XVIII-XIX ғасырларда пайда болған «шіріген Батыс» идеясы таңғаларлық әмбебап әрі Ресей империясында да, Совет одағында да, Путин тұсындағы Ресейде де әбден сіңіп қалған. Уақыт өтті, режим мен идеология өзгерді, алайда «шіріген Батыс» туралы саяси риторика өзінің қарапайым мақсатына адал болып қала берді – «өзіміздікі» мен «бөтеннің» арасына шек қойып, «мына жерде» үрейлі «ана жаққа» қарағанда қаншалықты жақсы екенін көрсету.

Factcheck.kz редакциясы «шіріген Батыс» туралы клише қашан пайда болды, басқа саяси режимдерге қалай сіңді және Кремль оны қазір қалай пайдаланады деген сұрақтарға жауап іздейді.
200 жыл бойы шіру
«Шіріген Батыс» ұғымының авторы әдебиет сыншысы, славянофил Степан Петрович Шевырев деген нұсқа бар. Бұл эмоциялық бейнені алғаш рет Шевырев 1841 жылы «Москвитянин» журналындағы мақаласының бірінде қолданған екен. Алайда шіріген немесе құрып бара жатқан Батыс туралы тұжырымдама Шевыревтің жариялануынан көп бұрын Батыстың өзінде пайда болды.
Орыс-америкалық әдебиет тарихын зерттеуші әрі аудармашы Александр Долинин өзінің «Батыстың құлдырауы және басқа да мемдер» атты кітабында ХІХ ғасырдың басында-ақ неміс философ-романтигі Фридрих Шлегель роман халықтары тек славяндардан көмек күтуіне болады деп мәлімдегенін жазады. Долининнің айтуынша, ХІХ ғасырдың ортасына қарай «іріп-шіріген Батыс» туралы идеяларды Шатобриан, Гюго, Филарет Шаль сияқты француз жазушылары мен ойшылдары пайдаланған. Бұл риториканы ресейлік авторлар ықыласпен қабылдады – мәселен, Лермонтов француздардың ықпалымен «Өлім аузындағы гладиатор» өлеңінің екінші бөлімін жазды.
Орыс тіліне ауысқан бұл тұжырымды әртүрлі саяси көзқарастағы өкілдер өз риторикаларында құлшына қолданды. Ғасырлар бойы ол клишеге, кейін мемге айналды (1, 2). Бұл штамп саяси мәлімдемелер мен насихатта сирек кездессе де, «олар (шартты Батыс елдері) – жаман» және «біз (КСРО/Ресей) – жақсы» деген негізгі тұжырымдама өзгеріссіз қалды.
Совет заманында «шіріген Батыс» туралы клише алдымен Батыстың жалпыланған «әлемдік империалистеріне» қарсы, ал қырғи қабақ соғыс жылдарында НАТО блогына және әсіресе АҚШ-қа қарсы қуатты пропоганда құралына айналды.
Бір қызығы, бір кездері «шіріген Батыс» туралы әңгіме Хрущевтің «АҚШ-ты қуып жетіп, басып озамыз» деген уәдесімен қатар жүрді. Бұл қарама-қайшылық партия номенклатурасын қаншалықты алаңдатқанын айту қиын, бірақ казус азаматтардың назарынан тыс қалмады.
«Армян радиосы жауап бере алмаған жалғыз сұрақ: біз құрдымға кетіп бара жатқан Американы басып озғанда не болады?»
Советтік анекдот
Совет Одағы ыдырап, «империалистік» елдермен сауда-саттық және ынтымақтастық үшін шекаралардың ашылуымен «шіріген Батыс» туралы риторика іс жүзінде жойылды.
Путиннің егемендігі және клишелердің жандануы
Алайда Ресей басшылығы егемендік пен «дәстүрлі құндылықтар» идеясын ілгерілете бастағандықтан, «басқаның» бейнесін жасау қажеттілігі саяси риторикада «шіріген Батыс» тұжырымдамасын қайта жаңғыртты. Ресейдің Батыстан белсенді түрде алшақтауы әсіресе Владимир Путиннің 2007 жылғы Мюнхенде сөйлеген сөзінен кейін басталды. Онда Ресей мен Батыс елдерінің қарым-қатынасына, НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюінен сескенетін Путин қауіпке көп көңіл бөлінді. «Ресейдің мыңжылдық тарихы» мен «тәуелсіз сыртқы саясат» идеясы ерекше айтылды.
Уақыт өте келе Путиннің Ресейді Батысқа қарсы қою ұстанымы барған сайын күшейе түсті. 2012 жылы Мәскеудегі «Лужники» стадионында өткен сайлауалды жиында Владимир Путин өз жақтастарын «шетелге қызықпауға» және сырт елдердің «таңылған еркіне» көнбеуге шақырды.
Қырымды қосып алып, Ресейге қарсы батыс санкциялары алғаш енгізілгеннен кейін Путин Сочидегі «Валдай» халықаралық пікірталас клубының XI отырысында сөз сөйледі. Washington Post газеті сол кезде оны «кейінгі 15 жылдағы ең антиамерикалық сөз айтқан көшбасшы» деп бағалады. АҚШ-қа қарсы тұру туралы риторика Батыс Еуропа елдеріне де тарады, сонымен қатар саяси аспектілерді ғана емес, құндылықтар мен мәдениетті де қамтыды (1, 2, 3, 4).
«Ресей адамзат өркениеті негізделген дәстүрлі құндылықтардың тірегі болды және болып қала береді».
«Біздің құндылықтарымыз – адамгершілік, мейірімділік және жанашырлық».
[Батыс элиталарының диктатурасы – бұл] Адамды толық терістеу, сенім мен дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығару, еркіндікті басып-жаншу «керісінше дін» – ашық сатанизм сипатына ие болады».
«[Батыс елдері] моральдық нормаларды, дінді, отбасын түбегейлі жоққа шығаруға көшті».
Өзгенің көзімен…
Заманауи Ресейдің пропаганда риторикасында Батыстың деградациясын көрсететін негізгі нарративтер гендерлік құқық пен бостандыққа, саяси тұрақтылыққа, экономикаға және сыртқы саясатқа қатысты.
Жалпыланған Батыс «неолибералды құндылықтардың» қайнар көзі ретінде бейнеленеді, олар дәстүрлі құндылықтарға қарсы қойылады және ресейлік саясаткерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының түсінігінде үнемі абсурдқа дейін барады. Өзін-өзі анықтау және өзін-өзі көрсету бостандығы, теңдік пен әлеуметтік әділеттілікке ұмтылу дәстүрлі отбасы мен бинарлық гендерлік модельді бұзатын девиантты және экстремистік өрлеу ретінде ұсынылады.
«Біздің феминистер Батыстың агентурасы ғана. Олар дәстүрлі құндылықтарды жоюмен айналысады, олардың қызметі президенттің дәстүрлі құндылықтарды қолдау туралы жарлығына қайшы келеді. Олар ажырасуды, бала тумауды, түсік жасатуды жақтайды. РФ-ның демографиялық саясатына қарсы әрекет етеді».
Олег Матвейчев, Мемлекеттік Думаның Ақпараттық саясат, ақпараттық технология және байланыс комитеті төрағасының орынбасары
«Ресей – бүгінде АҚШ-та, Еуропада болып жатқан оқиғаларға қарсы тұратын және отбасын, дәстүрлі құндылықтарды сақтау үшін барын жасайтын жалғыз ел».
Мемлекеттік Дума төрағасы, Вячеслав Володиннің, трансгендерлік ауысуға тыйым салу туралы заңға түсініктеме берген кезіндегі сөзі.
«Біздің елімізде, Ресейде «ана» мен «әке» емес, «1-нөмірлі, 2-нөмірлі, 3-нөмірлі ата-ана» болғанын қалаймыз ба? Әбдeн жынданып кeттіңдер мe? Біздің мектептерде бастауыш сыныптан бастап азғындыққа, құрдымға апаратын азғындықтар жасалғанын қалаймыз ба?
Кейбір сыртқы хаосты сипаттайтын демократиялық процестер – жаппай наразылық, митиңдер, заңнамалық шешімдердің күшін жою туралы сот талаптары – саяси жүйенің дағдарысы ретінде ұсынылады және Ресейдегі тұрақты және қауіпсіз (және авторитарлық) режиммен салыстырылады. Соңғысы шын мәнінде биліктің қатаң вертикалы, саяси жүйедегі тежеу мен тепе-теңдіктің болмауы, сондай-ақ кез келген оппозицияны жою арқылы әлдеқайда тәртіпті көрінеді. Мұның бәрі келіспеушілердің мемлекеттік аппарат ішінде де, одан тыс та «партия саясатына» қарсы тұру мүмкіндігін жоққа шығарады.
«Бізде Париж сияқты оқиғалардың болғанын қаламаймыз, онда брусчатканы бұзып, бәрін өртейді, содан кейін ел төтенше жағдайға ұшырайды».
Владимир Путин Францияда салықтың көтерілуі мен бензин бағасының өсуіне байланысты «сары желеткелілердің» наразылығы туралы
«А[м]ерика билеушілері қандай жын-періні сыртқа шығарғанын әлі толық түсінген жоқ. BLM қозғалысы АҚШ-тағы қоғамдық өмірді бұзудың қуатты факторына айналды».
Алексей Пушков, ресейлік сенатор, Black Lives Matter қозғалысының наразылығы туралы
Қарсылас елдердің экономикалық проблемасын өз еліндегі ішкі дағдарысты азайтып, болмаса мүлдем елемей пропоганда арқылы да әсірелеп көрсетеді (1, 2).
«Біздің Донбасты азат ету әрекеттеріміздің бұл жерде түк қатысы жоқ. Ал бүгінгі бағаның өсуі, инфляция, азық-түлік пен жанар-жағармай, бензин және энергетика саласындағы проблемалар – АҚШ-тың қазіргі әкімшілігі мен еуропалық бюрократияның экономикалық саясаттағы жүйелі қатенің нәтижесі.
Владимир Путин Еуропа мен АҚШ-тағы «путиндік инфляция» айыптауына жауап берді
«Нәтижесінде Уашиңтон Ресей алдындағы міндеттемелері бойынша дефолт жариялайды, олар мұны жасады. Кез келген мемлекеттің АҚШ доллары мен еуродағы қаржы активтері жай ғана ұрланады.
Николай Патрушев, РФ Қауіпсіздік Кеңесінің бұрынғы хатшысы, 2022 жылы АҚШ-тың мемлекеттік қарызына қатысты жағдай туралы
Батыс елдерінің сыртқы саясаты агрессивті әрі жаулап алушы сипатта ұсынылады, ал Ресейдің сыртқы саяси бағыты әділетті және қуатты ретінде бейнеленеді.
«Бүгінгі әлемдік шаруашылықтағы жағдай Батыс өз «ережелеріне» бағынбайтындарды жазалау үшін қолданатын әдістердің әсерінен өрескел бұрмалануда, бұл ережелер айқын неоколониалдық сипатқа ие. Олар бұл әдістерді бәсекелестерді жою үшін қолданады».
Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі
«Біздің әріптестеріміз [Румыния мен Польшада әуе қорғаныс жүйесін орналастырудан] бас тартпады. Олар өздерін жеңімпаз деп санап, енді империямыз, ал қалғандары вассалдар, оларға қысымды күшейту қажет деп шешті. <…> Мәселе осында. Біз Еуропа мен әлемде ешқандай бөлуші шекараларсыз бірлесіп жұмыс істеуге бағытталған барлық әрекеттеріміз бен қадамдарымызға қарамастан, олар дуал тұрғызудан бас тартпады».
Владимир Путин, 2014 жылғы НАТО-ның кеңеюіне қатысты баспасөз конференциясында айтқан сөзі
Күрделі бейнені қарапайым түрде ұсыну
«Шіріген Батыс» тұжырымдамасы — тек эмоциялық реңкі бар клише емес, ол бірнеше деңгейде — идеологиялық, психологиялық, пропагандалық және басқарушылық — бір мезгілде жұмыс істейтін саяси риториканың маңызды құралы.
Алдымен, бұл — сыртқы қарама-қарсылық қағидасына негізделген тәсіл. Ол «біз» және «олар» арасындағы нақты шекараны белгілеуге мүмкіндік береді. Мұндай құрылымда Батыс тек бөтен емес, сонымен қатар моральдық тұрғыдан азғындаған, рухани күйреген және қауіпті болып сипатталады. Бұл әдіс күрделі әлемдік қатынастарды жеңілдетіп, оларды бинарлық оппозиция негізінде — өзіміз бен бөгде, тәртіп пен бейберекеттік, парасат пен сандырақ — ұсынылатын басқаруға оңай нұсқаға айналдырады.
«Шіру» клишесі назарды ішкі мәселелерден басқа жаққа аударуға да мүмкіндік береді. Бұл тәсіл арқылы ішкі дағдарыс жағдайында қоғамдық назары қарсы жақтағы гипотетикалық «құлдырауға» бағытталады: мысалы, егер «бізде» цензура өсіп жатса, онда «оларда» сөз бостандығы саяси дұрыстықтың құрбанына айналады. Бұл иллюзия «бізде бәрі онша нашар емес» деген сенімді қалыптастырады әрі ең бастысы — енгізіліп жатқан шектеулер мен қиындықтарды ақтайды, себебі олар уақытша және «әлемдік азғындауға қарсы күрес жолында» қажет.
Эмоциялық компонент те маңызды рөл атқарады: «шіріген» сөзі жиіркеніш, жиреніш және моральдық артықшылық сезімін тудырады. Бұл жай ғана пікір емес — ақиқат ретінде ұсынылатын баға. Мұндай риторика тыңдаушылардың тек келісімін ғана емес, сонымен қатар өзін «дені сау» мәдениетке, «таза» және бөтен идеялардан алшақ қауымдастыққа жататынын сезінуіне ықпал етеді.
Сонымен қатар, мұндай клише репрессияны ақтау және халықты жұмылдыру құралы ретінде де қолданылады. Идеологиялық бақылау, цензура мен саяси қатаңдату әрекеттері «шіріген Батыспен» күрес контексінде негізделеді. Егер Батыс шынымен азғындап жатса, онда онымен күрес саяси ғана емес, экзистенциалды сипатқа ие. Бұл күрес құрбандықтарды, шектеулерді және жұмылдыруды талап етеді. Осылайша, риторика тек сыртқы бағытта ғана емес, ішкі бағытта да — өзгеше ойлайтындар мен келіспеушілерге қарсы қолданылатын құралға айналады, олар «Батыс агенттері» ретінде сипатталады.
Ақырында, «шіріген Батыс» — ондаған жылдар бойы сыннан өткен тиімді риторикалық құрылым. Бұл терминді қайталау оңай, ол танымал, түсінікті және күтетін реакцияны тудырады. Оған дәлел қажет емес, себебі ол бұрыннан қалыптасқан бейне, үрей мен реніштерге негізделген. Бұл оны пропаганда үшін өте қолайлы етеді, әсіресе сыни ойлау әлсіреген, ал баламалы ақпарат көздері шектелген жағдайда.
Осылайша, «Шіріген Батыс» ұғымы — белгілі бір дүниетаным мен нақты қоғамдық реакцияны тудыратын ұғымдық код. Ол моральдық артықшылық иллюзиясын қалыптастырып, пікірталасқа мүмкіндік бермейтін орта жасайды, ішкі шектеулерді ақтайды және билікке деген адалдықты күшейтеді. Бұл — бақылауды сақтағысы келетін жүйе тілі.
Бұл материал Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырып жатқан «Әмбебап фактчекиң: Қазақстандағы адам құқықтары туралы қитұрқы нарративтерге қарсы іс-қимыл» жобасы аясында жарияланды.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.