Қазақстандық журналистердің құқы жиі бұзылады. «Шекарасыз репортер» ұйымының жыл сайынғы есебінде бұл мәселе анық жазылған. 2024 жылы Қазақстан баспасөз еркіндігі индексінде 180 елдің ішінде 142-орынды иеленді. Ал билік өкілдері бұл көрсеткішке қарама-қайшы мәлімдемелер жасап, елде ешқандай шектеу жоғын айтады.
Factcheck.kz редакциясы «Құқық жөніндегі медиа-орталық» ҚҚ медиа-юрисі Гүлмира Біржановамен бірлесіп, мәдениет және ақпарат министрлігінің сөз және баспасөз еркіндігі туралы мәлімдемелерін қайта қарап, олардың шынайылығын тексеруді жөн көрді.
«Сөз еркіндігіне қатысты проблема жоқ»
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның ең көп талқыланған мәлімдемесі биыл қараша айында мәжілістен кейін журналистермен әңгіме барысында айтылды. Министр елде сөз еркіндігіне қатысты ешқандай проблема жоқ екенін мәлімдеді (1, 2):
«Меніңше, елімізде сөз еркіндігіне қатысты мүлде проблема жоқ. Сіздер өз пікірлеріңізді еркін білдіріп отырсыздар. Өтініштер арқылы еркін жеткізесіздер. Аккредитация ережелеріне қатысты келіспеушіліктеріміздің де құқық алаңында шешілгені — конструктивті және өркениетті диалогтың бар екенін көрсетеді. Сондықтан сөз еркіндігі бойынша бізде бәрі дұрыс деп ойлаймын,» — деді Балаева.
Алайда аккредитация ережелеріне журналистердің келіспеуің мәселенің бар екенін аңғартады. Осы себепті олар сотқа арыз түсірді, бірақ сотта жеңіліп қалды.
Қазақстандық журналистерге қысым көрсету, арандату (1, 2), айыппұл салу, қамауға алу және қудалау жиі кездеседі (1, 2, 3). «Шекарасыз репортер» есебінде елдегі сөз еркіндігінің шектелгені, медиакеңістік пропаганда құралына айналғаны, брифингтерде журналистерге цензура қойылатыны, ал тәуелсіз журналистердің қудалануы айтылады. Бұл жағдайдың бәрі өз-өзіне цензура қоюдың артуына әсер етеді.
БҰҰ-ның Адам құқы жөніндегі кеңесіне арналған қазақстандық ҮЕҰ коалициясының баяндамасында: «журналистер кәсіби қызметін жүзеге асырған кезде құқық кепілдіктермен қамтамасыз етілмеген, елде журналистердің құқын бұзғаны үшін заң жүзінде де, іс жүзінде де тиімді санкциялар жоқ,» — делінген.
«Әділ сөз» халықаралық сөз еркіндігін қорғау қорының мәліметінше, 2019 жылдан 2024 жылғы маусымға дейін журналистердің заңды қызметіне кедергі келтірудің 300-ден астам жағдайы, оларға жасалған 44 шабуыл тіркелген. Қараша айында ғана ұйымның айлық есебінде журналистердің, БАҚ пен ньюсмейкерлердің құқының бұзылуына қатысты 10 хабарлама тіркелген. Сонымен қатар ақпарат алу және тарату құқына байланысты 12 хабарлама және журналистерге, БАҚ өкілдеріне немесе азаматтарға қатысты сотқа дейінгі немесе сот талаптарының 10 жағдайы анықталған.
«Құқық жөніндегі медиа-орталық» ұйымы жазғандай, ҚР Конституциясының 20-бабында:
- Сөз және шығармашылық еркіндігіне кепілдік бар. Цензураға тыйым салынады.
- Әркім заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат алуға және таратуға құқылы.
Аккредитация ережесі және журналистерді шектеу
Журналистер мен мәдениет және ақпарат министрлігі арасындағы келіспеушілік тудырған аккредитация ережелері баспасөз өкілдерін алаңдатып отыр.
«Құқық жөніндегі медиа-орталықтың» түсіндіруінше, бұл ережелерде аккредиттелген журналист аккредитация берген мемлекеттік органнан алынған ақпаратты тек оны аккредитациялаған БАҚ атынан таратуға міндетті екені және іс-шараның регламентін сақтау керектігі көрсетілген. Егер журналист бұл талаптарды екі немесе одан көп рет бұзса, оны аккредитациядан айыруға негіз болады.
Аида Балаеваның ойынша мұндай ереженің қажеттілігін журналистердің брифиңдерде басқа тақырыптарды қозғап, іс-шараларды «басқа арнаға» ауыстыруымен түсіндірді. Алайда бұл журналистердің өзекті сұрақ қою еркіндігі шектеліп жатқанын білдіреді.
«Журналистерді қорғау комитеті» халықаралық үкіметтік емес ұйымының пікірінше, бұл ереже цензураға жол ашып, сыни көзқарастағы журналистерді үнсіз қалдыруға пайдаланылуы мүмкін.
«Құқық жөніндегі медиа-орталық» «БАҚ туралы» заңда «журналистің құқы мен еркіндігін қорғауға, ақпаратты іздеу, сұрау, алу және тарату бойынша кеңейтілген құқы мен өзге де ерекше құқын қамтамасыз етуге кепілдік берілгенін» еске салады.
Мәдениет және ақпарат министрі 2024 жылдың қорытындыларына арналған «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында тағы бір дәлел келтірді. Балаеваның айтуынша, елде шамамен 6 мың БАҚ жұмыс істейді, ал аккредитация ережелеріне қатысты сотқа шағым түсіргендер – мемлекеттік органдарды жүйелі түрде сынап жүрген 12 журналист. Министр бұл сот шағымының өзі («шенеуніктерге ашық хейт») «нағыз сөз бостандығының» дәлелі екенін тағы да айтты.
Шағымданушылар саны 9, 12 емес. Сонымен қатар шағым түсіргендердің аздығы басқалардың көнбістігінен емес. Бұл үшін толыққанды тәуелсіз сауалнама жүргізу қажет.
Press.kz сайтының журналисі Жәния Ұранқаева аккредитация ережесі «Ашық НҚА» порталында жарияланған кезде журналистердің бұл ереже бойынша өз пікірін білдіруге мүмкіндік болмағанын мәлімдеді.
«Өзекті және прогрессивті заң»
2024 жылғы 19 маусымда Қазақстан Президенті талқылау кезеңінде медиа қауымдастық тарапынан бірнеше рет сынға ұшыраған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заңға қол қойды. Заңның ресми мақсаты — журналистердің ақпаратты іздеу және тарату жөніндегі құқын жақсырақ қорғау.
«Қабылданған БАҚ туралы заңды өзекті және прогрессивті деп санаймын,» — деді Аида Балаева «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында.
Алайда «Шекарасыз репортер» ұйымының пікірінше, бұл заң бұқаралық ақпарат құралдарын қорғаудан гөрі, оларды бақылауға бағытталған бұрыннан бар заңдардың мазмұнын қайталайды. Осыған байланысты ұйым заңды жоюды және шынайы реформаларды бастауды ұсынды.
«Құқық жөніндегі медиа-орталық» жаңа заң қабылданғанымен, жағдайдың өзгермегенін айтады. Керісінше, заңға «нәзік тақырыптарды және отбасылық әрі мәдени құндылықтарды сақтау» сияқты қосымша даулы тармақтар енгізілген. Бұл ұғымдардың заңдық анықтамасы жоқ, сондықтан оларды кең ауқымда түсінуге және ақпараттық кеңістікке бақылауды күшейтуге пайдалануға болады.
Қазақстандық ҮЕҰ коалициясының баяндамасында: «журналистер мен БАҚ үшін әкімшілік кедергілер толық бақылау тәжірибесіне, БАҚ, әлеуметтік желі мен интернет-ресурстарды мониториң жасау, сайттарды бұғаттау мүмкіндігіне және шетелдік БАҚ редакцияларының қызметін шектеу немесе тоқтату мақсатында аккредитациялау тәртібін пайдалануға байланысты туындайды,» — делінген.
2023-2024 жылдары қазақстандық БАҚ-тың сайттары мен әлеуметтік желідегі аккаунттарына кибершабуылдардың жиілегені байқалды. Хакерлер ProTenge, «ОБОЖАЮ», ҚазТАГ, Kursiv.Media, Inbusiness.kz және басқа да медианың қызметін тоқтатуға тырысты. Жақында «Республика» редакциясы кезекті шабуыл туралы хабарлады.
«Министрлік журналистерді қорғауға дайын»
2024 жылғы сәуірде ProTenge негізін қалаушы журналис Джамила Маричеваның ұсталуына қатысты пікір білдірген Аида Балаева министрліктің «журналистер Қазақстан заңнамасын бұзбаса, оларды қорғауға дайын екенін» айтты.
Алайда бұл мәлімдеме декларациядан аспай отыр. Себебі министрлік пен журналистер арасындағы қақтығыс дәл осы заңды әділетсіз қолдануға қатысты пайда болады. Шағым тек «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңмен және аккредитация ережелерімен шектелмейді.
Мәселен, АЭС құрылысы бойынша референдум қарсаңында «Орал апталығы» бас редакторы Тамара Еслямова көшедегі тұрғындармен сұхбат жүргізгені үшін айыппұл салынды. Прокуратура бұл әрекетті «қоғамдық пікірді зерттеу» деп бағалаған.
Министр Балаева журналистің әрекеті заңсыз болғанын және айыппұлдың әділ екенін мәлімдеді.
Алайда бұл пікір дау туғызды. «Құқық жөніндегі медиа-орталық» Қазақстанның «Республикалық референдум туралы» конституция заңында «Республика азаматтарына, қоғамдық бірлестіктеріне референдумға шығарылған мәселе бойынша өз пікірін жиналыстарда, митиңдерде, азаматтар жиынында және бұқаралық ақпарат құралдарында білдіру құқы бар екенін» еске салды.
Қазақстандық ҮЕҰ коалициясының баяндамасында: «Мәдениет және ақпарат министрлігі журналистердің құқы бұзылуына қатысты сирек пікір білдіреді, көбінесе бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырады,» — делінген.
«Ақпарат жеткілікті»
Көктемдегі үлкен су тасқыны кезінде журналистерге ақпараттың шектеулі берілуіне және су тасқыны (1, 2, 3, 4) аймақтарында жұмыс істеуге тыйым салынуына қатысты сынға жауап ретінде, министр Аида Балаева: «Журналистер ресми ақпаратты жеткілікті алып отыр,» — деді.
«Ақпарат жеткілікті. Республикалық штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Күніне төрт рет брифиң өтеді. Барлық жергілікті атқарушы орган мен ТЖМ пікір білдіріп жатыр. Мен сіздердің ақпарат алуда шектеу бар деп санамаймын,» — деді ол.
Алайда, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 26-бабында журналистің құқы: «журналист апат аймақтарында, бейбіт жиындарда және қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделерді білдірудің өзге де түрлерінде қатыса алады,» — деп жазылған.
Қорытынды
Біздің шағын талдауымыз Қазақстанда сөз және баспасөз еркіндігі анау айтқандай еркін емес. Керісінше, кейінгі жылдары мемлекет тарапынан БАҚ қызметін бақылауды күшейту әрекеттері байқалады. Журналистер өз құқын қорғауда осал, ал олардың қызметі шектеліп келеді.