Әлемде туберкулезден жыл сайын қанша адам қаза табады?

21 маусымда өткен мәжілістің кезекті отырысында депутат Гүлдара Нұрымова туберкулезге қатысты мәселе көтеріп, сауал жолдады. Депутаттың сөзінше, туберкулез әлемдегі ең көне аурулардың бірі, 2021 жылы әлемде 10,6 млн адам ауырып, 1,5 млн адам қайтыс болған. Ал Қазақстанда бұл аурудың өскені байқалады. Factcheck.kz депутат келтірген деректерді тексерді.

Тайм-код: 4:01:36

Туберкулез әлемдегі ең көне жұқпалы аурулардың бірі.

Гүлдара Нұрымова, депутат

Үкім: Шындық

Туберкулез Гиннестің рекорттар кітабына “ең көне жұқпалы ауру” ретінде тіркелген. 2007 жылы бір топ ғалым 500 000 мың жылдық Homo erectus қаңқасынан туберкулез инфекциясының белгілерін анықтаған. Біздің заманымызға дейінгі 2 400 жылы Мысыр мумияларында да туберкулездің белгілері болған, ал Үндістаннан оны сипаттайтын жазбаша дәлелдер 3 300 жылдан бері сақталып келеді.

Туберкулез бактерияларын алғаш рет 1882 жылы 24 наурызда неміс дәрігері Роберт Кох анықтады. Бұл еңбегі үшін ол 1905 жылы Нобель сыйлығын алды. Ал Авицена болса өкпе туберкулезін алғаш рет жұқпалы ауру екенін анықтап, карантин шараларын енгізді.

Туберкулезден 2021 жылы әлемде 10,6 миллион адам ауырып, 1,5 миллион адам қайтыс болған.

Гүлдара Нұрымова, депутат

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2021 жылы әлемде 10,6 млн адам туберкулезбен ауырған: оның ішінде 6 млн еркек, 3,4 млн әйел және 1,2 млн бала. Ал жалпы саны 1,6 млн адам көз жұмған.

Туберкулез әлемде өлімге апаратын аурулар арасында 13-орында. Ал патогенді инфекциядан туындаған өлім бойынша COVID-19-дан кейін екінші орында, тіпті АИТВ/ЖИТС-тен де жоғары деңгейде тұр.

Орталық Азия туберкулездің, әсіресе дәріге төзімді түрлерінің ең жылдам өсіп келе жатқан ошағы болып табылады.

Гүлдара Нұрымова, депутат

Үкім: Шындыққа жақын

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, туберкулездің дәріге төзімді түрі бойынша ең жоғарғы көрсеткіштер Орталық Азиямен қатар Ресейде және Шығыс Еуропада байқалады. Бұл елдерде жаңадан тіркелген жағдайлардың үлесі 20%-тен көп. Төменнен деректерді нақты көре аласыздар.

Әлемде туберкулезден жыл сайын қанша адам қаза табады?

Контекст

  • Қазақстанда туберкулез ауруы бойынша 2023 жылы қаңтар-сәуір айында 100 мың адамға шаққанда 34, 24 адамға жетті;
  • Дегенмен Қазақстан туберкулезді емдеудің тиімділігі бойынша әлемде 4-орында;
  • Ал әлемде 2000-2021 жылдар аралығында туберкулезді анықтау және емдеудің арқасында 74 млн адам тірі қалған;
  • БҰҰ-ның дерегінше туберкулезді анықтау және емдеу үшін жыл сайын 13 млрд АҚШ доллары керек.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz