Саддам Хусейннің немересі АҚШ әскерімен шайқасып, “XXI ғасырдың батыры” атанды ма?

Желінің орыс тіліндегі сегментінде кем дегенде 2014 жылдан бері бір қолына қару, бір қолына ит ұстаған баланың суреті тарап жүр (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13). Онда беймәлім баланың 2003 жылға дейін Ирактың президенті болған Саддам Хусейннің Мұстафа есімді 14 жасар немересі екені жазылған. Мәтінде «Мұстафаны 400 сарбаздан тұратын америкалық әскер қоршағаны, ағасы мен әкесі көз алдында өлтірілген соң, бала қарымта оқ атып, 14 америкалық жаяу әскерді өлтіргені, Саддам Хусейннің немересімен шайқас шамамен алты сағатқа созылғаны» жазылған. Одан бөлек, The New York Times газеті оны «XXI ғасырдағы ең батыл және жүрек жұтқан бала» деп таныпты-мыс.

Саддам Хусейннің немересі АҚШ әскерімен шайқасып, "XXI ғасырдың батыры" атанды ма?
Желіде тараған ақпарат

Factcheck.kz редакциясы оқырманның өтінішінен соң ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Үкім: Фейк

Ақпарат толықтай фейк. Біріншіден, суретте ауғандық жасөсіпірім бейнеленген. Оны фотограф Стив МакКарри түсірген. Екіншіден, Саддам Хусейннің немересі өмірде болғанымен, “ерлікпен шайқасып, америкалық 14 әскериді өлтірмеген” және оған The New York Times газеті “ержүрек” атағын бермеген.

Ит пен қару ұстаған жасөсіпірмнің суретін Sudest57 сайтындағы “Жануарлар” атты көрмеден табуға болады. Онда жұмыс авторы Стив МакКарри екені жазылған.

2017 жылы Стив МакКарри өзінің Instagram парақшасында суретті жариялап, астына “Бұл Ауған жауынгерінің суреті менің @Taschen баспасынан қыркүйекте шығатын “Ауғанстан” атты жаңа кітабымда болады” деп жазған.

Баспа сайтынан расымен фотографтың кітабы тұрғанын көруге болады.

Ал Саддам Хусейннің ұлдары Кусай мен Удай Ирактың солтүстігіндегі Мосул қаласында 2003 жылы 22 шілдеде қаза тапты. Олар тығылған үйде Кусайдың ұлы 14 жасар Мұстафа Хусейн мен оққағар да болған.

Америкалық әскерилердің сол кездегі мәлімдемесіне сай, Мұстафа бірнеше сағатқа созылған атыс кезінде ең соңғы болып қаза тапқан болуы мүмкін, жасөспірім әкесі мен ағасы өлтірілгеннен кейін де оқ атуды жалғастырған. Алайда Мұстафа 14 америкалық әскериді өлтірмеген. Ресми ақпаратқа сәйкес, жалпы қоршауда болған үйде атыс салдарынан төрт америкалық сарбаз жараланған.

Редакциямыз тапқан деректерге сай, ақпарат алғаш рет 2014 жылы 2 қыркүйекте livejournal.com қолданушысы Олега Матвейчтің парақшасында пайда болған. Одан кейін басқа сайттарға да тарай бастаған. Бұл парақшада басқа да күмәнді ақпарат бары байқалады.

Оның үстіне The New York Times газеті Мұстафа Хусейнге ешқандай батыр атағын бермеген.

Қызығы, ақпарат басқа тілдерде 2019, 2020 жылдары тараған. Оны Check-fact.com мен Factcheck.afp.com редакцияларындағы әріптестеріміз тексерді.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz