Қазақстанда органикалық тыңайтқыштар субсидияланбайды: «минералды» лобби ме не икемсіз мемлекет пе?

Михаил Беляков CABAR.asia үшін

Қазақстан жыл сайын аграрилерге минералды тыңайтқыштарды төлеуге көмектеседі. Алайда тиімділігі дәлелденген органикалық тыңайтқыштарға мемлекет ақша салуға асығар емес. Мұның себебі неде? Мұны минералды тыңайтқыш шығаратын компаниялардың лоббиімен немесе жаңа жағдайларға қарай бейімделуге құлықсыз мемлекеттік жүйенің қабілетсіздігімен түсіндіруге болады. Қай гипотезаның дұрыс болып шыққанын зерттеуден оқыңыз.

2024 жылдың басында Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров минералды тыңайтқыштарды субсидиялау көлемінің артатынын және төлемнің жаңа схемасы енгізілетінін жариялады. Енді мемлекеттік субсидиялар (құнының 60%-і) бірден тыңайтқыш шығаратын зауыттарға жіберіледі. Яғни, фермер 60% арзандатылған өнім алады. Бұрын субсидиялар өндіруші зауыттарға тыңайтқыштар үшін төлем жасайтын фермерлерге тікелей берілетін.

Сондай-ақ Сапаров Қазақстанда минералды тыңайтқыштарды енгізу деңгейі өте төмен екенін атап өтті. Мысалы, Еуропа елдерінде гектарға 250 кг, Беларусьте — 120 кг, Ресейде — 55-60 кг құнарлы заттар салынады. Ал Қазақстанда бұл бір гектарға 10 кг-ға да жетпейді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Дүниежүзілік банк қарастыратын 235 мемлекеттің ішінде 215-орында тұр.

Сонымен қатар министр республикада астық өнімінің аз болғанына, шамамен бір гектардан 9-10 центнер алынғанына алаңдаушылық білдірді. Салыстыру үшін айта кетейік: көршілес Ресейде 2023 жылы дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 30,8 центнерге жетті. Аз өнімнің алынуы оның өзіндік құнын арттырады, сондықтан қазақстандық аграршылар бәсекелес елдермен нарық үшін күресте жеңіліп қалады. Министрдің пікірінше, тыңайтқыштарды көбірек енгізу өнімділікті гектарына 3-5 центнерге арттыруға мүмкіндік береді.

«Минералдан»‎ қосайық па?

Өсімдіктердің қалыпты өсуі үшін топыраққа белгілі бір қоректік заттар жиынтығы қажет. Әр жиналған өнім топырақтың өнімділігін төмендетеді. Топырақты қалпына келтіру және жаңа өнім алу үшін тыңайтқыштар қажет.

Тыңайтқыштардың екі негізгі түрі бар — органикалық және минералды. Минералды тыңайтқыштардың негізі калий, фосфор және азотта. Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мәліметтері бойынша, Қазақстанда азот және фосфор тыңайтқыштары ең көп енгізіледі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, бес жыл ішінде — 1990 жылдан 1995 жылға дейін — минералды тыңайтқыштар енгізілген аудан үш есе азайды. Тек 2010 жылы ғана Қазақстанда «минералдармен» тыңайтылатын жерлердің көлемі өсе бастады.

Фермерлерге минералды тыңайтқыштарға жұмсалған шығындардың бір бөлігі өтелетін мемлекеттік көмек те 2010 жылдардан бастап өсіп, 2013 жылғы 5,5 млрд теңгеден ($32,86 млн) 2022 жылы 27 млрд теңгеге ($58,59 млн) дейін жетті. Яғни, бес есеге жуық өсті.

Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері минералды тыңайтқыштар топырақтың құнарлылығын арттыру үшін емес, өнімділікті арттыру үшін қолданылатынын нақтылап айтты. Минералды тыңайтқыштар топырақты жанама түрде органикамен байытуы мүмкін.

«Міне, бидай өсіп тұр, оның масағы бар, масақта дән бар. Ол химиялық элементтерден тұрады — азот, фосфор, калий, микроэлементтер және т.б. Өсімдік бұл элементтерді топырақтан алады. Тыңайтқыш енгізбей, топырақты сарқытамыз. Яғни, ол осы химиялық элементтердің сәйкес мөлшеріне кедейленеді. Біз минералды тыңайтқыштарды енгізген кезде, тепе-теңдікті сақтаймыз. Қанша алсақ сонша қайтарамыз. Бұл егіншіліктің негізгі заңы», - деп түсіндірді CABAR.asia-ға Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Раушан Рамазанова.

Сарапшылар минералды тыңайтқыштарды қолдану ауыл шаруашылығына аз жер пайдалануға мүмкіндік беретінін, сәйкесінше, жабайы табиғатқа аз араласуға және биоәртүрлілікті сақтауға көмектесетінін айтады. Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының агрохимия бөлімінің басшысы Бахытбек Мұстафаұлы CABAR.asia-ға берген сұхбатында бүгінгі таңда Жер халқының шамамен 50%-і дәл осы минералды тыңайтқыштардың арқасында өмір сүріп жатқанын, органика «минералдарды» толықтай алмастыра алмайтынын растады.

Минералды тыңайтқыштарға қатысты фобиялардың негізі бар: олар дұрыс қолданылмаған жағдайда шынымен де зиян тигізуі мүмкін.

«Бұл тым көп азот енгізілгенде немесе тепе-теңдік сақталмағанда, фосфор мен калий берілмегенде болады. Өсімдік көп азот тұтынады — метаболизм дұрыс жүрмейді. Азот нитраттар түрінде өсімдік жасушаларында қалып, улы сипатқа ие болады», - деп түсіндіреді Бахытбек Мұстафаұлы.

Топыраққа енгізілген азоттың 100%-інің 40-60%-ін өсімдіктер сіңіреді. Қалған бөлігі топырақтан шайылады немесе парниктік әсерді күшейтіп, газ түрінде буланады. Фосфордың да топырақтан шайылу қасиеті бар. Ал фосфоры бар топырақ су қоймаларына түссе, батпаққа айналады

Тыңайтқыштарды шамадан тыс енгізу топырақтың табиғи құрамын өзгертеді — микроорганизмдердің түрлік құрамы өзгереді. Бұл көбіне топырақтың қышқылдануына әкеледі. «Пайдалы микрофлора мен фауна өледі. Микрофлорасыз топырақ тірі болмайды. Өлі топырақ өнім бермейді. Органиканы енгізу керек: ол тек құнарлылықты жақсартып қана қоймай микроорганизмдерді енгізеді, топырақты сауықтырады», - дейді Бахытбек Мұстафаұлы.

Минералды тыңайтқыштардың тағы бір жағымсыз жанама әсері бар — қарашірік қабатының азаюы. Кальций, магний, мырыш, марганец және басқа да құнды қоректік заттардың топырақтан шайылуы фотосинтез процестеріне әсер етеді және өсімдіктердің ауруға шалдығу қаупін арттырады. Қазақстандағы топырақ деградацияға ұшырап жатыр. Бұл негізінен антропогендік әсерге байланысты. Ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы азайып, сонымен бірге тұздалған жерлердің көлемі артып келеді.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда тың жерлерді игеру басталғаннан бері, яғни 1954 жылдан бастап топырақтың құнарлылығы 40%-ке төмендеген. Кейінгі 10 жылда қарашіріктің орташа өлшенген мөлшері 20,5%-ке дейін азайған. Негізгі микроэлементтердің құрамы де жақсы емес. 2018 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары топырақ жағдайының картасын жасады.

Қазақстанда органикалық тыңайтқыштар субсидияланбайды: «минералды» лобби ме не икемсіз мемлекет пе?

Зерттеу өсімдіктердің қоректенуі үшін маңызды негізгі микроэлементтердің — азот пен фосфордың тапшылығын анықтады.

Фермерлер кооперациясы комитетінің төрағасы Бақытжан Әсембеков топырақтың жай-күйіне алаңдайтынын айтады.

«Шымкентте (Әсембеков жұмыс істейтін жерде - авт. ескертпесі) бәрі минералды тыңайтқыштарды қолданады. Бүгінде бұл қауіпті егіншілік аймағына айналды. Топырақтың тозуы күшейіп келеді, өсімдіктер жеміс бермейді. Ал қарашіріктің бір сантиметрі жүз жылда пайда болады. Органикалық тыңайтқыштарды қолдану керек. Олар минералды тыңайтқыштардан қымбат емес. Бұл ең алдымен болашақ құнарлылыққа салынған инвестиция», - дейді Әсембеков.

Минималды органика

Органикалық тыңайтқыштардың көптеген түрі бар. Ең танымалы — көң. Ол — өсімдіктердің толыққанды тіршілігі үшін қажетті микро- және макроэлементтердің табиғи көзі. Бұл ең қарапайым органикалық тыңайтқыштың минералды тыңайтқыштарда жоқ артықшылығы бар. Көңнің құрамдас бөліктерінің көмегімен минералды құнарлы қабат қалыптасады. Ол тыңайтқыштарды қолданғанда тек сарқыла береді.

Барлық органикалық тыңайтқышты біріктіретіні — дұрыс қолданған кезде олар топырақтың құнарлылығын қалпына келтіре алады. Қазақстанда биопрепараттар мен биотыңайтқыштар да өз тиімділігін көрсетті. Олардың көмегімен аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары Қазақстанның оңтүстік-шығысында қарашірік мөлшерін арттырды.

Республикада органикалық тыңайтқыштарды пайдалану жөніндегі ұсынымдар бұрыннан және тұрақты түрде келіп түседі. Мысалы, ауыл шаруашылығы министрлігінің 2022 жылғы «Жерлердің жай-күйі және пайдаланылуы туралы» есебінде былай делінген: «Топырақтағы органикалық заттардың (қарашіріктің) тапшылықсыз немесе оң балансын қамтамасыз ету үшін оны жинақтаудың ең арзан және тиімді көздеріне көп көңіл бөлінуі керек: органикалық тыңайтқыштарды енгізу арқылы топырақтың қарашірік жағдайын қалпына келтіру және қолдау». Алайда, Қазақстан органиканы минималды түрде пайдалануды жалғастырып, «минералды» қолдануды мемлекет қаржысымен белсенді түрде қолдап отыр.

Органиканы енгізу көлемінің де тұрақты өсімі жоқ.

Мемлекеттік субсидиялар қайда жұмсалады?

Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Қайратбекұлының естеліктері бойынша, 2008 жылдан бастап аграршыларға арналған субсидиялар жүйесі жұмыс істей бастады. Мемлекет оларға тұқыммен, жанар-жағармаймен, гербицидтермен және минералды тыңайтқыштармен көмектесті (тыңайтқыштар бұрын да субсидияланатын атап өтейік). Қайратбекұлы субсидиялар бидай өндірісіне жұмсалатын шығындарды азайту үшін енгізілген, бірақ бұл тыңайтқыштардың қымбаттауына әкелді дейді. Мысалы, он жыл ішінде аммофостың бағасы тоннасына 40 мың теңгеден 80 мың теңгеге дейін өсті. Қайратбекұлы бұл жағдайда шаруалар емес, минералды тыңайтқыш өндірушілер субсидияланып отыр деп есептейді. Оның пікірінше, субсидиялар болмаса, тыңайтқыш бағасы мұншалықты қатты өспес еді.

Қазақстанда минералды тыңайтқыштарды негізінен екі компания өндіреді. Біреуі — «ҚазАзот» АҚ, елдегі аммиак пен аммиак селитрасының (азот тыңайтқыштары) жалғыз өндірушісі. Екіншісі — фосфор құрамды тыңайтқыштар мен азықтық фосфаттар өндіретін «Қазфосфат» ЖШС. Елдегі тыңайтқыш өндірісінің жалпы көлемінің 96%-тен астамы осы екеуіне тиесілі. Бұл нарықта олигополия — аз ғана ойыншылар үстемдік құрған жағдай қалыптасты деуге болады. «Қазфосфаттың» есептеріне қарасақ, компанияның пайдасы, түсімі және субсидиялары бойынша жағдай келесідей көрінеді (2023 жылғы есеп осы материал жарияланған кезінде әлі шықпаған).

«ҚазАзот» АҚ есептерін талдасақ, мынадай көрініс байқалады: аммиак селитрасын сатудан түскен түсім іске асырудың өзіндік құнынан гөрі белсендірек өсіп жатыр.

Компанияның таза табысын алған субсидиялар көлемімен салыстырайық.

Экономика шолушысы Асқар Машаев субсидиялардың өсуі әртүрлі себептерге байланысты болуы мүмкін дейді, мысалы, өндіріс процесінің қымбаттауы немесе әдетте субсидия көлемі «байланыстырылатын» өндіріс көлемінің ұлғаюы.

«ҚазАзот» есептерінің нәтижелерін Harry Qelm Baabsman инвестициялық компаниясының қосалқы құрылтайшысы Дәмир Бабаназаров зерттеді. Ол «ҚазАзоттың» кейінгі жылдардағы селитра сатудан түскен кірісінің өсуін тыңайтқыш бағасының жаһандық өзгерісімен, әсіресе 2021-2022 жылдары – короновирус кезіндегі дағдарыс пен соғыспен байланыстырады. 2023 жылы әлемдік бағалар тұрақтанған кезде, түсім өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 20%-ке қысқарды. Бұл компанияның 2023 жылдың 9 айындағы есебінен көрінеді.

Дамир Бабаназаров аммиак селитрасын сатудан түскен кірісті мемлекеттік субсидияларды шегере отырып салыстырды. Нәтижесінде бұл төмен пайдалы өндіріс болып шықты: бірнеше жылда бір рет селитра бағыты аздаған шығын әкеледі. Ал егер алынған субсидияларды операциялық пайдаға қосса, компанияның кірістілік көрсеткіші жақсы болып шығады.

«Олар біздің салықтарымыз бен жер қойнауымыз есебінен қаржыландырылатынын түсінсек, субсидиялардың мөлшері тым көп. Субсидиялардың мұндай мөлшері компанияны «аммиак селитрасы» бизнес сегменті бойынша кенеттен өте табысты етеді», - дейді Бабаназаров.

Оның пікірінше, маржиналдылық қызметін мемлекет реттейтін табиғи монополиялардағыдан жоғары болмауы керек. Бабаназаров дамыған елдерде реттеу инфляция динамикасына негізделгеніне назар аударды. Елдегі ұзақ мерзімді инфляция 2%-тен 3%-ке дейін болса, мемлекеттік органдар жеке монополияларға табыстылықты 5-10% деңгейінде ұстауға мүмкіндік беретін тарифтерді белгілеуге рұқсат береді.

«Бізде қалыпты жағдайда инфляция 6-7%. Компанияларға маржиналдылықты 10-нан 15%-ке дейінгі деңгейде ұстауға рұқсат бере аламыз. Бірақ 30-40% және одан жоғары болмауы керек», - деп есептейді Бабаназаров.

Ол сондай-ақ «ҚазАзоттың» басқа секторлардағы, мысалы, газ бойынша кірістілігіне қарасақ, «ҚазАзот» үшін субсидиялардың болуы бизнестің өмірі мен өлімі мәселесі емес екенін атап өтті: «Өйткені «тауарлық газ» түсімінің сегменті ешқандай қолдаусыз өте табысты».

Екі кәсіпорын да – «ҚазАзот» пен «Қазфосфат» - Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) назарына ілікті. Мәселен, 2022 жылдың сәуірінде БҚДА ауыл шаруашылығы өндірушілерінен шағым алып, «Қазфосфат» ЖШС-не тексеру бастады. Тергеу компанияның өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланып, аммофосты монополиялық жоғары бағамен сатқанын көрсетті.

«2021 жылдың қарашасында аммофос бағасы 125 000 теңгеден 168 750 теңгеге дейін өсті. Жыл басымен салыстырғанда өсім 35%-ке жетті. Ал 2022 жылдың қаңтарында баға 185 625 теңге болды. 2021 жылдың қаңтарымен салыстырғанда баға өсімі 48,5% болды», - деді БҚДА және тауарды өндіру мен сатуға қажетті шығындардың өзгеруі тауарды сату бағасының өзгеруіне сәйкес келмейтінін де атап өтті.

Яғни, өндіріске жұмсалатын шығындар аздап өсті, алайда сату бағасы айтарлықтай көтерілді. Шығындар мен сату бағасы арасындағы айырмашылық иелерге түседі. «Қазфосфат» ЖШС тыңайтқыш бағасын төмендетті. 2024 жылы БҚДА компанияның айыппұлды толығымен төлегенін, ал ЖШС-нің монополиялық табысы тәркіленгенін хабарлады.

«ҚазАзоттың» да (жоғарыдағы графикті қараңыз) түсім мен өзіндік құн арасындағы алшақтықтың өскенін көруге болады. Бұл компанияға қатысты да монополияға қарсы тергеу жүргізілді. 2022 жылдың наурыз айының басында БҚДА зауыттың аммиак селитрасына монополиялық жоғары бағалар белгілегенін, соның салдарынан ауыл шаруашылығы өндірушілері тыңайтқыш сатып алудан бас тартқанын хабарлады. 2022 жылдың 18 наурызында «ҚазАзот» субсидияланған аммиак селитрасының бағасын төмендетті.

«Минералды» кім өндіреді?

Минералды тыңайтқыштар нарығында үстемдік құрайтын екі өндіруші компанияның бұрынғы және қазіргі иелері өте қызық көрінеді.

«ҚазАзот»

«ҚазАзот» — 1969 жылы құрылған Каспий маңы тау-кен металлургия комбинатының (уран және скандий өндіру) "мұрагері". Кейінірек комбинат зауыттарында нитрофос және аммофос тыңайтқыштарын өндіріле басталды. 1990 жылдары қорлардың сарқылуына байланысты уран мен скандий өндіру тоқтатылды, ал тыңайтқыш өндірісі компанияның негізгі қызмет түріне айналды.

Сол кезде, 1990 жылдары, Қазақстан тәуелсіз республика болғаннан кейін, кәсіпорын жекешелендірілді. Ол иелерін және меншік нысанын өзгертті. 2016 жылдан бастап, «ҚазАзот» акционерлік қоғамға айналып, компания есептерін жария ете бастаған кезден бері компания иелерінің кім екенін сеніммен атауға болады.

«ҚазАзоттың» 50%-ы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа өтті. Құлыбаев сондай-ақ планетаның ең бай адамдарының және Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендерінің тізіміне кіреді. «ҚазАзот» акцияларының екінші жартысын тағы үш қазақстандық бизнесмен - Дінмұхамет Ыдырысов, Бахаридин Аблазимов, Ержан Достыбаев бөлісті. Бәрі Forbes Kazakhstan мультимиллионерлер тізіміне кіреді, ал Ыдырысов пен Аблазимов ең ықпалдылар рейтингіне де енген.

Бұл кәсіпкерлердің «ҚазАзот» құрылымында пайда болу уақыты мемлекеттің минералды тыңайтқыштарға құйылымдарының өсе бастауымен сәйкес келеді (қараңыз: «Минералды тыңайтқыштарға бөлінген субсидиялар сомасы»). 2021 жылдың соңында Ыдырысов, Достыбаев және Құлыбаев өз үлестерін сатты (Құлыбаевтың үлесі 39,44 млрд теңге немесе шамамен 91 млн доллар деп бағаланды). Акциялардың 85%-ын, 2021 жылдың тамызында осы мәміле үшін құрылған болуы мүмкін «Kazakhstan Petrochemicals» ЖШС сатып алды. 15% акция пакеті Аблазимовта қалды, бірақ ол «Kazakhstan Petrochemicals» компаниясының қосалқы иелерінің бірі болғандықтан, «ҚазАзоттағы» үлесін арттырды. Аблазимовтан басқа ЖШС құрылтайшыларының қатарына тағы 10 адам кірді (2024 жылға қарай құрылтайшылардың жалпы саны сегізге дейін қысқарды).

«Қазфосфат»

«Қазфосфат» сайтында ЖШС 1999 жылы құрылғаны жазылған. Формальды түрде бұл солай - қазіргі «Қазфосфат» деп аталатын компания заңды тұрғыдан жаңа ғасыр басталмай тұрып бір жыл бұрын өмір сүре бастады. Алайда «Қазфосфаттың» тамыры 1960 жылдарға кетеді. Сол кезде минералды тыңайтқыштар (аммофос) алуға мүмкіндік беретін зауыт ашылған болатын. 90-жылдардың соңында шетелдіктер жекешелендірген аммофос өндіру қуаттары «ҚазСабтон» жабық акционерлік қоғамының құрамына кірді. Сол кезде, 1999 жылы-ақ, «ҚазСабтон» Қазақстан үкіметінен бұрын берілген тасымалдау жеңілдіктерін сақтауды сұраған. Сонымен бірге Қазақстан үкіметінің шешімімен «ҚазСабтон» «Қазфосфатты» құрды.

«Қазфосфат» бірнеше рет қолдан қолға өтті. Бұл бизнеске әрдайым қалтасы қалың адамдар келді, ал кейбіреулері оның арқасында миллионер болды. Мысалы, 2007 жылы «Қазфосфаттың» қосалқы иесі болған Нұрлан Бизақов көп ұзамай кәсіпорынды сатты. Бұл мәміле, сондай-ақ басқа да активтерді сату оған 2012 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша 440 миллион доллар капиталмен Қазақстанның ең бай бизнесмендері тізіміне енуге көмектесті. Кәсіпкердің ауқаттылығын атап өту үшін журналистер былай деді: «Жүйрік аттарды бағалаушы және жылқы өсіруші, өткен жылы Галилейден туған жирен биені 1,7 гинейге (2,8 миллион доллар) сатып алды. Агенттің айтуынша, бие Нұрлан Бизақов сатып алған Шығыс Сассекстегі Hesmonds Stud жылқы зауытының негізі болуы керек».

2017 жылы (бұл компанияның есептерінен байқалады) «Қазфосфатты» сол кезде 290 миллион доллар активі бар Ғалымжан Есенов басқарды. 2021 жылдың мамырына қарай, Есенов «Қазфосфатты» сатқан кезде, бизнесменнің байлығы 412 миллион доллар деп бағаланды. «Минералды» активті сату Есеновтың бұрынғы жұбайы және Алматының экс-әкімі Ахметжан Есімовтің қызы Айжан Есімді миллионер (207 миллион доллар) етті.

Осыдан кейін «Қазфосфат» тағы да белгілі бизнесмендердің қолына өтті. 80% үлес қазақстандық миллиардер Владимир Кимге (Kazakhmys Resources B.V. арқылы), ал 10% үлестен парламенттің төменгі палатасының экс-төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлдары Нұржан мен Нұрханға тиесілі болды. 2023 жылдың маусымында «Қазфосфаттың» капиталына ресейліктер кірді. Бүгінгі күні ескі және жаңа иелердің үлестері белгісіз. Оларды осы материал жарияланған сәтте әлі шықпаған 2023 жылғы есептіліктен көруге болады.

Мұндай «ауыр артиллерия» өз мүдделерін мемлекеттік деңгейде алға жылжыта алатынын болжауға болады. Қазақстанда лоббистік қызметтің бар-жоғын ресми түрде тексеру мүмкін емес - ел 1990 жылдардан бері лоббизм туралы заң қабылдай алмай келеді. Сондықтан біз компанияларға субсидиялар мәселесін шешетін Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы комиссияларға қатысатын-қатыспайтындары туралы сұрақ қойып,  сарапшылар пікірін сұрадық. Компаниялар сұрақтарға жауап бермеді, ал сарапшылардың пікірлері қарама-қайшы болды.

Лобби ме, әлде экономикалық саясат па?

Алматы және Алматы облысы бойынша Жасыл технологиялар орталығының директоры Денис Тен «топырақты улау тиімді болып отырған күшті лоббидің» бар екенін айтады.

«Өсімдіктер мен дақылдар жыл сайын химиялық тыңайтқыштарға көбірек үйреніп бара жатқандықтан, оларды (тыңайтқыштарды) көбірек сатып алу керек. Жәндіктер мен микроорганизмдер де үйреніп барады. Сәйкесінше, келесі жылы пайдасы болу үшін концентрацияны көбірек беру керек. Ал органикадабәрі керісінше. Сіз екі-үш жыл органикалық тыңайтқыштар енгізесіз, топырақ гумин заттарымен қанығады және бірнеше жыл бойы құнарлы болып қала алады», - дейді Тен.

Денис Теннің пікірінше, тек минералды тыңайтқыштарға ғана лобби мен субсидиялар барда, органикалық тыңайтқыштармен ешкім айналыспайды.

Ұлттық кооперативтер және басқа экономикалық қауымдастықтар ассоциациясы президенті Қазыбек Шайх минералды тыңайтқыштарды алға жылжытатын күшті ойыншылардың лоббиі бар деп болжайды: «Бізде тіпті субсидиялар туралы заңда (өнімділікті арттыруды субсидиялау ережелері туралы айтып отыр - ред. ескертпесі) барлық жерде жақшаның ішінде «органикалық тыңайтқыштардан басқа» деп жазылған. Ал органикамен қарапайым адамдар - фермерлер, вермифермерлер айналысады. Олардың дауысы онша қатты естілмейді».

«Лобби деген осы. Арнайы қызмет болмасаңыз, оны тікелей дәлелдеу мүмкін емес. Жемісіне қарап лоббидің бар екенін көреміз. Бірақ ешкім тікелей дәлел ұсына алмайды, сондықтан бәрі бұл сұрақтардан қашады», - дейді Шайх.

Асқар Машаев функциялық мақсаты бойынша жақын, жекелей алғанда басқа салалардың мүдделеріне лобби жасау туралы айту қиын деп есептейді: «Себебі қоғам Қазақстандағы лоббидің шынайы тәжірибесін білмейді. Бұл тақырыпта қолжетімді ақпарат өте аз және ол туралы қандай да бір түсінік қалыптастыруға мүмкіндік бермейді».

Ол минералды тыңайтқыш өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету лобби жасау туралы пікірталас жүргізуге тұрарлық ерекше нәрсе емес екеніне назар аударады.

«Егер белсенді индустрияландырудың басталуын 2010 жыл деп есептесек, бүгінгі күнге дейін басым бағыттар деп аталатын және мемлекет белсенді көмектесетін салалардың кең ауқымы қалыптасты. Дәл сол кезде, индустрияландырудың басталуымен, минералды тыңайтқыштар шығару саласы басым бағыттардың қатарына енді, - дейді Машаев өз ойын түсіндіріп. - Қазіргі уақытқа дейін саны артқан басым салаларға мемлекеттік қолдау көрсету жалғасып жатыр».

Асқар Машаев Қазақстанда дирижизм идеяларына негізделген өнеркәсіптік саясаттың өзгеріссіз қалып отырғанын ұмытпауды ұсынады. Басқаша айтқанда, мемлекет нақты компанияларды емес, белгілі бір салаларды ынталандыру үшін саналы түрде күш салып отыр.

«Түйіндеп айтқанда: бізде өңдеуші сектордың барлығын қолдауға бағытталған экономикалық саясат жүріп жатыр. Мемлекеттік қолдау жүйесінің кең ауқымын және өңдеуші сектордың айтарлықтай қарапайым көлемін ескере отырып, мемлекеттен ешқашан жеңілдіктер, субсидиялар, преференциялар, басқаша айтқанда, қандай да бір көмек алмаған компанияны, әсіресе ірі немесе орта компанияны табу қиын», - деп атап өтеді Машаев.

Ол белсенді мемлекеттік қолдаудың түрлі тиімсіздіктерді туғызатынын, нарықтық бұрмалауларды жасайтынын, қолдау әрдайым кәсіпкерліктің ең тиімді субъектілеріне көрсетіле бермейтінін, шамадан тыс мемлекеттік қолдау компанияларды басқа фирмалардың және тұтас сектордың дамуына кедергі келтіретін «зомбиге» айналдыратынын жоққа шығармайды. «Бірақ бұл басқа тақырып», - дейді сұхбаттасушы.

Органиканы қалай есептеу керек?

Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері минералды тыңайтқыш өндірушілердің мүдделеріне лобби жасау туралы болжамды өсек-аяң және бос әңгіме деп атады. Институт қызметкерлері тек минералды тыңайтқыштарды субсидиялауды қажетті нормативтердің жоқтығымен түсіндіреді.

Минералды тыңайтқыштар өнеркәсіптік жолмен өндіріледі. Барлық химиялық қосылыстар мен пропорциялар белгілі. Ғалымдардың ұсыныстарына негізделген енгізу керек нормалар бар. Сондықтан бәрін есептеу және қанша ақша бөлу керектігін түсіну оңай. Ғалымдар органикалық тыңайтқыштарға келгенде мәселе күрделірек дейді. Негізгі элементтердің құрамы мен пропорциялары әртүрлі, негізге алуға болатын тұрақты шама жоқ.

«Органикалық тыңайтқыш дегеніміз не? Жапырақтар, қағаз, компосттар, топырақпен араласқан жапырақтар немесе тұрмыстық қалдықтар, тұнба шөгінділері, жасыл сидераттар. Елестетіп көріңізші: осы органикалық тыңайтқыштар үйіндісіне келдіңіз, ол неден жасалған? Сидераттардан ба, әлде құс саңғырығы ма? Онда қанша азот, көміртек, фосфор бар? Мәселе сонда, біз оның құрамын білмейміз. Қалай субсидиялауға болады?» - деді Раушан Рамазанова.

Қазақстан органикалық өнім өндірушілер одағының директоры, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңындағы Organic жобалық кеңсесінің қатысушысы Арсен Керімбеков те осыған ұқсас пікірді ұстанады. Ол қазір жобалық кеңсе аясында оларды өлшеу өте қиын болғандықтан, органикалық тыңайтқыштарды субсидиялау туралы мәселелер көтерілмейтінін айтады.

«Басқа тыңайтқыштар қаптарда шығарылады, қолдану нормалары бар. Ал сол көң - бір айдан кейін бұл мүлдем басқа масса. Стандартталған теңгерімді өлшем болуы керек. Мен Ауыл шаруашылығы министрлігін түсінемін: оларға мұның бәрін әкімшілендіру қиын. Айталық, олар 1000 тоннаны субсидиялайды, ал шын мәнінде 700 тонна болып шығады. Кейін қаржы полициясы оларды жазалайды. Нақты нұсқаулық болуы керек, ал ондай нұсқаулық жоқ», - дейді Керімбеков.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Мира Есімова қоғамдық кездесулердің бірінде органикалық тыңайтқыштарды субсидиялау мәселесін де түсіндірді. Оның айтуынша, органикалық тыңайтқыштарды әкімшілендіру, реттеу және пайдалану нормалары болмағандықтан, оларға субсидия берілмейді. Осы олқылықты жою үшін 2022 жылы органикалық тыңайтқыштарды субсидиялау әдістемесін анықтау бойынша зерттеулер жүргізудің жалпыұлттық пилоттық жобасы іске қосылды.

Бұл жобаға қатысушы, Ұлттық кооперативтер және басқа экономикалық қауымдастықтар ассоциациясының президенті Қазыбек Шайхтың пилоттық жобаның нәтижелеріне көңілі толды. Ол жоба барысында көптеген талдау жүргізіліп, органикалық тыңайтқыштарды пайдаланудан тиімділіктің артуы зерттелгенін айтты. Барлық нәтижелер Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберілді. Мақала жазылған кезде жауап болған жоқ.

Қазыбек Шайх барлық органикалық тыңайтқыштар сапа сертификатын алу үшін зертханалық зерттеулерден өтеді дейді.

 «Құрамындағы пропорциялар дәл шығады. Олардың [топырақтану институтының қызметкерлері] мұны білмеуі оғаш екен, - деп таңданды Шайх, - олар әрдайым өз жолдарымен жүруге тырысады. Оларға әдістеме жасау үшін уақыт керек. Дамыған елдерде бәрі әлдеқашан енгізілген: әдістемесі де, процедуралары да, стандарттары да бар. Вермикомпост бойынша (немесе биогумус - жауын құрттары мен топырақ бактерияларының органикалық қалдықтарды қайта өңдеу өнімі - ред. ескертпесі) кеңес заманынан бері МЕМСТтер бар – ал да, қолдана бер».

Фермер, органикалық тыңайтқыштар өндіруші Андрей Стрелец Қазақстанда биогумус бойынша стандарт екі жылдан бері бар екенін айтады. «Менің пікірім [топырақтану және агрохимия] институт қызметкерлерінің пікірінен өзгеше. Дәл сол стандартта өнім бірлігінде болуы тиіс қоректік заттар бойынша қажетті параметрлер үтір нүктесіне дейін дәл көрсетілген».

Мемлекет тығырыққа тірелді ме?

Андрей Стрелец Қазақстанда тиісті заңға тәуелді актілер болмағандықтан, органиканы субсидиялау мүмкін емес деп санайды: «Заң шығару аз, оларға бүкіл базаны дайындау керек. Субсидиялау дегеніміз не? Субсидиялау – бұл ақша. Ақшаға, ел бюджетіне қатысты барлық нәрсе үшін өте көп құжат бар; кейбіреулерін бөлек әзірлеу керек, кейбіреулеріне өзгерістер енгізу керек. Бұл шынымен де ауқымды жұмыс, оны іс жүзінде ешкім жүргізбейді».

Қазыбек Шайх Қазақстанда неге органикалық тыңайтқыштарға субсидия берілмейтіні туралы сұраққа жауабы жоқ екенін айтты.

2014 жылдан бері органикалық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысып келе жатқан, ал 2016 жылдан бері органика бойынша әртүрлі дөңгелек үстелдерге қатысып жүрген Денис Тен Қазақстанда неліктен органика осылай "тежеліп" жатқанына нақты жауап таба алмады.

«Мен барлық дөңгелек үстелде үнемі осы сұрақты қойып, «Бізде стандарттар жоқ» деген жауап естимін. Дегенмен біз стандарттарды миллион рет жібердік. Содан кейін біздің ұсыныстарымызды министрліктер арасында доп секілді лақтыра бастайды: бірде Ауыл шаруашылығы министрлігіне, бірде Экология министрлігіне жібереді. Мұнымен ешкім айналысқысы келмейді - міне, бар мәселе осында», - деп атап өтті Денис Тен.

Мұның жарқын мысалы - 2005 жылғы «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заң. Ол «органикалық тыңайтқыштардан басқа» тыңайтқыштарды субсидиялауды қарастырады.

«Бұл тақырып бірнеше рет талқыланды, - дейді Денис Тен. - Бәрі бұның [органиканы алып тастаудың] бір түсініспеушілік екенін түсінеді, өйткені Қазақстандағы топырақ құнарлылығының негізгі мәселесі - органикалық заттардың төмен болуы. Жағдайды үкімет түзетуге шешім қабылдап, 2020 жылы ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады. Тұжырымдамада 2025 жылдың желтоқсанынан 2027 жылдың желтоқсанына дейін мәселені талқылау және өзгерістер енгізу - "органикалықтан басқа" деген түсініспеушілікті алып тастау жоспарланған».

Арсен Керімбеков Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзгерістерге бейім еместігімен келіседі: «Олар әрдайым "Біз елді тамақтандыруымыз керек" дейді, бірақ елді бос нәрсемен тамақтандырудың не қажеті бар?»

Керімбеков дамыған әлемге қарап, «жақсы емес өнімдерді» тұтыну кезеңінен өтпей-ақ, қазірден бастап органикалық ауыл шаруашылығына салым жасау керек деп санайды.

 «Батысеуропалық әріптестеріміз: "Біз сіздерге өмір сүруді үйретпейміз, тек мынаны түсініңіздер: сіздерден 25 жыл бұрын ауырып, әбігерге түсе бастадық, сондықтан барлық органикалық өнімді алға жылжытамыз" дейді. Ал біздің [мемлекеттік қызметкерлер] мұны тыңдамайды», - дейді Керімбеков.

Ауыл шаруашылығы министрлігі редакцияның органикалық тыңайтқыштарды өндіру мен пайдалануға неліктен субсидия берілмейтіні туралы сұрағына жауап бермеді. Бірақ қазіргі уақытта құс саңғырығын қайта өңдеуге және сұйық пен қатты тыңайтқыштарды енгізуге арналған техниканы сатып алу кезінде субсидиялар қарастырылғанын хабарлады. Органиканы қолдау жоспарлары 2028 жылға белгіленген, сол кезде өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын сатып алу кезінде мемлекеттік қолдау тетіктері енгізілмек.

Мемлекеттің органикалық емес, минералды тыңайтқыштарды қолдауға назар аударғанын бірнеше өзара байланысты факторлармен түсіндіруге болады. Бұған Қазақстан жүргізіп отырған экономикалық саясаттың өзі ықпал етеді. Экономика шолушысы Асқар Машаев мемлекеттік көмек аясына барлық өңдеуші сала, соның ішінде минералды тыңайтқыштар өндірісі де кіретінін атап өтті.

Органикалық тыңайтқыш өндірушілерге қалыптасқан жүйені өзгерту және субсидияларға қол жеткізу қиын. Кооперативтер және басқа экономикалық қауымдастықтар ассоциациясының президенті Қазыбек Шайх мұның себебін органикамен қарапайым адамдар айналысатындығынан, сондықтан «олардың дауысы онша қатты естілмейтінінен» көреді.

Расымен, минералды тыңайтқыш өндірушілерінің «дауысы қаттырақ шығады» деуге болады. Минералды тыңайтқыш өндірісін Forbes тізіміндегі адамдар немесе Қазақстанның саяси элитасымен байланысты тұлғалар бақылап келді және әлі де бақылауда ұстап отыр.

Редакия сұхбат алған кейбір сарапшылар минералды тыңайтқыш өндіру саласындағы мемлекеттік субсидиялардың болуы лоббизмнің нәтижесі деп санауға бейім. Басқалары бұл ұсыныстарды жорамал деп атап, органикаға субсидиялардың болмауын мұндай тыңайтқыш түрін өлшеу әдістемелерінің жоқтығымен және соның салдарынан осы саладағы мемлекеттік шығындарды әкімшілендірудің күрделілігімен түсіндіреді.

Материал Соғыс және бейбітшілік жөніндегі репортаждар институтымен бірлесіп жарияланды.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz