеді. Сондықтан екеуара салыстыру – дұрыс емес.
Канделакидің мәлімдемесінде фактілерді бұрмалау да бар. Абзацта іс-әрекет бүтін бір аймаққа теліген, алайда, жоғарыда атап өткеніміздей, аймақтағы елдердегі жағдай әртүрлі. Латвияда орыс тілін мемлекеттік БАҚ-та қолдануға 2026 жылдан бастап тыйым салған және аз ұлттар мектебін латыш тіліне өтуі біртіндеп жолға қойылған. Эстонияда мектептердің эстон тіліне біртіндеп өтуі туралы заң қабылданды, бірақ БАҚ-тағы (ресейлік емес) орыс тіліне қатысты шектеу жоқ. Литва әлі күнге дейін білім саласындағы реформа туралы бастамаларды ойластырып жатыр.
«Орыс тіліне тыйым салды» деген тіркес бар мазмұнды өзгертіп тұр, себебі бүгін біз Балтық елдерінің бірде біреуі орыс тілін қолдануға тыйым салмағанын көріп отырмыз.
Кеңестік ескерткіштерді бұзу туралы сөзі туралы да осыны айтуға болады. Латвияның Сеймі Ресеймен арадағы ел аумағындағы кеңестік ескерткіштерді қорғау туралы келісімді тоқтатып қойды, бірақ кейбір кеңестік ескерткіштер әлі де бұзылмаған. Эстонияның Рийгикогуы кеңестік ескерткіштерді бұзу туралы заң қабылдаған, бірақ бейтарап деп саналатын 74 ескерткішті сол күйі қалдыруды жөн көрген. Литвадағы билік те бірнеше ескерткішті құлатқан, дегенмен көбіне оларды басқа жаққа ауыстырып жатыр.
Білім саласын толықтай мемлекеттік тілге ауыстыру мен кейбір кеңес дәуірінің ескерткіштерінен құтылу туралы шешімнің астарын ұғынған дұрыс. Тина Канделаки жазған әрекеттің бәрі «вакуумда» пайда болған жоқ, бұл көбіне Ресейдің Украинаға басып кіруінің салдары. Балтық елінің үш мемлекеті де Ресейдің әрекетін сынға алып, Украинаны қолдаған және РФ тарапынан әскери агрессия көруден сақтанып отыр.
Сонымен қатар аязға тасталған зейнеткерлер туралы сөз де бұрмалау. Бұл Канделакидің 14 қаңтар күні жариялаған, «көп жылдар бойы үзбей Ресейдің пайдасына қызмет еткені үшін» қалаусыз адамдар тізіміне енген 82 жастағы зейнеткер Борис Катковтың Латвиядан шығарылғаны туралы жаңалыққа байланысты болса керек. Шешімнің өзі қайшылыққа толы деуге болса да, ер адам «аязға тасталмаған», елден депортацияланған.
Содан кейін Канделаки «Латвияның 60-тан асқан 789 тұрғыны да осыған тап болады» деп айтып өтеді. Дегенмен бұл адамдар басқа себеппен депортацияланады: олар ыхтиярхат алуға немесе уақытын создыруға құжат тапсырмаған я болмаса латыш тілін білетінін тексеретін мемлекеттік тест тапсырмаған.
Мәңгүрттер, Борат және Шарль Де Голль
Енді екінші постқа өтейік, мұны Тина Канделаки алғашқы посты қазнетте резонанс тудырған соң шығарған. Жазбаны мазмұны – өткенін ұмытқан қазақстандықтарды сынға алу-мыс. Онда келтірген “дәлелдердің” өзі күдік тудырады және бірінші жағдайдағыдай логикалық қате мен бұрмалауға толы.
Құрметті қазақтар, сіздерде қарапайым және мәнге толы «мәңгу» деген сөз бар. Бұл сөзден мәңгүрт образы шығады – есін, ділін, кейде тіпті санасын жоғалтқан адам. Өзіңді танымау, өткеніңді білмеу, тарихты барынша жоқ қылу, оның ішінде тарихи атауларды аттап өту – сауатсыз әрекет қана емес, қауіпті әрекет.
Тина Канделаки
Бұл жерде біздің аналитикаға желі қолданушыларының көбі мән берген «мәңгүрт» сөзіндегі қате не белгілі бір термин емес, қазақстандықтардың «тарихты аяқасты етуі» туралы айтылған сөзі қызық болып тұр. Автор өзіне-өзі қарсы шығады, себебі бірінші жазбада Канделаки стансалардың атын өзгерткенде мемлекет «тарихпен бүркеніп отыр» деп айтқан еді.
Сонымен барша қазақстандық тарихты аяқасты етті ме, әлде тарихпен бүркеніп отыр ма? Риторикалық сұрақ. Журналист дәл кеңестік тарихты аяқасты ету мен кеңестік айдентиканы жоғалту туралы айтып отырғаны түсінікті. Бірақ қазақстандықтар – тек кеңестік тарих пен кеңестік айдентикадан тұрмайды. КСРО пайда болғанға дейін және кейін де тарих болған.
Тоқетерін айтқанда, қазақстандықтар өзін және болған оқиғаны білмейді деуге негіз жоқ. Бірақ Канделаки белгілі бір мысалдар да келтірген, оларға да тоқтап өткеніміз жөн.
Өткенді білмеу – «Борат» фильміне қошемет білдіру. Қазақстаннан басқа қай ел бұл фильмге тыйым салды? Ресей мен Араб түбегі елдері. Батыстың ақылгөйлері ше? Олардың түкіргені бар. Қазақтан олар үшін кім? Фильмге қарап, жауабын білуге болады.
Тина Канделаки
Бұл абзацта біз non sequitur ( лат. — «олай істеуге болмайды») логикалық қатесін көруге болады. Бұл жерде белгілі бір ойды негіздей отырып, оған қатысы жоқ, өзге бір шешімге келу. Яғни, «Борат» фильміне қошемет білдіру адамның өткенін білмеуімен байланысты ма? Одан бөлек, өнерге деген көзқарас – субъективті екенін естен шығармаған жөн. Көптеген қазақстандық фильм мен оның сиквеліне қарсы болды, ал кейбіріне ұнады. Бұл фильм ең алдымен америкалық қоғамға сатира ретінде түсірілген комедия екенін естен шығармаған дұрыс.
Бұл жерде тағы Батыс туралы риторика да бар, бірақ бұл тіл туралы дискуссияға түк қатысы жоқ, дегенмен Канделаки Батысты Қазақстанды қорғап тұрған Ресейдің жауы ретінде көрсеткен. Тағы сол non sequitur қатесі, Батыста бұл фильмге шектеу қойылмағаны батыстық көрерменнің қазақстандықтарға деген көзқарасын білдірмейді, керісінше кинемотографиядағы цензураның аз екенін көрсетеді.
Тағы бір логикалық қате – көпке топырақ шашу. Фильм авторларының қазақстандықтарға деген негатив көзқарасын (мұның өзі дәлелденбеген) бүкіл Батыстың қазақстандықтарға деген көзқарасы деп танып отыр.
Өткенді білмеу – екі жыл бұрын Қазақстан ел ретінде жоғалып кете жаздағанын білмеу. Отқа оранған қалалар жақсы ма, әлде көмекке келген көршің бе?
Тина Канделаки
Тағы non sequitur қатесін көріп отырмыз. Қаңтар оқиғасында Қазақстан қыйын жағдайда болса да, мемлекет ретінде жоғалып кетуі мүмкін деп айтуға болмас еді. Ресей (ҰҚШҰ келісімі негізінде) Қазақстанға көмектесуге келіскені, мемлекет тәуелсіз шешім шығара алмайды деген сөз емес.
Өткенді білмеу – айтқаны бір бөлек, ісі бір бөлек, сәнді киімдер мен бет-әлпетін күтіп қалған интернеттегі образдар сияқты көріну.
Тина Канделаки
Мұнда да non sequitur қатесі бар. Сәнді киім мен өзін әдепке сай ұстамау және өткенін ұмытудың байланысы туралы айтып отыр.
Қазақша аттар дейсіңдер ме? Астанадағы Шарль Де Голль көшесіндегі «Монако» қонақ үйі туралы айтып отырсыңдар ма? Неге Абай Құнанбаев немесе Қожа Ахмет Яссауи көшесінде емес? Неге «Монако»? Ол жер қазақтікі ме еді?
Тина Канделаки
Бұл жердегі алғашқы логикалық қате – фактілерді таңдап алып келтіруі. Дәлелді орнықтыра түсу үшін «қазақша емес» екі объекті қолданылған (оның бірі жекеменшік иесіне тиесілі), алайда елімізде Абай Құнанбаев, Қожа Ахмет Яссауи және көптеген тарихи тұлғалардың есімі берілген көшелер бар.
Екінші логикалық қате – жалған дилемма. Оқырманған қазақша және батысша аттар арасында таңдау берілген. Бірақ бірі екіншісіне кедергі келтіруі міндетті емес. Қазақстанда, мысалы, орыс қайраткерлерінің атына берілген көптеген объектілер бар (көшелер, театрлар және т.б.).
Түйін
Осы материалда талданған Тина Канделакидің постары соңғы бірнеше жылда қазақстандықтар естіген (мысалдар мына жерде) өзге де кейбір ресейлік қоғам қайраткерлері мен БАҚ-тары мәлімдемелері сияқты, Қазақстанды орыс тілін әдейі шеттетіп жатқандай келтіреді. Бұл үшін жалған ақпарат пен логикалық құйтұрқылық және эмоционалды манипуляция қолданылған.
Одан бөлек, мұндай мәлімдемелер рас нәрсені бұрмалап көрсетіп, ресейлік және қазақстандық аудиторияға үрей мен ашу бойлатады. Әсіресе, мұндай мәлімдемелерде Қазақстанға жиі ашық түрде қоқан-лоқы көрсетілетінін ескерсек, мұның этикаға сай емес және қауіпті екенін айта кеткеніміз жөн.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.