Президент Тоқаев 23 маусымда құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі. Кездесу барысында еліміздегі елеулі мәселелер талқыланып, статистика айтылды. Тоқаевтің сөзінше, 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылықтар саны шамамен екі есеге, ал қоғамдық орындағы қылмыстар саны 80%-ке азайған. Аталған деректерді Factcheck.kz редакциясы тексеріп көрді.
Мәлімдеме: 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындыққа жақын
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылықтар 243 мыңнан 133 мыңға немесе 1,8 есеге азайған. Ал 2025 жылы қаңтар-мамыр айларында 53 379 қылмыс тіркелген.

Мәлімдеме: Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, президент
Үкім: Шындық
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, президент айтқан қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық 2019 жылы жалпы саны 151 636 болса, 2024 жылы 34 940, яғни 4,3 есеге азайған. Ал кісі өлтіру 747-ті істен, 449-ға немесе 39%-ке төмендеген.
Мәлімдеме: Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, президент
Үкім: Техникалық қате
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 2019 жылы қоғамдық орындарда 90 356 қылмыс тіркелген, ал 2024 жылы 37 610 тіркелген, яғни қылмыс саны 58,3%-ке азайған. Тоқаев 80% деген цифрды 2025 жылмен салыстырып айтқанға ұқсайды, себебі 2025 жылдың алғашқы 5 айында 14 306 қылмыс тіркелген, яғни статистика 84%-ке төмендеген. Алайда толық бір жылдың дерегін аяқталмаған жылмен салыстыру – методологиялық тұрғыдан қате.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.