Әлеуметтік желіде Мақтарал ауданын су басқан суреттер жиі жарияланып жатыр. Сол суреттердің бірінде Өргебас ауылының мешіті де бар, суретті таратушылар “Алланың құдіретімен мешітті су баспады” дейді. Сонымен, мешітті су басты ма, жоқ па деген сұраққа бірге жауап іздейік.
“Бұл ауылды тұтас су басқанымен, су мешітті баспай, маңайына да жоламаған”, – деп айтып жатқан адамды көріп отырмыз.
Таралған суреттерден кейін желі қолданушылары исламның құдіреті жайында жиі жазып, тылсым күш жайында айта бастады.
Үкім: манипуляция
Шынында су мешітті де басқан. Бұған оқиғадан хабар таратқан БАҚ суреттері мен видеолары дәлел бола алады. Ал желіде таралған фотолар су тартыла бастағанда түсірілген. Бұған жердегі ылғалдан қалған дақтар дәлел бола алады.
Мешітті шынымен су басқанын Азаттық радиосының материалдарынан да көруге болады.

Контекст
1 мамырда Өзбекстанда жарылған Сардоба су қоймасынан келген су Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас және Достық ауылдарын басып, 31 мыңға жуық адам жапа шеккен.
Өзбекстан тарапы су қоймасының жарылуына байланысты қылмыстық іс қозғады. Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, Өзбекстандағы су қоймасының апаты салдарынан Мақтарал ауданында 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты, мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су басты. Шамамен 7000 гектар егістік су астында қалды.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.