Кейінгі күндері әлемдік және қазақстандық ақпараттық ресурстар мен әлеуметтік желілерде Португалия Роналдудың құрметіне номиналы 7 еуро болатын монета шығаруды жоспарлап отырғаны (тіпті кейбір деректерде шығарғаны) туралы ақпарат тарады: қазақ тілінде (1,2,3,4), орыс тілінде (1,2,3), ағылшын тілінде (1,2,3,4). Жазбаға сенсек, бұл – Роналдудың 40 жасына арналған сыйлық. Оқырман сұрауы бойынша Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Үкім: Фейк
Аталған ақпарат түпкілікті ойдан шығарылған. Ең алғаш Роналдудың бейнесі бар монеталарды Jorge Raposo есімді қолданушы 6 қыркүйекте Facebook парақшасына жариялаған. Кейін бұл суреттердің жиі тарауына әрі қоғамдық резонанс тудыруына байланысты Jorge Raposo ақпаратпен бөліспеуді сұрап пост та жазған. Аталған ақпарат туралы Португалияның монета шығаратын Imprensa Nacional Casa da Moedа-ның 2024 жылға арналған коллекциялық монеталар туралы жоспары мен Роналдудың ресми парақшаларында ешқандай ақпарат жоқ.
Бұдан бұрынырақ та тағы бір танымал футбол жұлдызы Эусобионың құрметіне, Португалия олимпиада құрамасы мен EURO-2024 коллекциялық монеталарын шығарған. Сол үшін де болашақта Роналдудың құрметіне монета шығарылатынын жоққа шығармаймыз. Біз дәл қазір тарап жатқан ақпаратты, ондағы бейнелердің рас-өтірігін тексердік.
Jorge Raposo ең алғаш бөліскен Роналдудың бейнесі бар монеталар ЖИ, оның ішінде Midjourney-дің көмегімен салынған. Сондай-ақ, Jorge Raposo бұл суреттерді Facebook-те ЖИ көмегімен жасалған бейнелерді жариялайтын “PromptCraft by Jorge Phyttas-Raposo” атты альбомына салып қойған. Суреттерге анықтап қарасаңыздар түсініксіз әрі ЖИ жіберетін қателерді көреміз және банкноттар мен монеталарда еуропалық валютаның атауы EUROS емес, EURO деп жазылады. Яғни осыдан-ақ ақпараттың ойдан шығарылғанын байқауға болады.




Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.