Қазақстанда 1731 мектеп Starlink спутнигіне қосылды ма?

Тамыздың басында болған үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі мектептердің жай-күйі, жаңа оқу жылына дайындығы жайында есеп берді. Баяндама барысында “Қазақстандағы 1 879 мектептің 1 731-де Starlink спутниктері орнатылған” деген дерек айтты. Осы орайда Factcheck.kz сайты аталған ақпаратты тексеруді жөн көрді.

Тайм-код: 5:22

Мәлімдеме: Қазақстандағы 1 879 мектептің 1 731-де Starlink спутниктері орнатылған.

Ғани Бейсембаев, Оқу-ағарту министрі

Үкім: Дәлелденбеген

Digital Bridge 2023 форумында SpaceX-тің Starlink бизнес операциялар жөніндегі вице-президенті Лорен Дрейер сөз сөйлеп, Қазақстандағы шалғай өңірдегі мектептерде Starlink пилоттық режимде қосылғанын айтты. Сол күні Дрейер Тоқаевпен кездесіп, 2 мыңға жуық ауыл мектебін жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін Starlink интернетін қосу туралы ынтымақтастық ұсынды. Ал Starlink-тің ресми сайтындағы интернет қолжетімлік картасында Қазақстан 2025 жылдан бастап іске қосылады деп көрсетілген. Дегенмен бұл әзірге пилоттық жоба болғандықтан әрі Starlink сайтындағы ақпараттың жоқтығына байланысты біз үкімді “дәлелденбеген” деп қойдық.

Инфо: Осыған байланысты SpaceX және Starlink-ке ресми хат жолдадық, жауапқа сай материал толықтырылады.

Starlink идеясы қашан пайда болды?

2021 жылы сәуірде экс-министр Бағдат Мусин SpaceX-пен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұған себеп – шалғайдағы ауылдардың интернетке қолжетімсіздігі мен мектептердегі интернеттің әлсіздігі еді. 2021 жылдың күзінде “Старлинк Қазақстан” ЖСШ ресми тіркеліп, басшысы ретінде Лорен Дрейер аты көрсетілді. Араға 2 жыл салып SpaceX-тің Starlink бизнес операциялар жөніндегі вице-президенті Лорен Дрейердің өзі Digital Bridge 2023 форумына арнайы келіп, Starlink интернетінің шалғайдағы мектептерге пилоттық режимде қосатынын айтты.

Заң не дейді?

2024 жылдың қаңтарында мәжіліс байланыс және цифрландыру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жіберді. Сенатқа барған заң жобасы мамырдың басында мақұлданып, 21 мамырда Тоқаев қол қойды. Заңда негізгі мәселелер мыналар:

  • Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан байланыс желiлерiн оның аумағында құруға және пайдалануға, сондай-ақ осындай байланыс желісінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін телекоммуникация құралдарын әкелуге тыйым салынады;
  • Геостационарлық емес спутниктерді қолдана отырып байланыс желілерін пайдалану жөніндегі пилоттық жоба 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады;
  • Геостационарлық емес спутниктерді қолдана отырып байланыс желілерін пайдалану тәртібін байланыс саласындағы уәкілетті орган ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша айқындайды.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz