SARS-CoV-2 пайда болуына қатысты АҚШ конгрессінің баяндамасы: аргументтерді талдайық

2024 жылғы 2 желтоқсанда АҚШ конгресінің COVID-19 пандемиясының салдарын зерттеу жөніндегі арнайы шағын комиссиясының баяндамасына арналған баспасөз хабарламасы жарияланды. Құжатта, басқа тақырыптармен қатар, SARS-CoV-2 вирусының шығу тегі туралы нұсқалар қарастырылған. Комиссия вирус Қытайдың Ухань қаласындағы зертханада жасалған және адамдарға жұғуы зертханалық ақаудың салдарынан болған деген қорытындыға келген. Әлемдік БАҚ (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10) бұл жаңалықты жылдам таратып, тақырыптарында беделді дереккөз бен SARS-CoV-2-нің жасанды табиғатын ерекше атап көрсетті.

Жалпы алғанда, есеп ғылыми шолу емес, саяси құжат ретінде жазылған. Ондағы деректер бұрмаланбаса да, авторлардың тек зертханалық шығу тегін қолдайтын фактілерді талдағаны анық.

Factcheck.kz редакциясы есеп авторларының дәлелдерін биология докторы PhD Әсел Мұсабекова және молекулалық биология докторы әрі ғылым насихаттаушысы PhD Екатерина Грачёвамен бірге талдауды шешті.

Алдымен мынаны атап өткен жөн: қазірге дейін SARS-CoV-2-нің табиғи немесе жасанды шығу тегі туралы бірде-бір нұсқаны тікелей дәлелдейтін дерек жоқ. Алайда жанама дәлелдердің басым бөлігі SARS-CoV-2-нің зоонозды табиғатын көрсетеді, және халықаралық ғылыми қауымдастық осы тұжырымды қолдайды.

№1-аргумент: Вирустың табиғатта кездеспейтін биологиялық ерекшеліктері бар

Мұндағы ерекшелік – фуриндік кірістіру немесе фуриндік сайт деп аталады.

Әсел Мұсабекованың түсіндіруінше, фуриндік кірістіру – бұл SARS-CoV-2 вирусының адам жасушасына еніп, жұқтыруына көмектесетін ерекшелігі. Бұл элементсіз вирус жасушаға ене алатын болғанымен, патогендік қасиетін айтарлықтай жоғалтады.

SARS-CoV-2 вирусының фуриндік кірістіру аминқышқылдарының тізбегі шынымен де ерекше және ғалымдарға бұрыннан белгілі немесе зертханаларда вирустарды модификациялау кезінде пайдаланылған тізбектерден өзгеше.

SARS-CoV-2 пайда болуына қатысты АҚШ конгрессінің баяндамасы: аргументтерді талдайық
Әртүрлі вирус пен SARS-CoV-2 штаммдарының фуриндік кірістіру аминқышқылдары тізбектерінің салыстырмасы.
Дереккөз: Александр Панчин

Сонымен бірге, Екатерина Грачёва атап өткендей, фуриндік кірістіру SARS-CoV-2 үшін ерекше сипат емес – бұл оның жақын туыстарында да (1, 2, 3), мысалы, мысық коронавирусы немесе тышқан коронавирусында да бар. Оның үстіне, мұндай ерекшеліктер табиғи жолмен пайда болуы мүмкін, олар алуан түрлі және әртүрлі вирус түрінде дербес пайда болған.

SARS-CoV-2 пайда болуына қатысты АҚШ конгрессінің баяндамасы: аргументтерді талдайық
SARS-CoV-2 вирусының S-ақуызындағы (шыбық тәрізді ақуыз) фуриндік кірістірудің үлгісі (қызыл түспен белгіленген).
Дереккөз: Drug Target Review

2022 жылы PNAS журналында жарияланған хатта АҚШ-тың Тулейн медицина мектебінің микробиология және иммунология профессоры, доктор Роберт Ф. Гэрри фуриндік кірістірудің конфигурациясы соншалықты ерекше әрі артық екенін атап өтті. Ол мұндай элементті жасанды түрде жасау «гендік инженерияның әдеттен тыс әрі негізсіз күрделі шешімі» болатынын мәлімдеді. Мұндай мақсат үшін фуриндік кірістіруді ұқсас коронавирустан алып, оны SARS-CoV-2 вирусына енгізу әлдеқайда жеңіл, уақыт, күш және қаржы үнемдейтін әдіс болар еді.

2023 жылы Корнеулл университетінің ғалымдары жиналған деректерді талдап, Lancet журналында мақала жариялады. Онда SARS-CoV-2 вирусының мутациялану қабілеті, фуриндік кірістіруін жоғалтпай, яғни жұқпалылығын сақтап қалуы бұл ерекшеліктің табиғи жолмен пайда болғанын көрсетуі мүмкін деген қорытынды жасалды.

АҚШ Ұлттық барлау директорының кеңсесі жариялаған және 2023 жылы құпиясыздандырылған баяндама деректеріне сәйкес, Ухань вирусология институтында жарқанат вирусының SARS-CoV-2-ге 96,2% және 96,8% ұқсас екі түрімен зерттеулер жүргізілген. Алайда бұл көрсеткіштер қарапайым адамға әсерлі көрінгенімен, сарапшылар геном деңгейіндегі 3-4% айырмашылықтың үлкен екенін және бұл вирустарды SARS-CoV-2-ге айналдыру мүмкін емес екенін айтады.

«SARS-CoV-2 геномы шамамен 30 мың негізі бар. Мысалы, егер біз 2% негіздерді өзгерткіміз келсе, шамамен 600 негізді өзгертуіміз керек болады. Оның үстіне тек фуриндік кірістіру сияқты элементтерді ғана емес, сонымен қатар SARS-CoV-2 вирусын жарқанат вирусынан өзгеше ететін кездейсоқ кірістірулерді де қосуымыз қажет», – деп түсіндіреді Екатерина Грачёва.

Асель Мұсабекова бұл бірнеше проценттік айырмашылықтың тек бір жерде шоғырланбай, бүкіл геномға шашырап орналасқанын және бұл бір коронавирусты екіншісіне айналдыруды мүмкін емес ететінін қосады.

Сонымен қатар, SARS-CoV-2 вирусын басқа вирустардың бөліктерін біріктіру арқылы құрастырған деген болжамды растайтын «жабыстырмалар» анықталған жоқ, бұл да оның табиғи шығу тегін қолдайды.

№2-аргумент: COVID-19 жағдайының бәрі адамға бір реттік жұғу нәтижесінде пайда болған. Бұл алдыңғы пандемиялармен, онда бірнеше жұғу оқиғасы болғанымен, қарама-қайшы

Есеп авторлары SARS-CoV-2 вирусының зертханадан шыққанын дәлелдеу үшін бұл дәлелді келтіріп, 2022 жылы Science журналында жарияланған екі зерттеуді мүлдем ескермеген.

Бір зерттеу алғашқы инфекция жағдайларын талдап, «А» және «В» вирус желілерін анықтады. Бұл желілер вирустың Ухань базарында жануарлардан адамдарға екі түрлі жағдайда таралуынан пайда болған.

Зертханадан вирус тарағанын дәлелдеу үшін ғалымдар тек жарқанатпен байланыс немесе жасуша мәдениетімен жұмыс істеу арқылы кездейсоқ жұғуды ғана емес, мұндай қателердің бірнеше рет қайталанып, вирус екі рет адамға сәтті жұғуын мойындауы керек еді, – деп жазады биолог Александр Панчин.

Екінші зерттеуде ғалымдар SARS-CoV-2 вирусының тарауын егжей-тегжейлі зерттеп, инфекциялардың базардан басталғанын анықтады. Әсіресе, тарау эпицентрі базардың батыс бөлігінің оңтүстік-батыс бұрышы болған. Мұнда тірі немесе жаңа сойылған сүтқоректілер мен ет өнімдері сатылған. Жануарлармен байланыста болған беткі қабаттардан алынған сынамаларда SARS-CoV-2 анықталған.

№3-аргумент: Уханьда атипиялық пневмонияны зерттейтін Қытайдағы жетекші зертхана бар және онда биологиялық қауіпсіздік деңгейі төмен жағдайда функционалды зерттеулер жүргізілген

АҚШ Ұлттық барлау директорының кеңсесі жариялаған баяндамаға сәйкес, Ухань вирусология институтында қауіпсіздік талаптары бұзылған немесе төтенше жағдайлар болды деген деректер жоқ.

Американың барлау қызметін алаңдатқан жалғыз дерек – коронавирусқа жүргізілген зерттеулердің BSL-2 биологиялық қауіпсіздік деңгейіндегі зертхананың бөлімінде өтті. Бұл деңгейден жоғары қауіпсіздік шаралары қолданылмаған. Алайда мұндай зертхананы осы вирустармен жұмыс істеу үшін таңдау қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы деп есептелмейді. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының  нұсқаулығы да SARS-CoV-2 вирусымен «диагностикалық зерттеулерде, патологоанатомиялық зерттеулерде, қоршаған орта және вирустың таралуын зерттеу» кезінде BSL-2 зертханаларында жұмыс істеуге рұқсат береді.

«Қорғаныс деңгейі денсаулыққа ықтимал зиянына және тарау жолына байланысты таңдалады. BSL-1 — мүлдем патогенсіз агенттерге арналған, мысалы, кәдімгі ішек таяқшасы штаммдарымен біз әдеттегі зертханада жұмыс істейміз. BSL-2 — аздап зиян келтіретін немесе патоген аэрозоль арқылы тарамайтын вирустарға арналған. Мысалы, ВИЧ, тұмау — бұл екінші топ. SARS-CoV-2 осы топқа жата ма? Қазір біз оның дәл осы топқа жататынын білеміз. Ал MERS (Таяу Шығыс респираторлық синдромы коронавирусы) бұл топқа кірмейді, ол үшінші топқа жатады» – деп түсіндіреді Екатерина Грачёва.

«Бірақ BSL-2-де сондай қатаң шаралар болады, кез келген жоғары топ соларға қызығушылық танытар еді», – дейді, микробиолог.

2020 жылы Ухань вирусология институтындағы жоғары деңгейлі зертханаларды тексеру барысында ескірген жабдықтарды жаңарту, қосымша дезинфекциялық жабдықтар орнату және желдету жүйелерін жақсарту қажеттілігі анықталды. Бұл тексеру COVID-19 індетіне байланысты жүргізілгендіктен, бұл нәтиже институттағы зертханалардың індетке дейінгі биологиялық қауіпсіздік деңгейін көрсетпейді.

Сонымен қатар, бұрын айтылғандай, Ухань институтында зерттелген коронавирустың ешқайсысы SARS-CoV-2-ге жеткілікті дәрежеде ұқсас болмаған.

Функционалдық зерттеулерге қатысты – вирустарға белгілі бір қасиеттер беру, патогенді арттыру секілді тәжірибелер – олар Ухань вирусология институтында жүргізілген. Бірақ бұл әлемдегі жүздеген биозертханаларда да болатын қалыпты тәжірибе. Вирусологияда функционалдық зерттеулер негізгі практикалардың бірі.

«Функционалдық зерттеулер вирустың пандемиялық әлеуетін түсінуге мүмкіндік береді. Пандемиялық әлеует – вирустың қаншалықты тиімді жұғатыны, оның өлімге әкелу деңгейі және мысалы, тиімді респираторлық вирусқа айналуы үшін қандай сипаттамалар болуы керектігіне негізделеді» – дейді Асель Мұсабекова.

«Барлық вируста фуриндік кірістіру болмайды. Бірақ белгілі бір вирус фуриндік кірістіруге ие болса, не болатынын білу қызық болуы мүмкін. Аурудың патогендігі арта ма? Клеткаға енуі мен жұқпалылығы күшейе ме? Осы сұрақтарға жауап беру үшін ғалымдар вирусқа кірістіру қосып, оның функциясының өзгергенін бақылайды. Бұл функционалдық зерттеулер деп аталады. Мұндай зерттеулерсіз патогендердің реттелу механизмдерін, сондай-ақ вирустардың әлсіз тұстарын анықтау қиын» – деп қосады Екатерина Грачёва.

Белгілі бір мутациялардың вирустың адам клеткаларын жұқтыру қабілетін қалай арттыратынын анықтап, зерттеушілер бұл өзгерістерді алдын ала зертханалық жағдайда бақылап, олардың негізінде диагностикалық жиынтықтар жасай алады. Бұл жиынтықтар алыс аймақтарда белгісіз аурулар пайда болған жағдайда сақтаулы тұрады. Осындай жағдайда ПТР-диагностика жасап, вирусқа осы мутациялардың бар-жоғын тексеріп, онымен қалай күресу керектігін жылдам анықтауға болады. Бұл вирустың таралуын тоқтатудың тиімді әдістерін алдын ала зерттеп, оны халық арасында тез тоқтатуға мүмкіндік береді.

№4-аргумент: Ухань вирусология институтының зерттеушілері 2019 жылы күзде, вирус азық-түлік нарығында анықталмай тұрып, COVID-19-ға ұқсас вируспен ауырған

АҚШ Ұлттық барлау қызметінің жоғарыда аталған баяндамасында Ухань зертхана қызметкерлерінің ауру жағдайлары қарастырылған. Алайда баяндама авторлары қызметкерлердің COVID-19 белгілерімен ауруханаға жатқызылғанын растайтын деректер таппады. Олардың біреуі, мүмкін, тыныс алу органдарына қатысы жоқ аурудан емделген болуы мүмкін.

2020 жылдың басында Қытайдың Ұлттық қауіпсіздік комиссиясы вирусология институтында тергеу жүргізіп, қызметкерлерден қан алған. 2021 жылғы наурыздағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) есебіне сәйкес, осы қан үлгілерінің барлығы SARS-CoV-2 вирусына қарсы антиденелерге теріс нәтиже көрсеткен.

2019 жылы күзде институттың бірнеше қызметкері жеңіл сырқаттанғаны анықталған, бірақ олардың белгілері қарапайым тұмау, аллергия немесе COVID-19-ға қатысы жоқ басқа ауруларға сәйкес келген. Олар жануарлардың тыныс алу вирустарын зерттегенімен, сырқаттанар алдында тірі вирустармен жұмыс істегендерін растайтын дәлелдер жоқ.

Сонымен қатар, SARS-CoV-2 вирусының жұқпалығын ескерсек, COVID-19-бен ауырған зертхана қызметкерлерінің ауруханада немесе үйлерінде біреуді жұқтырмауы таңқаларлық болар еді. Егер олардың тыныс алу белгілері шынымен SARS-CoV-2-мен байланысты болса, пандемия бірнеше айдан кейін емес, дәл сол кезде басталар еді.

№5-аргумент: Ғылымның барлық талабы бойынша, егер вирустың табиғи жолмен пайда болғанын дәлелдейтін айғақтар болса, олар әлдеқашан белгілі болар еді

Бұл аргумент те алдыңғылар секілді кейбір деректерді елемеуге негізделген.

Бұрын айтылғандай, ғалымдар жануарларда пайда болып, кейін табиғи мутация арқылы адамға жұғу қабілетіне ие болған зоонозды коронавирус түрлері туралы бұрыннан біледі (1, 2, 3).

SARS-CoV-2 вирусының табиғи жолмен пайда болғанын растайтын тікелей дәлелдер жоқ екені рас. Себебі Ухандағы нарықтағы жануарлар жойылып, Қытай билігі халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа құлықсыздық танытып, зертханалық материалдар мен құжаттарға тікелей қол жеткізуге кедергі келтірді.

Дегенмен, Ухань нарығындағы беткі қабаттардан алынған анализде, SARS-CoV-2 құрылымын және онымен туыстас коронавирусты зерттеу негізінде жиналған жанама мәліметтер вирустың табиғи жолмен пайда болғаны туралы ғылыми консенсусқа алып келеді. Сонымен бірге, SARS-CoV-2 вирусының зертханалық жолмен пайда болғанын дәлелдейтін нақты айғақтар да жоқ. Бұл теорияны жақтаушылардың негізгі дәлелдері: пандемия Уханьда басталды, онда Ухан вирусология институты орналасқан, ал институтта жарқанат коронавирусы зерттелген. Дегенмен, SARS-CoV-2 тарала бастағаннан бері бес жыл ішінде бұл фактілер арасында себеп-салдарлық байланыс барын көрсететін ғылыми негіздемелер табылған жоқ. Бірақ бұл саясаткерлердің қолдан жасалған вирус туралы риториканы өз мүдделеріне пайдалануына кедергі болмай отыр.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz