Кейінге кезде instagarm әлеуметтік желісінде Марбург вирусы туралы ақпарат тарап жатыр. Кейбір мәлімдемелердің бірінде «90% өлімге әкелетін вирус туралы ДДСҰ хабарлады» делінсе, бірінде «ДДСҰ әлемге қауіп төндіретін жаңа эпидемия туралы ескертеді» деп жазылған (1, 2, 3). Сондай-ақ, atameken.business парақшасы «елімізде жаңа вирус тарап жатыр» деген жазба жариялаған. Ақпараттар қаншалықты рас? Factcheck.kz редакциясы тексеріп көрді.
Instagram әлеуметтік желісінің скриншоты
Үкім: Манипулияция
ДДСҰ Руанда мемлекетінде 88% өлімге әкелетін вирус тарағаны туралы мәлімдегені шындық. Алайда ұйым вирустан келетін қауіпті жаһандық деңгейде төмен деп бағалаған. Сондай-ақ, ДДСҰ деректеріне сәйкес бұл жаңа вирус емес. Адамзат тарихында індеттің тарауы осы уақытқа дейін бірнеше рет тіркелген.
Толығырақ
ДДСҰ-ның дерегіне сәйкес, 27-қыркүйек күні Руанданың денсаулық сақтау министрлігі Марбург вирусын жұқтырған адамдар бар екенін мәлімдеген. Ауырғандардың 70%-і денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлер. 28 қыркүйектегі дерек бойынша 26 адам ауырып, 6 адам қайтыс болған. ДДСҰ қазіргі уақытта бұл вирусты емдеу жолы мен оған қарсы вакцина жоқ екенін айтады.
Kris_p-brother парақшасы вирустың Уганда елінде тарағанын жазған. Сондай-ақ, Германияда алғашқы вирус жұқтырған адам тіркеліп, Франкфурт қаласында 26 жастағы дәрігер-студентінде және оның құрбыларында алғашқы симтомдары байқалғанын да мәлімдейді. Соның ішінде көзден қан кету мен диарея белгілері бар екенін де атап көрсетеді. Парақшадан «Еуропа континентіне де вирустан қорқуға себеп бар» деген сөйлемді байқауға болады.
Бұл деректер жалған. Біріншіден, вирус Угандада емес, Руанда елінде тараған. Екіншіден, Еуропа Аурулардың алдын алу және бақылау орталығы Германияда Руанда еліндегі медициналық орталықпен байланыс жасаған екі адамнан вирус анықталмағанын мәлімдеді. Ал Германияның Bild басылымы осы оқиғаға қатысы бар адамдардан тек грипп белгілері ғана байқалғанын жазады.
Еуропа Аурулардың алдын алу және бақылау орталығының дерегіне сәйкес, вирус адамнан адамға биологиялық сұйықтық арқылы жұғады. Руанда еліндегі тұрғындар зардап шеккен аймақтарда саяхаттайтын және онда өмір сүретін ЕО/ЕЭА азаматтары үшін Марбург вирусының жұғу ықтималдығы төмен екені жазылған.
Сондай-ақ, «atameken.business» арнасының instagram парақшасында «елімізде жаңа вирус тарап жатыр, ДСМ бақылауды күшейтті», – деген ақпарат жариялаған.
Үкім: Манипуляция
Денсаулық сақтау министрлігі вирусқа қатысты бақылайтынын жазғаны шындық. Еліміздің бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова 10 қазанда Қазақстанда Марбург вирусын жұқтырған адам тіркелмегенін айтты.
ДДСҰ деректеріне сәйкес Марбург вирусы әлемде алғашы рет 1967 жылы Германияда тіркелген. Сол жылы 29 адам ауырып, 7 адам қаза тапқан. Кейінгі 10 жылдықта бұл вирус Уганда елінен бірнеше рет анықталған. 2012 жылы 15 адам, 2014 жылы 1 адам, 2017 жылы 3 адам осы індетпен ауырған. Яғни вирустың «жаңа» екені туралы жазу да аудиторияны шатастыруы мүмкін.
Марбург індетін жұқтырмас үшін, Денсаулық сақтау министрлігі төмендегі профилактикалық шараларды сақтауды ұсынады:
- Жұқтырған адамдармен байланыста болудан аулақ болу;
- Африка жунглиінде кездесетін жабайы жануарлардан сақ болу;
- Жергілікті жануарлардың нашар қуырылған етін жемеу;
- Мысырлық жарқанаттардың көп саны – вирустың асимптоматикалық тасымалдаушылары бар үңгірлер мен шахталарға бармау;
- Аурудың белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну;
- Жеке гигиена ережелерін сақтау.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.